Өмірдің өзі

Бұрынғы боксшы, бүгінгі полицей

Шымкенттегі Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ Полиция департаментінің құрылымдық бөлінісі болып табылады. Оның міндеті — қоғамдық-саяси, спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу кезінде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті сақтауды қамтамасыз ету. Шымкент полициясындағы Жылдам қимылдайтын арнайы жасағының инспекторы — Нұржан Бекзатов осы саптағы үздіктердің бірі.

Н.Бекзатов спортқа деген қызығушылығының арқасында шаршы алаңда ел әнұранын асқақтатқан азамат. Ол 2006-2009 жылдары бокстан жастар арасында Қазақстан чемпионы атанған. Ал, 2011 жылы студенттер арасында Әлем чемпионы болса, 2010-2018 жылдары ересектер арасында ел біріншілігінің жүлдегері. Қазақстанның ұлттық құрамасында ел намысын қорғап, 2014-2017 жылдары «Astana Arlans» құрамында нәтижелі өнер көрсеткен. Сондай-ақ, 2019 жылы қоян-қолтық ұрыстан да Халықаралық жарыстарда топ жарған.

«Қазақ боксы әлемдік аренада жоғары беделге ие. Осы беделді биіктету біздің басты мақсатымыз. Әсіресе жастарды бейімдей отырып, оларға бағыт-бағдар беруге тырысамыз. Себебі ұлт намысын ұран еткен боксшылардың жетістігі — ел мерейі. Сондықтан болар шаршы алаңда намысты қолдан бермейтін қазақ жігіттерінің қайсар мінезіне талайлар таңдай қағып келеді», – дейді бұрынғы боксшы, бүгінгі полицей Нұржан Бекзатов.

Қазіргі таңда Шымкент қаласы Полиция департаментінде еңбек етіп жүрген Н.Бекзатов бос уақытында шәкірт тәрбиелеп, бапкерлікке бет бұруда. Осылайша қазақ халқының атын әлемге танытсам деген ойы шәкірт тәрбиелеу мақсатымен ұласуда. Жаттықтырушылық жасау арқылы талай талаптыға жол сілтеуді көздеген азаматтың еңбегіне табыс тілейміз.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *