Әлеумет

Түркістанға тұлғаларды жерлеу қашан, не себепті тоқтатылды?

Түркістандағы Әзірет Сұлтан кесенесінің ежелден еліміздің тарихы мен рухани өмірінде алар орыны ерекше. Мұнда қазақ халқын билеген хан-сұлтандар мен игі жақсылар жерленген.

Ел басқарған көсемдер мен шешендерді қасиетті әулие-әмбиелер жатқан жерге әкеліп жерлеу батыс, шығыс елдерінің барлығына тән үрдіс. Ал осы кесенеге өмірден өткен билеушілерді жерлеу қашан тоқтатылды деген сұраққа көнекөз қариялардың өзі жауап таппай қиналады. Расында, бұл үрдіс қашан тоқтатылды?  Кешегі атеистік ұстанымдағы Кеңестік дәуір тұсында ма, әлде одан бұрын ба?

Жақында мұрағаттан табылған бір құжат осы сұраққа нақты жауап беретін дәйек бола алады. Осы құнды мұраны газет арқылы көпшілікпен бөлісуді жөн көрдім. ҚР Орталық мемлекеттік мұрағатында сақталған бір істе Түркістан уезінің бастығы, полковник Чеботаревтың Сырдария облысының бастығына, Түркістан генерал-губернатор атына жазылған рапорты бар. 1884 жылы, 30 қаңтарда жазылған бұл рапортта Әзірет Сұлтан кесенесі жергілікті мұсылман халқы үшін үлкен маңызға ие, әулиелі жер екені айтылады. Сондай-ақ, кесененің ішіне Түркістан аймағының түкпір-түкпірінен қайтыс болған би, батыр, бай-бағлан, игі жақсылардың сүйегін арулап әкеліп қоятыны баяндалады. Мәйітті кесене ішіне Әзірет Сұлтан ұрпақтарының рұқсатымен және оларға ақысын төлеп жерлейтіні жеткізіледі. Әрі қарай Әзірет Сұлтан кесенесінің іші молалар мен шіріген мәйіттерге толып кеткені, мешіттің ішінде жағымсыз иіс шығып тұратыны айтылған. Осыған байланысты кесене ішіне мәйіт жерлеуге тыйым салу қажет екенін өтініп сұрайды. Төменде ҚР Орталық мемлекеттік архивінде сақталған осы қолжазба құжаттың сөзбе-сөз көшірмесін оқырман назарына ұсынып отырмын:

«Рапорт Туркестанского уездного начальника 30 января 1884 г. №102 г. Туркестан

Господину Военному губернатору Сыр-Дарьинской области

находящееся в г. Туркестан мечеть Султан-Азрет свято чтимая верою мусульманского населения прибывающего на поклонение не только из разных пунктов Туркестанского края но из сопредельных ханств, а также из Сибирского края, служила до настоящего времени местом погребения почетных и главным образом состоятельных мусульман. Как Туркестанского края так равно и также привозимых из других пунктов. С обусловливаемого по состоянию родственников умершего оплачивая в пользу ходжей, потомков Азрет Султана, с истечением времени внутренность мечети переполнилось могилами и трупными разложениями заражая воздух весьма заметно и ощущение дает себя чувствовать при посещений мечети. Бывший аксакал города Туркестан Мирхадыр Нарбаев говорил что еще лет 5-6 тому назад приблизительно последнего распоряжения покойного генерал губернатора фон Кауфмана воспрещающего дальнейшия погребения умерших в в Султан-Азрет, каковые распоряжения и было объявлено всем ходжам находящимся при мечети с приказанием подчинятся этому распоряжению.

Вышеперечисленного предписания главного начальника края по тщательно выведенной справки во вверенном мне управлении не имеется. Погребения трупов прекращены и поныне и делаются в исключительных случаях что склоняется к мысли о том что воспрещены сего… (текст не читаемый) было в свое время.

Данные о вышеуказанном в том числе просит распоряжения Вашего пр-ства по сему предмету.

Подпись полковник Чеботарев

Верно поручик (подпись неразборчива)

Министерство военное. Сыр-Дарьинское областное правление.

9 марта 1884 г №392».

Осы рапорт Ташкент қаласына жеткен соң Генерал-губернатордың канцеляриясынан 9 наурызда резолюция қойылған жауап келеді. Онда «Кесененің ішіне жерлеуге тыйым салынсын, сол бұйрық туралы кесененің басшыларынан қолхат алынсын», — делінген.

22 наурыз күні Әзірет Сұлтан кесенесінің мутаваллиі, нақибы және Түркістан уезінің шейх-үл-исламы Рахмет Чилләқожа Ғалиакбарқожаұлы, Атаханқожа Шарипқожаұлы, Хамидуллақожа Фатхуллақожаұлдары өз аттарынан «бұдан былай кесене ішіне қайтыс болған кісілерді қоймаймыз, бұйрықты орындаймыз, орындамаған жағдайда заң алдында жауап береміз» деп қолхат береді.

Осы құжаттың соңына тағы бір хат тіркелген. Ол хатта кесене ішіне ең соңғы жерленген кісі туралы жазылыпты. Тарихи құжатта «1883 жылы 1 желтоқсанда Атбасар уезі, Қарабала Жабай болысының қазағы әкелініп, кесененің Ақсарай бөлімінде жерленді», — деп анық жазылған. Ал, жерленген кісінің нақты кім екені, аты-жөні толық жазылмаған. Әлде хат жазушы мутавали қателесті ме екен? Мүмкін Атбасар уезінің Қарабала болысының қазағы Жабай деп оқу керек пе деп те ойлаймын. Себебі Арқада найман елінің Қарабала болысы деген болыс болған. Ол жерде Жабай деген өзен де бар.

Міне, осы құжатқа қарап отырып 1884 жылдан кейін Түркістанда кесененің ішіне мәйіт жерлеудің тыйылғанын біліп отырмыз. Ал, кесене сыртына жерлеу дәстүрі жалғаса берді. Дегенмен, мәйітті өте алыс аймақтардан әкелу де осы тарихи оқиғадан кейін тоқтаған сияқты.

Айта кетерлігі, бұл тыйым салған жарлық кесене ішінде тек «иіс шығуы» себебінен емес, Сарыарқадан бастап Қоқан, Бұхарадан бері қарай Әзіретке келіп түнеген түбі бір түркі халықтарының Түркістанмен рухани байланысын үзуді мақсат еткені айдан анық. Осындай саясат негізінде Арқа қазақтарына Түркістандағы қожалардың ықпалын да азайтты. Себебі қайтыс болған игі жақсыларды жерлеуге, одан кейін асын беріп, моласына зиярат қылуға жыл сайын оларды жоқтаушылар келіп тұратын еді. Патша үкіметінің осы жарлығы қазақтардың өзара ынтамақ-бірлігіне сына қағып, рухани байланысты сиретіп, жіптей үзген деуге болады.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *