Қоғам

Темірлан – елімізде екінші!

Би өнерінің биігін бағындырып жүрген қаракөз бүлдіршіндеріміз көп.  Кейінгі кезде кішкентай ұлдар да осы өнердің биігіне қанаттанып, құлаш сермеп жүр. Шымкент қаласының кішкентай тұрғыны Темірлан Айдар да болашағы айқын осындай өнерлі өрендердің бірі. Ол төрт жасынан бастап би үйірмесіне қатысып, бүгінде жарық жұлдызға айналып келеді.

Өзінің әдемі әлеміне алғаш рет «Ритм» би мектебінде ұстазы Райль Файзуллиннің жетекшілігімен қадам басты. Кәсіби хореограф қана емес,  балалармен тез тіл табысып кететін маман әр өреннің талант екенін ұғынып,  шамшырағын жаға білді. Алғашында жалпы би әліппесін үйренген Темірлан  кейін бал биі жанры бойынша жұппен өнер көрсете бастады. «Әуенді ырғақ» бал биі жарысына қатысып, жеңімпаз атанды. Осыдан бастап Темірланға аймақтық, халықаралық байқаулардың есігі бірінен кейін бірі ашыла берді. Байқоңыр, Алматы, Ташкент, Шымкент қалаларында өткен кәсіби би жарыстарына қатысқан сайын шеберлігі шыңдалып қана қоймай, тек жүлделі орындардан көріне бастады.

Өнерлі өреннің шығармашылық жетістігіне көз жүгірткенде оның жылдан жылға тек өсу жолында екенін байқап, сүйсінесіз. Мәселен, 2016 жылы өткен байқауларда ол 2,3 орындарды иеленіп жүрсе, 2017 жылы халықаралық жарыстарда 1,2 орыннан сатылай көтеріліп, қазір тек алдыңғы қатарда өнер көрсетуде. Осы жылдан бастап 2008-2009 жылы туылған  өрендер арасындағы деңгей бойынша бірінші орын бигінен түскен емес. Ал, елімізде ең жас бишілер қатарында Темірлан рейтинг бойынша қазір екінші орында тұр. Болашағынан мол үміт күттіретін қаракөзіміз үшін бұл үздіксіз жаттығудың нәтижесі, айтарлықтай жеңіс!

— Темірланды алғаш биге апарған себебім, кішкентайында көп сөйлемейтін, өте бұйығы мінезді болды. Сондықтан, көпшілікке үйренсін, мінезі ашылсын деген ниетпен үйірмеге апардым. Нәтижесінде қазір көпшіл,  ашық, елгезек болып өсіп келеді, — деген анасы Гүлзаданың еңбегі де зор. Қазір әлемдегі пандемиялық жағдайға байланысты түрлі өнер, спорт үйірмелері жұмысын онлайн жалғастыруда. Жарыстар уақытша тоқтатылды. Алдағы уақытта барлығы қалыпты өмір ырғағына түссе, Темірлан алар асу алда! Еліміз бойынша екінші орын биігінде тұрған жас таланттың алғашқы орыннан көрінеріне ұстаздарының сенімі мол!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *