Әлеумет

Сайрамда тың жоба қолға алынды

Сайрам ауданында елімізде алғаш болып ерекше жоба қолға алынды. Осы кезге дейін бюджет қаржысына ғана иек артып келген әкімдер, енді өздері жоқтан бар жасауға әрекеттенуде. Нақты айтар болсақ, 16 ақпаннан бастап Сайрам ауданының әрбір ауылдық округі онкүндік өткізуде. Оған аудан әкімінен бастап оның орынбасарлары, бөлім басшылары, қоғамдық кеңес мүшелері қатысып, шынайы жағдайды көзбен көріп, қиындықты шешудің жолын ұсынулары тиіс.

Ауданда мұндай онкүндік Қарабұлақ ауылдық округінен басталды. Бұл бастама жөнінде округ әкімі Мамыржан Шадиев былай дейді: «Аудан әкімі Ұласбек Сәдібековтың тапсырмасымен ауылда онкүндік бастау алды. «Ауыл – ел тірегі» бағдарламасы аясындағы бұл іс-шараға аудан әкімінің өзі барлық бөлім басшыларын ертіп келді. Ауылымызға кіре берістегі арканың алдында семинар-кеңес өтті. Одан кейін мәдениет сарайында өткен жиналыста онкүндіктің жоспары бекітіліп, мақсаты түсіндірілді. Жоспарға сәйкес белгіленген мерзімде 58 іс-шара атқару бекітілді. Он күннен кейін болатын қорытынды жиналыста осы іс-шараларға қатысты нысандардың бұрынғы және қазіргі жағдайлары слайд арқылы салыстырылып көрсетілетін болады.

Алдымен ауылдағы көпірлер жөнделеді. Су тасқынының алдын алу үшін арықтар тазаланады. Өздеріңізге белгілі, Қарабұлақ облыстағы, тіпті Республикадағы халқы көп. Тұрғындар тығыз болған сайын, олардың талап-тілектері де көбейе береді. Соның бірі —  ауылдағы трансформаторды қоршауды іс-шара жоспарына қостық отырмыз. Жолдарға тас төселеді. «Нұр Отан» партиясының бастамасымен жағдайы төмен отбасыларға қайырымдылық көмек ұйымдастырылады.

Ауылдағы жеке кәсіпкерлердің 15  техникасы осы он күн бойы жұмыс атқарады. Яғни, қоқыс тазалаудан бастап, техника керек болған жердің барлығына барады. Бұл іс-шараның ерекшелігі — бір де бір жұмысқа қазынадан қаржы бөлінбейді. Барлығы демеушілердің көмегімен, Асар жолымен ұйымдастырылмақ».

Сансыз бабтар мекенінде бастау алған бұл жоба өзге аудан басшыларын да қызықтырады деген ойдамыз. Өйткені, бастаманың ауылдарға тигізер пайдасы аз болмайын деп тұр. Оның үстіне, ауыл тұрғындарын ұйымшылдыққа, еңбекқорлыққа баулыйтынында дау жоқ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *