Құқық

Пандемия ұрыларды көбейтті

Шымкент қаласында орналасқан соттар кезегімен 2020 жылы атқарылған жұмыстардың қорытындысы бойынша журналистерге мәлімет беріп шықты. Өткен аптаның соңғы жұмыс күнінде Шымкент қаласы Қаратау аудандық сотының төрағасы Алпысбай Налибаев пен мамандандырылған тергеу сотының төрағасы Ғалым Мыңбатыров баспасөз мәслихатын өткізді. Төрағалардың ұсынған мәліметтеріне сүйенсек, Қаратау аудандық сотына өткен жылы түскен 373 қылмыстық істің 215-і бойынша айыптау үкімі шығып, 89 іс өндірістен қысқартылған. Жалпы, аяқталған 354 қылмыстық істің 8-і медиация тәртібімен қаралған. Ал азаматтық істер бойынша түскен 3855 арызқа қатысты 1536 шешім, 641 сот бұйрығы шыққан. 216 іс медиация тәртібімен қаралып, 18 іс бойынша тараптар бітімгершілікке келген.

         Тергеу сотына өткен жылы 6617 іс материалдар түсіп, 5060 өтінішхат қаралған. Оның 4754-і қанағаттандырылған. Жасырын тергеу әрекеттерін санкциялау жөнінде 1180 өтініш хат түсіп, оның 1122-сі қанағаттандырылған.

         Осы аптаның алғашқы күні журналистермен Шымкент қалалық сотының судьялары Самат Мырзахметов пен Виталий Мирошников және Шымкент қаласы бойынша Соттар әкімшісінің басшысы Берік Мейірханов жүздесті. Жиынды қалалық сот баспасөз қызметінің жетекшісі Қабыл Дүйсенби ашып, жүргізіп отырды.

Жалпы, Шымкент қаласының аудандық және оған теңестірілген соттарына өткен жылы екі мың қылмыстық іс түсіпті. Бұл көрсеткіш 2019 жылмен салыстырғанда 1,2 пайызға артқан. Алайда, шыққан үкімдер санына шаққанда былтыр біраз төмендеген. Айталық, былтыр 2139 тұлғаға қатысты 1903 іс қаралып, 1266 азаматқа қатысты 1083 үкім шығарылса, 2019 жылы 1389 тұлғаға қатысты 1129 үкім күшіне енген.

2020 жылы 346 азаматқа қатысты 275 сот үкімдері қайта қаралып, 6 тұлғаға қатысты 4 үкімнің күші жойылып, 61 тұлғаға қатысты 45 сот үкімі өзгертуге ұшыраған. Ал, үкімдердің күшін жою себебіне үңілсек, үкімде айтылған түйіндердің істің нақты мән-жайларына сәйкес келмеуі, қылмыстық-процестік заңның елеулі түрде бұзылуы секілді олқылықтар орын алған.

Өкінішке қарай, өткен жылы ұрлық пен алаяқтық қылмыстары өскен. Осы екі қылмыстың қатары жалпы орын алған қылмыстың 38 пайызын құрайды. Бұған негізінен пандемия кезіндегі әлеуметтік жағдайдың күрт төмендеуі себеп болған деп түсіндіреді судья. Дегенмен, мәжбүрліктен емес, ұрлықты мақсатты түрде кәсіп еткен суыққолды азаматтар да жоқ емес. Тіпті, арнайы жоспар құрып, Шымкент қаласына өзге өңірлерден келген ұрылар да анықталған.

Азаматтық істерге тоқталар болсақ, былтыр 23406 азаматтық іс пен арыз түскен. Азаматтық процессуалдық кодекске енгізілген өзгерістерге байланысты бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 7375 іске азайған. Аяқталған істер саны – 18226. Сотқа түскен істердің денін келісім шарттарға, отбасылық қарым-қатынастарға және мемлекеттік органдардың іс-әрекеттеріне байланысты туындаған даулар құрайды. Жалпы қаралған істердің ішінде 2316 іс апелляциялық сатыда қайта қаралып, 344 шешім бұзылып, өзгертілген. Салыстырмалы түрде алғанда, бұзылған және өзгертілген істер саны былтыр 2019 жылғы көрсеткішке қарағанда 1 пайызға азайған. Бұл жұмыс сапасының аз да болса жақсарғанын көрсетеді.

Жүздесу соңында қала аумағындағы соттардың материалдық-техникалық мүмкіндіктеріне тоқталған соттар әкімшісінің басшысы Берік Талғарбекұлы жуырда пайдалануға берілген «Еркін аймақ» бөлмесін таныстырды. Мұнда судьялар бір сәт тынығып, кофе ішіп, түрлі тақырыптағы кітаптарға көз жүгіртіп, қалаған әнін тыңдауға, бір сөзбен айтқанда жұмыс арасында аздап сергіп алуға мүмкіндік жасалған.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *