Басты жаңалықтар Құқық Мәселе

Көк мұзда мүгедекті көшірмеге жұмсап…

Сайрамдық сараптама бөлімінің бұл қылығын қалай түсінуге болады?

Қарашаның соңғы күні Сайрам ауданында іссапармен болғанымызды газетіміздің өткен нөмерінде жазғанбыз. Сол жолы көпшілік «ВТЭК» атап кеткен Сайрам ауданының орталығы — Ақсукенттегі Медициналық-әлеуметтік сараптама бөліміне де жолымыз түсті.

Аты айтып тұрғандай, бұл мекемеге негізінен мүмкіндігі шектеулі азаматтар табалдырық аттайтыны белгілі. Олардың бар шаруасы — мүгедектік алу, оның мерзімін ұзарту, емделу орындарына жолдама алу, тағы басқа. Демек, бұл мекемеге бас сұққандардың арасында өздігінен жүре алмайтындар, мүгедектік арбасына таңылғандар аз болмайтынын түсіну қиын емес. Бірақ, бұл жайт мекеме қызметкерлерінің жүректерін селт еткізбейтін секілді.

Біздің бұлай деуімізге 30-қараша күні аталмыш мекеменің есік алдында балдаққа сүйеніп тұрған бір азаматтың жағдайы себеп болды. Ол кісіден неге сыртта тұрғанын, аяқсыз балдаққа сүйеніп тұру қиын емес пе екенін сұрауға мәжбүр болдық. «Мен темір жолдың арғы бетіндегі ауылдан келіп тұрған Айтпай Құлбаев деген ағаң боламын, — деді балдаққа сүйенген жан. — Қант диабетінің кесірінен сол аяғым тізеден жоғары кесілді. Протез жасап бергеніне екі ай болды. Әліге дейін оған үйрене алмай жүрмін. Енді екінші аяғым да ауырады, мұздап, жансыздана береді. Сол себепті дәрігерлер сауықтыру орнына жолдама берді. Соған келіп едім мұндағы қыздар бір құжаттардың көшірмесін алып кел деп жұмсап отыр. Ал жақын маңда көшірме жасайтын орын жоқ. Өзіңіз көріп тұрғандай жер көк тайғақ, бір аяғы жоқ мен былай тұрсын, екі аяғын тең басқандар да теңселіп, тайғанап әрең жүр. Қаншасы құлап та жатыр. Амал жоқ жалдап келген таксидің жүргізушісіне өтініш жасадым. Қазір келемін деген, соны күтіп тұрмын. Бұл мекемеге мен секілді қаншама жүре алмайтындар келеді, соларды жұмсай бергенше көшірме жасайтын бір аппарат алып қойса болмай ма екен? Тегін болмай-ақ қойсын, ақылы болса да ақшасын берер едік қой».

Расында жауған қар әлі ери қоймаған. Жолда адам былай тұрсын, көліктің өзі әзер қозғалып жүрген кезде бір аяғы жоқ адамды көшірме жасауға жұмсағаны қай сасқаны? Мекеме ғимаратының ішінде, тіпті болмағанда жақын маңда аппарат болса бір сәрі. Мекеме басшылығының осыны ойламайтыны несі? Жанашырлық қайда? Адам баласы жүрексіз робот емес қой. Әлгі адам көшеде тайып құлап, мертіксе не болмақ?

Осы тұста тағы бір ой сананы сығалады. Мемлекет басшысы цифрлы мемлекет құрамыз, сандық технологияға өтеміз деп жанталасып, қыруар жұмыстар атқарып жатқанда Сайрамдағы бұл мекеме неліктен әлі де қағазбастылықтан арыла алмай жүр. Қазір бір адамның жеке басын анықтау үшін жеке куәліктің өзі жеткілікті емес пе? ЖСН-ді терсеңіз, ол адам жайлы барлық мағлұмат ортақ базада тізіліп тұр емес пе? Тіпті, денсаулығына қатысты мәліметтер де болуы тиіс. Осы мүмкіндікті неге тиімді пайдаланбасқа? Бұл жаңалықтың медицина саласына енгеніне де екі жылдың жүзі болды емес пе? Сырқаттар бұрынғыдай ауру тарихы жазылған кітапшаны көтеріп жүруге міндетті емес. Халыққа тиімді бұл бастамалар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тарапынан айрықша назарға алынып, қазақстандықтарды қағазбастылық пен артық құжат жинаудан құтқару үшін заманауи технологияларды енгізіп отырғанда Сайрам ауданының Медициналық-әлеуметтік сараптама бөліміндегілердің аяғы жоқ адамды көк мұзда құжаттың көшірмесін алып кел деп жас балаша жұмсауы ақылға қонымсыз секілді.

Осы мәселеге байланысты біз сол мекеме қызметкерлерін әңгіме тартқанбыз. Бастықтарының жоқ екенін, оның қалта телефон нөмерін бере алмайтынын айтқан қызметкерлерінің бірі: «Бізде ксерокөшірме жасайтын аппарат жоқ. Оны қоюға міндетті емеспіз. Бұл кісі жүре алмаса қасындағылар барып келсін, колледжге барса, көшірмесін түсіріп береді», – дегенді айтып, ақталған сыңай танытты. Ал, балдаққа сүйенген А.Құлбаевтың қасында ертіп жүрген ешкімнің жоқ екенін айтқанымызбен, оны құлақтарына да ілген жоқ. Әлде Сайрамдағы Медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімінде отырғандар аяғы жоқ мүгедек адамды көктайғақта көшеге жұмсағаннан өздеріне ләззат ала ма екен?

Мейлі, оларда ксерокөшірме жасайтын аппарат алуға қаржы қаралмаса қаралмайтын шығар, бірақ жеке кәсіпкерлерге кішкентай ғана бір бұрышты пайдалануға берсе, кез келген адам ақылы түрде қызмет көрсетуге қуана келісер еді. Қажет болса, сол мекеме басшысы демеушілер тауып, аппарат алдырса да болады. Қазір, құдайға шүкір, ел арасында жомарт азаматтар жетерлік. Бұл жерде мәселе басшының іскерлігіне тәуелді болып тұрғанға ұқсайды. Әй, бірақ,
«басқа түспей баспақшыл» болу қиын ғой.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *