Әлеумет

Сүткенттің сыршыл ақыны

Сүткент ауылындағы Т.Тәжібаев атындағы мектепте аталмыш білім ұясының түлегі, талантты ақын, ҚР Жастар Одағы «Серпер» және Т.Айбергенов атындағы сыйлықтардың иегері, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, осы Одақтың Түркістан облыстық филиалының директоры Әлібек Шегебай атындағы «Қазақ тілі» оқу кабинеті ашылды. Сондай-ақ, ақын шығармашылығын насихаттауға арналған «Мен жаныммен сүйемін осы ауылды» тақырыбында мектеп оқушылары арасында «Әлібек Шегебай оқулары» өтті.

         Маңызы зор іс-шараға Алматы мен Маңғыстаудан арнайы келген қонақтар қатысты. Оқу кабинетінің лентасын Қазақстан Жазушылар Одағының Басқарма мүшесі, техника ғылымдарының докторы, Гамбург университетінің профессоры, бірнеше жыр жинақтарының авторы, ақын Бауыржан Қарабеков пен «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс Республикалық қоғамдық бірлестігінің Маңғыстау филиалының директоры, Маңғыстау облыс әкімінің штаттан тыс кеңесшісі Дайрабай Үсіпбаев салтанатты түрде қиды. Кеш қонақтары арасында қазақ прозасы тарихында футбол тақырыбында кітап жазған сирек жазушылардың бірі Сәкен Сыбанбай да бар. Сондай-ақ, Шардара ауданында құрылған «Қазыбек Иса атындағы шығармашылық бірлестігінің» мүшелері – Қасқыр Серікбайұлы, Нұрғали Ыбырайым, Жүсіпбек Тілеубергенов, Хамит Жұмабеков, Жанәділ Сейданов, Қанат Дауылбаев, Ғайболла Бөктөреев есімді жергілікті ақындар да қатысты. Мектеп директоры Бақытжан Жанболатов шараның маңызына тоқталды.

          Әлібек Шегебай шығармашылығын насихаттау барысында «Әлібек Шегебай оқуларына» 17 оқушы қатысып, бақ сынады. Оқушылар 40 өлеңге дейін жатқа оқып, керемет көңіл-күй сыйлады. Байқаудың бас жүлдесін Т.Тәжібаев атындағы ЖОМ 8 сынып оқушысы Әсілхан Маликамарал, 1 орынды «Егізқұм» ЖОМ 11 сынып оқушысы Кеген Ғалымжан жеңіп алды. Ал, байқаудың ең жас үміткері, Т.Тәжібаев атындағы мектептің 6-сынып оқушысы Нұрлыбай Нұрсұлтан 2 орынды, «Ақалтын» мектебінен келген 9 сынып оқушысы Темірбек Нұржамал 3 орынды иеленді. Жүлдегерлерге Сүткент ауылының 70 жылдығына орай шығарылған кітап, ақынның жыр жинақтары, аудан әкімінің, аудандық мәслихаттың және «Қазыбек Иса атындағы шығармашылық бірлестіктің» арнайы жүлделері табыс етілді.

         Кеш иесі Әлібек Шегебайға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ақын, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері, қоғам қайраткері, «Қазақ үні» газетінің басқарма төрағасы Қазбек Исаның және Шардара ауданының әкімі Қайрат Жолдыбайдың құттықтаулары табыс етілді.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *