Әлеумет

Мақамы бөлек Мөлдір

Талай таланттарды танытқан Шымкенттегі Ш. Қалдаяқов атындағы филармонияда көптеген әншілер көрермен сүйіспеншілігіне бөленген. Наркенже Серікбаева, Айнұр Нұрашева, тағы басқа есімдері елге таныс дәстүрлі  өнер иелері осы өнер ордасынан қанат қаққан. Бүгінде аға буынның жалғасы болып табылар, қос ішекті домбыраны ұстап жүрген жастар да бар. Соның бірі — Мөлдір Изенова.

Мөлдір Шымкент қалалық мәдениет үйінде әртіс (дәстүрлі әнші) болып қызмет етеді. Ы.Алтынсарин атындағы №65 гимназия-мектебінде оқып жүріп, домбыра үйірмесіне қатысып, ұстазы Майрадан ұлттық аспаптың әліппесін үйренеді. Әнге бала күнінен құштар еді. Апасы Қалдыгүл той-жиындарда ән шырқап, отырыстардың сәнін келтіретін. Әкесі Асқар бала күнінде гитарамен ән айтса, атасы Нұрлан да домбырамен күй шертіп, ән айтып, өнерге жаны құмар жандар болған.

2010 жылы Мөлдір Алматыдағы Мемлекеттік қыздар педагогикалық университетіне «Дәстүрлі музыка өнері» мамандығына грантпен оқуға түседі. «Өнерді Жаратушының бойға дарытқан үлкен сыйы деп білемін. Ата-бабамыздан қалған асыл мұра дәстүрлі ән-күй, термелеріміздің нақышын бұзбай үйренуге талпындым. Әнге жаным құмар болды! Өнер үйрену, оны ғұмырлық серік ету базбіреулер ойлап, айтып жүргендей жеңіл жол, оңай нәрсе емес. Үнемі баптап отыру мен шыңдауды қажет етеді. Үлкен сабырлық пен  табандылық, мол еңбекті талап етеді. Ұстазым Нұржан Жанпейісов осы жолда маған бар білгенін үйретуден жалықпай, үнемі қолдау білдіріп отырды. Дәнеш Рақышов атамыздың бірнеше әндерін және халық әндерін сол кісі арқылы жадыма сіңірдім. Ал, Мадина Сахарбаева атты тағы бір ұстазым халық әндері мен Арқа мектебінің әндерін үйретіп, қолдау білдірді», — дейді кейіпкеріміз.

Университет қабырғасында іс-шараларға қатысып, өнерін шыңдаған Мөлдір оқу бітіргеннен кейін туған қаласына оралған. Өнердегі әпкесі, белгілі дәстүрлі әнші-термеші Наркенже Серікбаеваның қолдап, жетелеуімен, Ш.Қалдаяқов атындағы филармонияда бір сахнада өнер көрсетті. Ән айту шеберлігін үйреніп, қамқорлығын сезінді. Тіпті, «өнердегі сіңлім» деп өзіне етене жақын тартқан ол Мөлдірге сахналық қазақша костюмін  ырымдап сыйға тартыпты. Осындай жаны жайсаң жақсы жандар мен жақын туыс, ата-ана, ұстаздарының қолдауымен бүгінде өзіндік мәнерін қалыптастырған жас таланттың алар асуы алда. Бүгінде бірнеше қалалық, облыстық деңгейдегі дәстүрлі ән байқауларына қатысып, жүлделі орындарды иеленіп жүр. 2015 жылдан бастап №1 Сайрам балалар саз мектебінде «Дәстүрлі ән» мұғалімі болып қызмет атқарып, өзі де шәкірт тәрбиелеу жолында жемісті еңбек етуде. Дәстүрлі ән сыныбын ашып, балаларды ұлттық музыка үнімен тәрбиелеуге ден қойған басшы Алина Асанованың есімін айтпай кетуге де болмас.

– Оқып, көкейге тоқыған дүниелерді жас өнерпаздарға үйретіп келемін. «Адамның білімі, өнері – адамшылықтың таразысы» деп санаған ұлы ойшыл Абай атамыз білімді барлық атақ, құрмет пен бедел, байлықтан жоғары қойды. Қазақтың домбырасын арқалап келген жас өнерпаздарға қанат бітіріп, халық әндерін бойына сіңіріп, жақсы азамат болып тәрбиеленуіне үлес қосудамын  және оларға үлкен үміт артамын! Шәкірттерім алғашқы жемісін беріп, түрлі деңгейдегі байқауларда алдыңғы қатарлы орындарды еншілеп, ата-аналары мен бізді қуанта бастады, – дейді мақамы бөлек Мөлдірдей әнші.

Өзгелерден өнерімен дараланған талантқа кемең өрге жүзе берсін дейміз.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *