Басты жаңалықтар Мәселе

Қарамұрттың әкімі аудан басшысын алдады ма?

   Әлде аудан басшысы облыс әкімін бе?

Өткен аптада Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі «бәрекелді» дейтін жағымды жаңалық таратқан болатын. Онда «ҚР Президентінің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүйелі түрде жолға қойған ауыл әкімі Мамыржан Нажиевтің бас бармақпен бағалауға тұрарлық бастамасы жайлы баяндалады.

Ауыл әкімінің айтуынша, тұрғындармен байланысудың жаңа әдісі – «Адалдық алаңы» ретінде жемқорлықтың орын алуына жол бермейді екен. Әрі қол астындағы қызметкерлердің халықпен етене жақын араласып, ізетті түрде қызмет көрсетуіне, тәжірибе алмасуға тиімді екеніне талас тудырмайды.

Түсінікті болу үшін тақырыпты тарқатып айтар болсақ, Сайрам ауданы Қарамұрт ауылдық округінің әкімі өзге әріптестеріне үлгі болу үшін жұмыс бөлмесін ақсақалдар кеңесіне босатып беріп, өзі әкімдік ғимаратының бірінші қабатында орналасқан, яғни азаматтарды жеке өтініштерімен қабылдайтын мамандармен бірге жайғасыпты. Жемқорлықтың алдын алу үшін бұдан тиімді тәсіл болмаса керек. Өйткені, әкім көпшіліктің ортасында отырып, алдына келген адамнан ашық ештеңе сұрай алмайды. Әкімге шаруамен келген адамның да әкімге заңсыз дүние ұсынудың мүмкіндігі жоқ. Мұндай керемет бастаманы басқа ауылдар мен аудан басшылары да тәжірибеге енгізсе оңды болар деп ойлағанбыз. Жақсы бастаманы өз көзімізбен көріп, өзгелерге насихаттау мақсатында апта басында Қарамұрт ауылына
арнайы бет алған болатынбыз.

Алып ұшып ауылға барғанымызда естіген құлақ пен көрген көздің қайсысына сенерімізді білмедік. Сізге жалған, бізге шын, қалың көпшілікке жарияланған жағымды жаңалық жай ғана жалған жарнама болып шықты. Ауыл әкімін әлгі жаңалықта айтылған азаматтарды жеке өтініштерімен қабылдайтын мамандар отыратын бөлмеден іздедік. Таппадық. Ондағы мамандар әкімнің өзінің жеке бөлмесінде отырғанын айтып, есігін нұсқады. Алғашында бұған түсінбей қалдық. Өйткені, әкім мамандармен бір бөлмеде отыруы керек еді ғой. Сөйтіп, нұсқаған есікті ашсақ, біз іздеген әкім осында отыр екен. Өзін ауылдық округ әкімімін деп таныстырған Мамыржан Нажиев бұл әрекетін біз сенетіндей етіп түсіндіріп бере алмады. «Осы бөлмеде «ZOOM» жүйесімен онлайн байланысқа шығып, жиындарға қатысамын» деген әкімнің дәл осы кезде ешқандай да онлайн жиналысқа қатысып отырмағанын білдік. Дәлірегі, өзіне ыңғайлы, жұмсақ креслоны әлі қимай жүргені байқалып қалды. Әрине, көп жылдар жеке бөлмеде, жұмсақ креслода отырып үйренген жанға көпшілік ортасында, қарапайым орындықта жұмыс істеу нәпсіге ауыр екені белгілі ғой. Олай болса, өзгелерді алдап, өзін қинаудың не қажеті бар еді? Әлде «ақпарат айтылды, ел ұмытады, кім келіп тексерер дейсіз? » деген ой өзін де сендіріп қойды ма екен? Сонда кім кімді алдады? Қарамұрттың әкімі Мамыржан Нажиев аудан әкімі Ұласбек Сәдібековты алдады ма, әлде Ұласбек Сәдібекұлы облыс басшыларының алдында жақсы көрінгісі келді ме? Ұзақ жылдар түрлі салада елге қызмет етіп, ұнасымды Ұласбек атанған аудан басшысы мұндай бассыздыққа барды дегенге сенгіміз келіп отырған жоқ. Қалай болғанда да Президенттің тұжырымдамасын жүзеге асырдық деп асыра сілтеудегі қулық пен шындық көп ұзамай су бетіне шығады деген ойдамыз. Кімнің әрекеті болса да ауданның абыройына үлкен нұқсан келтіргені анық.

Осы мәселе бойынша біз дүйсенбі күні түстен кейін аудан әкімдігіне бардық. Бірақ, ол жерден аудан әкімінен бастап бірде бір орынбасарларын таба алмадық. Әрине, мың сан шаруа барын түсінеміз, бірақ, дүйсенбі күні сағат 16:00-ден 18:00-ге дейін аудан әкімінің тұрғындарды жеке қабылдау уақыты бола тұра орнында болмағанын түсінбедік. Біраздан кейін әкімдіктегі жалпы бөлімнің бас инспекторы Жасұлан Сауытбек бізді аудан әкімі аппаратының ақпараттандыру және мемлекеттік қызмет көрсету мониторингі бөлімінің басшысы Илияс Мариновке сілтеді. Ол кісі Қарамұрт ауылдық округі әкімінің әрекетінің дұрыс еместігін былайша түсіндірді: «Халыққа көмек, кеңес, жәрдем беріп, арыз-шағымдарын қарап отыратын арнайы қызмет түрін ашу жоспарымызда бар. Бұл жөнінде тапсырма бар. Осы мақсатта қазір қажетті жиһаздарды дайындап жатырмыз. Интернет қосулы. Ал ауыл әкімі Мамыржан Нажиев жайында айтсам, бұл бастаманы ешкімнің айтуынсыз оның өзі көтерді. Халыққа көмек болады деп мамандарын бірінші қабатқа түсіргені рас. Оны күн сайын біздің бақылап отыруымыз мүмкін емес. Өзі бастаған істің орындалуын өзі қадағалауы керек. Бастаманы біз басқа ауылдарға үлге ретінде көрсетіп, әрбірі мүмкіндіктеріне қарай осындай әрекетке көшу керек екенін ескерткенбіз. Кейбір әкімдіктерде ғимарат тар болғандықтан, бұл бастаманы іске асыруға мүмкіндіктері жоқ. Мүмкіндігі барлар орындаулары тиіс. Бұл мәселені біз қатаң бақылауға аламыз. Бастама көтерілді ме, оны аяғына дейін жеткіземіз».

Әрине, біз Қарамұрт ауылы әкімінің әрекетін сынайын деп емес, жақсы жаңалықты өз көзімізбен көріп, көпшілікке кеңінен насихаттамақ ойымыз болған. Бірақ, керісінше сипат алды. Мұндай олқылықтар мен көзбояшылықтар өзге аудандарда да қайталанбасына кім кепіл? Әсілінде, жергілікті атқарушы билік жоғарыға жолданар жағымды ақпарат үшін емес, төмендегілерге сапалы қызмет көрсету мақсатында жұмыс істеуге үйренетін кез келді. Соны ұмытпайық.  

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *