Әлеумет

Барайын десек, жол шалғай…

Түркістан облыс орталығына айналғанда бәріміз қуандық. Қазір қаланы жаңартуға, жаңғыртуға қаншама күш-қуат жұмсалуда. Айнала абаттанып, төңірек түрленуде. Оған тек түркістандықтар ғана емес, бүкіл облыс тұрғындары да атсалысуда.

         Мен Мақтаарал ауданында мемлекеттік мекемеде жұмыс істеймін. Жұмыс барысымен бұрын облыс орталығы Шымкент қаласына іссапармен жиі келетінбіз. Сол кезде жолдың шалғайлығы әбден әурелейтін. Енді міне, облыс орталығы Түркістан қаласына айналғалы жол ұзақтығы екі есе ұзарды.

        Бүгінде Түркістанға барып-келу үшін жолға бір күн уақытың кетеді. Онда да тек жиналысқа бару немесе бір ғана шаруаны шешу үшін. Ал, арнайы барған соң үш-төрт шаруаны қоса қабат атқаруға тура келетін кездер де болады. Мұндайда шаруа шешілгенше кеш батып, түнге қалып қоямыз. Түркістанда қонақүй, пәтер бағасы қалтаға қонымсыз. Жақын туған-туысы жоқ қызметкер амал жоқ түнделетіп төрт жүз шақырым жолды артқа тастап, Мырзакентке жетіп алуға тәуекел етеді. Мырзакенттен Түркістанға бір барып-қайту үшін сегіз жүз шақырым жол жүруге тура келеді.

Қазір, шынымызды айтсақ, жұмыс күніміздің жарты аптасы мен жалақымыздың көбісі Түркістанға шапқылаумен шығындалуда. Сонда біз қашан, қалай жұмыс істейміз? Отбасымызды қалай асыраймыз? Әрине, жоспарлы шараларға іссапар шығыны өтеледі, дегенмен мемлекеттік қызметте жоспарланбаған шаруалар да бастан асады. Мұндайда амал жоқ, өз қалтамыздан  қаражат шығаруға тура келеді.

         Қазір Мырзакенттің өзінен қалаларға оннан астам автобус,  шағын автобустар қатынайды екен. Осындайда Түркістанға қатынау үшін ұшақ ұшырып қойса да артық емес. Жолаушылардың көптігінен ол өз шығынын өтейді деп ойлаймыз. Оңтүстік өңірдегі төрт аудан халқы үшін де тиімді болар еді. Әйтпесе біздің қазіргі күніміз «барайын десек жол шалғай, бармайын десек болмайды-ай» болып тұр.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *