Құқық Мәселе

Заң ортақ, шара неге әртүрлі?

Пандемия әлі айылын жияр емес. Шүкір, ресми мәлімет бойынша Түркістан облысы қызыл аймаққа енбеген. Дегенмен, арқаны кеңге салып, жайбарақаттық танытуға болмайды.

Жұқпалы індеттің салдарынан мектептердің дәстүрлі жұмысының өзгергеніне жылға жуықтап алды. Қоғамдық орындарда той, туған күн, басқа да адамдар көп жиналатын жиындарды өткізуге қатаң тыйым салынған. Бұл карантин талабы. Оны бұзғандарға қатаң тәртіптік шаралар қолданылуда. Осыған қарамастан жасырын өткізіп жатқан талай жиындарға байланысты тиісті органдар тарапынан шаралар көріліп, айыппұлдар салынуда.

Тек тойда бас қосу емес, топтасып суретке түсу де карантин талаптарын бұзу болып табылады. Оған Шығыс Қазақстан облысында Семей қалалық мәслихаты депутаттарының бетпердесіз суретке түсіп, кінәлі болғаны дәлел. Семейлік тиісті орган қызметкерлері олардың халық қалаулысы екеніне қарамастан, карантин талаптарын бұзғаны үшін жазаға тартқаны жайында мәлімет тарады. Нәтижесінде олар бетпердесіз суретке түскендері үшін бала-шағасының аузынан жырып, айыппұл төлеуге мәжбүр. Еліміздің шығыс өңірінде тәртіптің қатаң сақталатыны осы оқиғадан байқалады. Бірақ бұл кейбіреулерге ой салып, сабақ болмаған тәрізді. Нақтырақ тоқталайық.

Ресми мәліметке жүгінер болсақ, 2 ақпанда елімізде КОВИД-19 індетін жұқтырғандар саны 1228 адамға жетіп, соның төртеуі Түркістан облысында тіркелген. Бұл бейқамдық танытуға болмайтының дәлелі болса керек. Соған қарамастан өткен аптада Ордабасы ауданы М.Әуезов атындағы мектептің бір топ қызметкерлері (арасында мектеп басшысы да бар) ауылдағы дәмханада туған күн тойлады деген хабар келді. Олар семейлік депутаттар секілді «суретке түсу үшін 30 секунд демалмай тұрдық» деп айта алмаса керек-ті. Өйткені, бірге түскен суреттері көп.

Егер Қазақстанда заңның жалпыға ортақ екені анық болса, семейлік депутаттар секілді М.Әуезов мектебінің ұстаздары да айыппұл төлеуі тиіс. Біз бұл жөнінде әлеуметтік желідегі өз парақшамызда мәселе көтергенбіз. Ертеңіне аталмыш мектепке екі полиция қызметкерінің барғаны белгілі болды. Біз солардың бірі Қанат Әуеловтен жағдайды білмек болып хабарластық. «Келдік, анықтадық. Енді тиісті құжаттарды бөлімге апарып тапсырамыз», – деді ол. Сол күні парақшамызға Түркістан Облысының Полиция Департаментінен: «Бұл жайт бойынша Ордабасы АПБ қызметкерлерімен ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабына сәйкес «Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтерді бұзу бойынша» құжаттар жинақталып, шара көрілу үшін СЭС-ке жолданды», – деген жауап келді. Дұрыс-ақ. Жазылған жайт бойынша уақыт созып жүріп алмастан жылдам қимылға көшкен, Қайрат Дәлбеков басқаратын Түркістан облысының полицейлеріне алғыстан басқа айтарымыз болмады.  

Өзіміз көтерген мәселені назарда ұстау үшін Ордабасы ауданындағы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау (СЭБ) басқармасының басшысы Асқар Исқақовпен де байланыстық. «Полиция карантин талабын бұзған Қайнар ауылындағы кәсіпкерге қатысты баянат жазып әкелді. Сол құжат негізінде дәмхананың иесіне 674 мың теңге көлемінде айыппұл салдық. Ал, суреттегі мұғалімдерге қатысты баянат жазылмаған», – деп жауап берді. Әрине санитарлық жағдайды бақылаушы басқарма заң шеңберінен артық қимыл-қозғалыс жасай алмайтыны белгілі. Бірақ не себепті полицейлер тарапынан баянат кәсіпкерге ғана толтырылып, тойға қатысушы азаматтарды назардан тыс қалдырған? Ел азаматтары ретінде мектеп мұғалімдерінің депутаттардан қандай айырмашылығы бар? Әлде тамыр-таныстық шара көруге кедергі болды ма? Біз осы сауалды жоғарыда аты-жөні аталған полиция қызметкері Қанат Әуеловке қойдық. Ол өзінде тұрған ештеңе жоқтығын, тиісті жұмысты атқарып, құжаттарды дайындап, бөлім басшыларына өткізгенін айтты. Тіпті «сізге өте қызық болып жатса бөлімге келіп анықтасаңыз болады», – дегенді де қосып қойды. Әрине, бұл сөздің астарында бір мағына барын сезсек те, оны ашып айтпады.  

Шыны керек, бізге кімдерге айыппұл салынғаны қызық емес. Бірақ заң талаптарының неге әр жерде әрқилы қолданылатыны расында да қызығушылығымызды оятқанын жасыра алмаймыз. Оқырманның есінде болса, жаз айында бетпердесіз көшеде жүрген Арыс қаласының бір азаматының айыппұл арқалағаны туралы жазған болатынбыз. Яғни оған ешкім аяушылық танытпады. Депутатардың жағдайын айттық. Ендеше неліктен көпшілік бас қосатын жиын өткізуге тыйым салынғанына қарамастан той тойлап, онымен қоймай бетпердесіз топталып суретке түскен мектеп мұғалімдері жазасыз қалуы тиіс? Осы оқиғадан сыбайластықтың көріністері байқалмай ма?

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *