Қоғам

Күн суықта егілген көшет көгере ме?

Түркістан облыс орталығы мәртебесін алғалы қаланы көркейту мақсатында қыруар жұмыстар атқарылып жатыр. Әсіресе басшылыққа Ө.Шөкеев келгелі қаланы көркейтудің екінші тынысы ашылып, жұмыстар ерекше қарқын алғаны байқалуда. Әрине, түбі бір түркі халықтары үшін қасиетті қаланы қалай көркейтсек те жарасады. Десек те әрбір істе өз ісінің майталман мамандарының пікірімен санасудың да артықшылығы болмас.

Облыс басшысының тапсырмасына сәйкес, Түркістан қаласын көркейту жұмыстары 32 секторға бөлу арқылы жүзеге асырылып жатыр. Әр секторға жауапты аудан-қалалар мен басқармалар бекітіліген. Жалпы, осындай жұмыс әдісі соңғы жылдары көп пайдасын беріп отыр. Соның ішінде Түркістанды көркейтуге де көмегін тигізіп отырғаны анық. Алайда, бүгінде сол жауапты аудан-қалалар мен басқармалар әр түрлі жағдайда жұмыс істеуде.

Айтқымыз келгені – оңтүстікте қалың қар жаумаса да кенеттен қара суық басталған уақытта Түркістанда көшет егу жұмысы да қарқын алды. Күн суықта егілген көшеттер қаншалықты тамыр алып, көгереді? Әрине, әкімдік қызметкерлері бұл суықтың отырғызылған көшеттерге зиянын тигізе алмайтынын, олардың 80-90 пайызы көгеретініне сенімді. Олар «Гидрогель», «Биогумус» секілді арнайы дайындалған тыңайтқыштардың күшімен қыста егілген көшеттерді өсіруге болатынын айтады. Ара-арасындағы көгермей қалған көшеттердің орнын көктемде алмастырамыз деген сенімде. Ал, бұл жайтқа байланысты осы саланың «жілігін шағып, майын ішкен» мамандар не дейді?

«Мен қазір Түркістанда жүрмін, — дейді отырарлық бағбан Бекбатыр Әйменов. — Көшелерде ағаш отырғызып жүрген адам көп. Қаланы көк майсаға бөлеген дұрыс. Оны мен де қолдаймын. Дұрыс, көшет негізі тамыры ұйықтағанда, яғни күзде немесе көктемде отырғызылады. Бірақ қазір оңтүстікте аязды күндер өтіп жатқан жоқ па? Оның үстіне бұл көшеттер басқа жақтардан тасымалданып жатыр. Қазып алынған көшет тамырындағы топырақ сулы болғандықтан, оған мұз қатып қалуы мүмкін. Тасымал барысында көшет тамыры дұрыс қорғалмаса ол ұйықтап жатса да үсіп қалады. Сол себепті, көшет отырғызуды күн суықта тоқтата тұрғандары дұрыс болар еді. Алдағы уақытта күн жылынып жатса жалғастыруға болады немесе ендігісін көктемде отырғызу қажет. Сонда шығынға жол бермей, еккен көшеттердің толықтай өнуіне мүмкіндік жасаған болар едік».

Талай жылдан бері егін егіп, ауылшаруашылық саласын жіті меңгерген Бекбатыр ағамыздың айтқанын ой елегінен өткізгеннің артықшылығы болмас. Бәлкім, маман ұсынысының бір пайдасы тиер? Атам қазақ мұндайда «келісіп пішкен тон келте болмас» демеп пе еді? Барлығымыздың көздегеніміз – Түркістанның түлеуі, көркеюі ғой. Осы мақсаттағы ортақ іске баршамыз бірігіп атсалыссақ, ұтарымыз көп болмақ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *