Әлеумет Қоғам

Көзайым заттар – көрмеде!

Құны 25 мың долларлық ыдыстар ел назарында

Жақында Шымкент қаласындағы Көрме орталығында «Зергерлік бұйымдар —2021» жәрмеңкесі өтті. Іс-шара еліміздегі зергерлік бұйымдарды өндіретін және сатумен айналысатын кәсіпорындар мен шеберлердің жұмысын көпшілікке кеңінен таныстырып, насихаттауға арналды. Қатысушыларға өнімін  жарнамалап, сатылым алаңын кеңейтіп, тапсырыс иесін арттыру мақсатында болған шара санитарлық талаптарға сай ұйымдастырылды. Үш күн бойы көзайым заттармен көрерменін қуантқан жәрмеңкеде сертификаттар мен  сыйлықтардың ұтыс ойыны өткізілді.  

         Көрмеде алтын, күміс, басқа да бағалы тастардан жасалған әшекейлер көз сүйіндіреді. Әсіресе, күмістен жасалған зергерлік бұйымдар, асатаяқ, белбеу көздің жауын алады. Ал, зәмзәм суын құюға арналған, таза күмістен жасалған ыдыстар жиынтығы келушілердің ерекше назарын аударды. Біз таза күміс пен бағалы тастардан құйылған ыдыстар жиынтығын жасаушы зергер Әшірбек Желдібаевты әңгімеге тартқан едік.  

Әшірбек ағаға зергерлік өнер ата-анасынан дарыпты. Қазіргі Ордабасы ауданының Қараспан ауылында дүниеге келген ол анасы киім-кешек, құрақ тіккен ісмер болғанын айтады. Ал әкесі Досберген ауыл мектебінде мұғалім әрі қолөнермен айналысқан ұста болыпты. Ауылдастарына күрек, кетпен, ұршық жасап беретін. Кезінде Арыс қаласынан Мәскеуге дейін велосипедпен барған, мектеп салдыруға рұқсат алып келген көзі ашық жан болыпты. Жамбыл атындағы орта мектепте оқыған Әшірбек аға Шымкенттегі қазіргі Ә. Қастеев атындағы өнер және дизайн колледжінде оқыған. Суретші мамандығы бойынша екі жыл тәлім алып, ауылда жұмыс істейді. Екі жыл әскер қатарында азаматтық борышын өтеп келген соң білімін тереңдету үшін Алматыдағы Т. Жүргенов атындағы театр және көркемсурет институтында металлды көркемдеп өңдеу бөлімін оқып бітіреді. Темірден түйін түюдің қыр-сырын меңгерген шебер осылайша алғашқы еңбек жолын Шымкенттегі өзі оқыған училищеден бастап, сол жерде шәкірттерге дәріс беруде табан аудармай еңбек етіп келеді.

Алғаш мұғалім болып келгенде оқу орнында металлды көркемдеп өңдеу бөлімі жоқ еді. Бір жылдан кейін басшылықтың ұсынысымен жаңа бөлім ашылғанда қажетті құрал-саймандардың барлығын өзі тірнектеп жинап,  құрастыруға тура келді. Алматыдағы зергерлік кәсіпорындарға барып, қажетті жабдықтарды алып келді. Осылайша факультеттің техникалық базасын қалыптастырып, 1989 жылдан бері шәкірттерге білгенін үйретуден  жалықпауда. Қажетті материалдарды тегін беріп, олардың өмірлік мақсатын айқындауға жол сілтеуде.

Келер жылы абыройлы зейнет жасына жететін шебер қолөнер ешқашан  өлмейтін, сан ғасырлық мұра екенін айтады. Бүгінде еліміздің әр өңірінде қаншама шәкірттері бар. Қолөнердің ішінде ең қиын да күрделісі зергерлік өнер екенін айтқан Әшірбек аға:

— Қолөнер ежелгі ата-бабамыздан, сақ, түркі дәуірінен келе жатқан өнер. Оның ішінде ағаштан, жасалатын өнер түрлері ішінде ең биігі осы зергерлік. Өйткені, шеберден қаншама ыждаһаттылықты қажет етеді. Ой-қиял шеберлігін, талғампаздықты, эстетиканы талап етеді. Көздің майын тауысып, қолдың күші, саусақтың ұшымен қиыстыра отырып жасайтын өнер туындысы,  — дейді.

Біз шеберден көпшіліктің назарын ерекше аудартқан асатаяқ пен күміс ыдыстар жиынтығы туралы әңгімелеп беруді өтіндік. Зергер ежелде хан ұстаған асатаяқты бүгінде беделді кісілерге сияпат жасау үшін сатып алушылар бар екендігін айтады. Ал, зәмзәм суын құюға арналған күміс ыдысты жасауға шебер бір жарым жыл уақытын арнаған. Бағасы да соған сай, 25 мың АҚШ доллары көлемінде. Әр жұмыстың композициялық ерекшелігі болатынын ескерсек,  зергер бұл жұмысын ешқайда кездеспейтін бірегей туынды деп бағалайды.  Негізінде қолөнерші әрбір әшекейді жасағанда да оның қайталанбайтын ерекшелігін ескеріп жасауға тырысады екен.

Шебердің қолынан шыққан бұйымдарда ежелгі түркі, сақ дәуірлерінің мифологиялық белгілері орналасқан. Барыс мықтылықтың, қошқармүйіз культі байлықтың, жылан ақылдылықтың белгісі саналады. Осының барлығын  шәкірттеріне үйретуден жалықпайтын ұстаз өнер үйрену үшін алдымен әр баланың өз ынтасы, икемі болуы қажет деп біледі. Ал, оның қолынан шыққан  алғашқы бұйымдар сатылып, көптің қызғушылығын туғызса бала әрі қарай қанаттанады. «Алғаш қолымнан шыққан бұйым жүзік пен сырға еді» деген  Әшірбек аға колледждегі жұмысынан кейінгі бар уақытын шеберханада өткізуді бақыт деп санайды.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *