Басты жаңалықтар Қоғам

Тышқан жылы несімен есте қалды?

Тарих сахнасынан тағы бір жыл жылжып барады. «Айдан аман, жылдан есен шығайық» дейтін қазақ қашан да өтіп бара жатқан жылға тәуба айтып, келер күннен сауға сұраған. Ал, тышқан тек еліміз үшін ғана емес, бүкіл әлемді теңселтіп кеткен жыл болды.

Өткен жылдың қыркүйегінде Қытайдан тараған коронавирус ауруы дүниежүзін меңдеп, Еуропа елдерін шарлап, наурызда Орта Азия, оның ішінде біздің елге де жылжып жетті. Әлемдік пандемия адамдарды оқшауланып өмір сүруге үйретті. Көпшіліктің көшеге шығуына алғаш рет тыйым салынып, айналада өлі тыныштық орнады. Тек азық-түлік дүкендері мен дәріханалардың ғана жұмыс істеуіне рұқсат берілді. Бұл дағдарыс өз кезегінде экономиканың шатқаяқтауы мен кәсіпкерлердің тірлігінің тұралауына алып келді. Әлемге тараған вирустың қауіптілігі соншалықты, тіпті, соғыс кезінде де жабылмаған мектептер мен мешіттер қаңырап бос қалды. Тарихта ешқашан есігі жабылмаған қасиетті Мекке де қаншама уақыт тұнжырап тұрды. Пандемияның екінші толқыны елді тіпті есеңгіретіп жіберді. Қаншама әзиз тұлғаларымыз дүниеден  мезгілсіз озып, адамдар аурудың азабын тартып, ет-жақындарынан мәңгілікке  айырылды. Бұл кезең еліміздің еңбек және халықты қорғау, денсаулық сақтау саласына үлкен сын болды. Дәріханаларда дәрі жетіспей, оттегі концентратының жоқтығынан науқастар арасында тыныс ала алмай, көз жұмғандар қатары көбейді. Бұл сынақ еліміз үшін әлі де етек-жеңімізді жинап, санамызды сілкілеп, салаларды жетілдіру керек екенін ұғындырған кезең болды.

Қасаңдықтың тоты басып бара жатқан санамызда «Жұт жеті ағайынды» деген сөзді де осы жыл қайта жаңғыртып кеткендей. Көрші өзбек еліндегі Сардоба су қоймасы арнасынан асып, салдары Түркістан облысындағы Мақтаарал ауданын апатты жағдайға ұшыратты. Ақ алтынды өлкедегі ауылдарды су басып, тұрғын үйлер жарамсыз күйге түсті. Адам шығыны болмағанымен, тұрғындар әбіржулі күйге түсіп, баспанасыз қалды. Бірақ, «көп түкірсе көл» демекші, Мақтааралдың басына түскен күйді көпшілік бірге көтерісіп алды. Азық-түлік, гигиеналық заттар, дәрі-дәрмек сияқты жүк көлігіне тиелген заттар қайырымды жандардың атынан апатты өлкеге қарай судай ағылды. Үкімет те шұғыл шешім қабылдап, нәтижесінде су шайған ауылдарға жаз бойы жаңа тұрғын үйлер бой көтеріп, қыркүйекте пайдалануға берілді. Ал, жауын-шашын салдарынан сел шайған Төлеби ауданының Майбұлақ ауылы мен  Леңгір қаласындағы үйлер жергілікті әкімдік тарапынан қалпына келтірілді.

Қиындықтарға қарамастан, даму жолына бет бұрған елімізде елең еткізер айтулы оқиғалар да аз болған жоқ. Соның бірі, рухани орталығымыз Түркістан  қаласының түлеп, түрлене түсуі де биылғы жылдың күнтізбесіне дөп келді. Түркі әлемінің ордасына лайық Түркістанда халықаралық әуежайдың ашылу салтанатына Елбасы Н.Назарбаев қатысып, өзге ғимараттардың тұсауын кесті. Сондай-ақ «Түркістан-Арена» стадионы, «Конгресс Холл» көпфункционалды концерт залы, көне шаһарға көрік беретін өзге де көптеген нысандардың ашылуы да биылғы жылдың еншісінде.

Мемлекет басшысы жариялаған «Еріктілер жылы» да еліміз үшін айтулы оқиғаларды еңсеруге септігін тигізді. Ел басына қиын күн туғанда еріктілер көпке пайдасын тигізіп, көмегін аянып қалмады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Еріктілер жылы» қазақстандықтар адамдарға шын ниетімен көмектесіп, оны науқанға айналдырмау қажеттігін айтқан болатын. Нәтижесінде «BIRGEMIZ» республикалық волонтерлер фронт-офисы ресми түрде іске қосылып, еріктілерге кеңес беру, әдістемелік, оқыту, ақпарат беру қызметін атқаруда. Жетімін жылатпаған, қамкөңілге қашан да қолұшын созған қазақ үшін  еріктілер ұғымы жат емес. «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген Абай сөзінің аясын кеңейткен жылдың нәтижелі жемісі алдағы уақытқа да серпін береді деп сенеміз.

Ұлы тұлғаларымыз Әбу Насыр әл Фараби мен Абай Құнанбайұлының мерейтойлары да ел күткендей даңғазадан аулақ, тәлім-тәрбиеге толы болып өтуіне аса мән берілді. Ғылыми жаңалықтар, тұлғатануға деген талпыныстар  жасалып, ғалым мен ақын жайында фильмдер түсірілді. Ғылыми конференциялар ұйымдастырылып, мүшәйралар өткізілді. Тіпті, әлемнің көптеген елдерінде әсіресе, абайтануға деген батыл бетбұрыстар жасалды. Осыған орай әлем және еліміз көлемінде 500-ге жуық іс-шара қолға алынды. Абай кітабы тұңғыш рет ағылшын тілінде жарық көрді. Даңғаза думан емес, ақыл-парасат деңгейінде өткен атаулы жылда ілкімді істер істеліп, ілгері қадам жасалды.

Биылғы жылдың тағы бір айтулы оқиғасы саясат сахнасында орын алды. Ол еліміздің саяси тәжірибесіне алғаш енгізілген праймериз науқаны. «Біткен іске сыншы көп» дегендей, оны сынаушылар да, қолдаушылар да табылды. Праймериз саяси додаға ат қосқан үміткерлер үшін жаңа тәжірибе алаңына айналса, сайлаушылар үшін келер күнге үміт сенімінің сәулесін сығалатты.

Есігін жапқан ескі жылда өзге де орын алған оқиғалар аз емес. Біз оның тек маңызды дегендеріне ғана тоқталдық. Лайым еліміз аман, жұртымыз тыныш  болып, жаңа жыл тек жақсылығымен келгей. Індеттің қиын кезеңінен  өткенімізбен, алдымызда оның салдарын жою жұмыстары тұр.

Жаратқаннан жаңа жылда жарылқау тілейік!  

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *