Басты жаңалықтар Қоғам Мәселе

Балаңызға ата-ана болғыңыз келе ме, асыраушы ма?

 Жақында тұрмыстық зорлық-зомбылық проблемасын бетке ұстап, бала құқығы мен таңдауына мейлінше ерік берген заң жобасы көптің қарсылығына тап болды. Әлеуметтік желіде наразылық күшейіп, жаңа заң жобасының қабылдануына қарсы ашық пікірлер айтылуда.  

         Сонымен, Мәжілістен өтіп, Сенатқа жеткелі тұрған заң жобасы не дейді? Бала құқығы мен таңдауын алға тартқан жоба бойынша әрбір ата-ананың балаға дауыс көтеруге, ұрсуға, қолының ұшын тигізуге құқығы жоқ. Бұл физикалық зомбылық болып табылады. Егер мұндай жағдай орын алса, ата-аналық құқығынан айырып, бала кризистік орталыққа жөнелтілмек. Сондай-ақ, ата-анаға баланың жыныстық таңдауына араласуына да рұқсат берілмейді. Яғни, ұрпағыңыз жыныс ауыстырам десе де,  біржынысты жұп таңдап, шаңырақ көтеремін десе де өз еркі. Бала құқығы шеңберін барынша ұлғайтуға білек сыбанған «жанашыр» қалаулылар тіпті, әр баланың жеке бөлмесі болуы керектігін де заң бойынша талап етпек. Оның материалды талап-тілектерін ата-ана қажетінше орындауы тиіс. Егер олай болмаған жағдайда бұл балаға жасалған экономикалық зорлық-зомбылықтың түрі болып табылмақ. Жаңа заң тармақтары баланы бесікке бөлеу, тұсауын кесу сияқты салт-дәстүріміз бен шариғатымыз міндеттеген сүндеттеу парызына да қол сұқпақ. Мұндай заң, яғни бала құқығын көтеретін, дәлірегі, ата-ана мен баланы бір-біріне қарсы қоятын жат жоба болашағымыздың тамырына балта шабатыны айтпаса да түсінікті.

         Халқымыздың тұрмыс-тіршілігі мен ұлттық болмысына сай келмейтін  мұндай заң жобасының қабылдануы – отбасымыздың беріктігіне, тәуелсіздігіміздің тұрақтылығына, ең ақыры бүкіл болмыс-бітіміміз бен салт-дәстүріміздің өміршеңдігіне төнген қауіп! Әрбір заң жобасы мемлекет құраушы негізгі ұлттың діні мен сеніміне негізделіп жасалмаса, оның пайдасынан зияны көп екені анық. Өкінішке қарай, ұлтымыздың өмір сүру заңы қағидасынан  қоғам заңына айналған салт-дәстүрден алшақ мұндай заң жобасы батыстың менталитетін төрімізге әкеліп таңбақ. Әрбір өркениеттің, әр ұлттың өзіндік дүниетанымы бар екенін ескерсек, Еуропаға еліктеген заң отбасы құндылықтарын жойып жіберуге итермелейді.

Қуантарлығы, жаңа заң қабылданып кетсе қандай қауіп төнерін білген бірқатар санасы ояу азаматтар дер кезінде бас көтеріп, жоғарыға үндеу жасауда. Нұр-Сұлтан қаласында бір топ көпбалалы ана өз ойларын ашық білдіру үшін алаңға шықты. Басқаның қаңсығын таңсық санап, ұлтымызға таңуға талпынғандар осыдан кейін оң нәтиже шығарарынан үміттіміз. Мәселеге қатысты Қазақстанның құрметті журналисі Асхан Майлыбаева «Бұл — ұлттың басына төнген зобалаң! Бүкіл қоғамды дүрліктіріп, бүтін халықтың ашу-ыза, наразылығын туғызып жатқан «Отбасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы іс- қимыл туралы» заң жобасы біздің ұлттық болмысымызға мүлдем жат, отбасылық құндылықтарымызды мансұқ ететін, батыстың батпағына батыруды көздеген сорақы да сұмдық құжат.

Сұмдық емей немене, өзіңнің өзегіңнен шыққан баланы өзіңе қарсы қойып, қит етсе ата-анасын қылмыскердей жазалау дегенің тіпті ақылға сыймайтын есерлік емес пе? Ұсынылып отырған заң жобасы қабылданар болса, балаңа дауыс көтерсең, тәртіпке шақырып, қатаңдау талап қойсаң, өз ұрпағыңа өзің жау болып шыға келеді екенсің. Ондай жағдайда бала мен ата-ананы айырып, «жәбірленуші» баланы жекеменшік кризис орталықтарына, «зорлықшыл» ата-анасын психатриалық емдеу мекемесіне жөнелту деген қандай моральдық нормаға сиятын қағида!?

Біздің Конституциямыздың 27 бабында «Неке мен отбасы, ана мен әке және бала мемлекеттің қорғауында болады. Балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу — ата-ананың етене құқығы әрі міндеті» деп көрсетілген. Ал мына заң жобасына салсаң, бала құқын қорғауға «жанашырлық» танытпақ –сымақ мемлекеттік органдар отбасының ішкі тірлігіне қол сұғуды көздеп отыр. Әлдебір үшінші біреуден дабыл түсе қалса, тергеусіз, сотсыз ата-анасын баласынан 30 күнге айырып, айыпты ететін бұл неғылған нақұрыстық деп қаның қараяды. Бұл әрбірден соң сол отбасына қастығы, қысастығы бар біреулер үшін, арызқой көршілер үшін, тіпті жемқор кейбір «участковыйлар» үшін таптырмас қару, қисынын тапқан қысым көрсету, айлалы есеп айырысу болмай ма?

Бала үшін ата-анадан артық қастерлі ұғым жоқ деген тәрбиемен өскен біздің әрбіріміз Асқар тауымыз бен Асыл адамымызды ең қымбат қазына санап, солардың әрбір сөзін құранның сөзіндей қадір тұттық. Тіпті олар ұрсып, әрбірден соң шапалақпен тәртіпке шақырғанда да оны бізге жасалған қиянат, зорлық, қорлық деп санаған емеспіз. Ұрысса, өзіміз де бала болған соң соған лайық балалық қателіктеріміз болатын еді. Қазақ әуелден «Баланы бастан…», «Қызға қырық үйден тыйым» деп ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән берген.

Қазір өзіміз де үш ұл-қыз, 9 немере тәрбиелеп отырған ата-анамыз. Оларды да қателігі, дұрыс істемеген әрекеті болса, ұрсатын, қатқылдау ескертетін, қатаң талап қоятын кездеріміз болады. Бірақ бұны кім зорлық-зомбылық деп таниды? Аталған заң жобасының сұрқай сорақылығының тағы бірі «жыныстық еркіндік» дегенге ерік беру. Оны қабылдар болсаң жұбайлардың бірі, тіпті балаң жынысын ауыстырамын десе де аузыңды ашпауың керек. Ал бұған қалай төзуге болады? Ұлы Абай атамыз «Бала тәрбиесі басты байлығың, кешіксең көретінің қайғы-мұң» деген екен. Парламенттегі депутаттарымыз дәл мына жосықсыз заң жобасын мақұлдайтын болса, онды нағыз қайғы-мұң сонда туады. Қайғы-мұң ғана емес, бұл ұлттың басына төнген қасірет, зобалаң болмақ!», — дейді.

Осы оқиғаға қатысты алғашқылардың бірі болып Түркістан облысы мен Шымкент қаласының жас айтыскер ақындары бас көтерді. Домбырамен дәстүрімізді ұлықтап, төл өнерімізбен келер ұрпақтың тәрбиесіне үлес қосып жүрген азаматтар атынан «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты Біржан  Байтуовты сөзге тартқан едік.  

— Отбасылық зорлық-зомбылықтың қандай да түрін қатаң айыптаймыз, әрине. Бірақ осы атауды бетперде қылып, ұлттық менталитетіміз бен отбасы құныдылықтарымызға күйрете соққы беруді көздеген батыстың батпағына батып кетуге қарсымыз. Бұған жол берсек, баламыздың ата-анасы емес, тек асыраушысы болып қалайын деп тұрмыз. «Балаға әке ұрысса, ол да — достық» деген Абайдан ешкім ақылды емес. Көптің қарсылығына жоғарыдағылар құлақ асады деген ойдамыз. Өзіміз тараптан барынша осы заңның қабылданып кетуіне жол бермей, күресеміз, — дейді айтыскер ақын.

Иә, ай мен күннің аманында баламыздан тірідей айырғалы отырған жаңа заң жобасы мақұлданып кетсе болашақтан не қайыр? «Тәйт» деген тыйым көрмей өскен бала ертең төске шауып, беттен алып, үстіңізден шағымданып жүрсе ұлттың іштен ірігені емес пе? Менталитетімізге мүлдем қарсы жұмыс істейтін шикі заңның салдарынан мемлекетіміз қаптаған қарттар мен балалар үйіне айналып, ұлттың қолдан тозуына өзіміз жол бермейік. Мұндай жағдайда Қазақстан дамыған 30 елдің емес, отбасы ойран болған, шаңырағы ортасына түскен берекесіз, қылмысы ушыққан 30 елдің құрамына еркін еніп жүрмесімізге кім кепіл!? Алла өзі осындай қауіптен сақтасын. Баланың ата-анасы емес, асыраушы ғана болып қалғымыз келмесе, жобаның заңға айналуына жол бермеуіміз керек. Балаға да аузына құм құйылған, құлтемірге айналған асыраушы емес, қаталдығымен қатар мейірімін де күн сәулесіндей төккен ата-ана қажет!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *