Басты жаңалықтар Мәселе

Саясат. Сайлау. Серпіліс.

2021 жылдың еншісінде қалатын тарихи маңызы бар саяси оқиға биыл қаңтардың 10-ына өтті. Президент Қ. Тоқаев қол қойып, белгілеп берген Жарлыққа сәйкес Парламент Мәжілісі депутаттарын және мәслихаттарын сайлауға халық өз таңдауын жасады.

        Елімізде бұған дейін сайлау мен партия туралы заңдарға түзетулер  енгізілгенін ескерсек, бұл жолғы науқан ерекшеліктерге толы болуы тиіс еді. Басқасын айтпағанда, «Парламент және оның депутаттарының мәртебесі» туралы конституциялық заңға түзетулер енгізілуінің өзі парламенттік оппозиция институтын құруға мүмкіндік беруге жасалынған қадам болатын. Осыған сәйкес оппозиция өкілдері депутат болып қана қоймай, комитетті басқара алуы тиіс еді. Мұндай жаңа бастамалар партияларға саяси ұстанымын нығайту үшін қосымша мүмкіндіктер беретінін Мемлекет басшысының өзі мәлімдеген болатын. Депутаттар мен қоғам белсенділері де сайлау демократияны нығайтып, еліміздің дамуына жаңа серпін беретініне зор сенімділік танытып,  оған сайлаушыларды да сендіруге тырысып бақты. Партия туралы заңда саяси ұйымды тіркеу үшін қажетті мүшелер саны 40-тан 20 мыңға азайды. Ал «Сайлау туралы» заңда партиялық тізімге әйелдер мен жастарға 30 пайыздық квота енгізілді. Бұл ел ертеңі үшін маңызды заң жобалары талқыланып жатқанда қалғып, мүлгіп отыратын депутаттардан арылуға мүмкіндік беру үшін жасалған жаңа қадамдардың бірі болатын.

        Сонымен, саяси дода әділетті әрі тәртіпті өтті ме? Алдымен науқан жергілікті өңірлерде қалай ұйымдастырылғанына қысқаша шолу жасасақ. Шымкентте барлық азаматтардың сайлауға қатысуына мүмкіндіктер қарастырылып, қамтамасыз етілді. Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың дауыс беруі үшін арнайы көліктер қызмет көрсетті. Бұл шараға 18 инватакси мен 43 әлеуметтік такси жұмылдырылды. Жалпы, жергілікті билік 24 мыңнан астам  мүмкіндігі шектеулі азаматқа дауыс беру үшін тиісті жағдай жасалынғанын мәлімдеді. Ал, Түркістан облысында сайлау учаскесіне алғаш болып келген 95 жастағы ардагер, полиция подполковнигі Т.Аташев өз пікірін: «Мемлекетшіл азамат ретінде осы кезге дейін сайлаудан қалған емеспін. Қызметтестеріме де, балаларыма да үлгі ететін әдетім осы. Бұл өзіңді азамат ретінде қалыптастырудың ең алғашқы баспалдағы. Біз өз болашағымызға жауапкершілікпен қарауға міндеттіміз», — деп жеткізді.

Халық саны тығыз орналасқан облыс тұрғындары сайлауға белсенді қатысып, өз таңдауларын жасады. Өңірде 911 сайлау учаскесі ашылып, онда 1 миллион 160 мыңнан аса сайлаушы тіркелген. Облыс орталығы Түркістан  қаласында 50 сайлау учаскесі жұмыс істеп, жергілікті тұрғындармен қатар қала қонақтары мен қызмет бабымен келген азаматтар да дауыс берді. Учаскелерде санитарлық нормалар барынша мұқият сақталуға көңіл бөлінді. Жалпы, өңірде мәслихат сайлауы бойынша 320 депутаттық мандат (оның 45-і облыстық, 47-сі қалалық және 228-і аудандық мәслихатқа) бөлінген.

Саяси науқан әділетті өтті ме деген жоғарыдағы сауалға келер болсақ, билік тарапы сайлауда өрескел заң бұзудың болмағанын айтуда.

 «Ауыл» халықтық демоктратиялық партиясының Шардара ауданы бойынша сайлауалды штабының басшысы Қыстау Лесов:

—Аудандық сайлау комиссиясының бекіткен кестесіне сәйкес он ауылда, қалада екі жерде кездесу өткіздік. Әр кандидаттың сенімді өкілдері науқанға дейін барлық жерде сайлаушылармен кездесу өткізіп,  үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде сайлауда кандидаттар құрамы 12,95 пайызды құрап,  төрт кандидаттың екеуі жергілікті мәслихаттан орын алды. Бұл «Ауыл» партиясының тарихында болмаған үлкен көрсеткіш,  бізге сенім ұялатады. Жалпы, сайлауда бүкіл сақтық шаралары ұйымдастырылған, өте жоғары деңгейде өтті деп айта аламын. Өзім де азаматтық таңдауымды жасап, дауыс бердім. Ауыл партиясы сайлауалды бағдарламасында атап көрсеткендей алдағы уақытта халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету,  еңбек өнімділігін арттыру, үш балалы ананы көпбалалы санатқа қосып,  53 жаста зейнетке шығару бағыттарында жұмыс істейді. Сапалы ауызсу,  интернет,  жарықпен қамтамасыз ету сияқты жоспарлар да бар, —дейді.

Дегенмен, азаматтық пікірін, көзқарасын білдіргісі келген белсенділердің сайлау күні наразылық акциясына шыққандығы жайлы ақпараттар әлеуметтік желілерде көрініс берді. Мәселен, Алматыдағы Республика және Астана алаңдарына жиналғандарды полиция қоршап, кейбірін күштеп көлікке салып, алып кеткен. Полицияның арнаулы жасағы Республика алаңында түс мезгілінде қоршауға алған ондаған белсендіні алты сағаттан артық жібермей ұстап отырғандығы және айыппұл салынғандығы жайлы ақпараттар жарияланды. Тәуелсіз бақылаушылар бұл күні билік қысым-кедергіні күшейткенін айтса, халықаралық демократиялық ұйымдар тарапынан елімізде өткен сайлауды талапқа сай емес деген баға берді.

Қалай болғанда да, ең бастысы, биылғы сайлау жаңа жылдың жаңа саяси қақпасын ашып берді. Ендігі маңыздысы — елдің жаңа Парламент пен Үкіметтен не күтетіндігі. Сарапшылардың болжауынша, партиялық тізімде әйелдер мен жастарға квотаның енгізілуі көп жаңа есімнің пайда болуына әкеледі. Бұл өзгерістер әдетте жұмыстың жандануына да септігін тигізеді. Мәслихаттар әкімдіктің қосымшасы болудан қалып, мығымдана түспек. Бүгінде Парламент Мәжілісі, облыс, қала, аудан мәслихаттарына депутаттарды сайлау бойынша экзит-полдың алғашқы нәтижесі де жарияланды. Әрине, дода бар жерде жеңіс пен жеңілістің, қуаныш пен наразылықтың қатар жүретіні талассыз. Ең бастысы, халықтың сеніміне ие болдық деп есептейтін партия мүшелері ел алдында берген уәделерін ұмыт қалдырмай, есепсіз тер төгуі тиіс. Сенім артқан сайлаушылармен берік байланыс орнатып, мұң-мұқтажын ұдайы назарда ұстап, шешімін табуына қол ұшын беру – ендігі депутаттардың абыройын таразыға салатын болады. Сонымен қатар, Үкімет тізгінін қолға алатын жаңа басшыдан да мол үміт күтетіні айтпаса да түсінікті. Ендеше, іске сәт!

Сайлау қорытындысы бойынша Парламенттің 7-ші шақырылымына үш саяси партия өтті. ОСК мәліметіне сай «Nur Otan» айқын жеңіске жетіп, 76 орынды иеленді. «Ақжолдықтарға» 12 мандат бұйырса, «Қазақстан халық партиясы» 10 орынды місе тұтпақ.  Енді Заң шығарушы органның қазіргі құрамы отставкаға кетіп, жаңа құрам жасақталады. Президент Қ. Тоқаевтың Парламент Мәжілісінің жаңа құрамы туралы Үндеуі 15 қаңтарда болады деп күтілуде. 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *