Басты жаңалықтар Мәселе

Махажановтың мұнысы несі…

Әлде Кентауда заң әркімге әрқилы қызмет ете ме?

Шүкір, Қазақстанның жері кең байтақ. Дүние жүзінде тоғызыншы орынды алатын жеріміздің бес Франция сыйып кететін көлемі бар. Бірақ, халық санына келгенде бұлай мақтана алмаймыз, бар-жоғы 18 миллион қазақстандықпыз. Соған қарамастан бір телім жерге қол жеткізе алмай кезекке тұрғандардың көптігінен алдыңғы қатарда тұрмыз.

Жер мен жесір дауы қазақпен бірге жасасып келеді деуге болады. Өкінішке қарай, қазіргі кезде жерге таласып жаға жыртысу былай қалып, адамдар соттасуды әдетке айналдырды. Тіпті, ұлтарақтай жер үшін айдың-күннің аманында атысып жатқандар да кездеседі. Соның бәрі жергілікті биліктің тұрғындар талабын дұрыс үйлестірмеуден, кейде әділетсіздікке жол беруінен екенін аңғаруға болады. Мұндайда ашынған қарапайым көпшілік билікті сынап, үкіметті кінәлауға бейім тұрады. Ал, шын мәнінде шалалық жергілікті билік өкілдерінің сауатсыздығы мен жауапсыздығынан, ауылдар мен аудан, қалалардан бастау алады десек, қателеспеспіз.

Біздің бұлай деуімізге жуырда редакцияға Скандарбек Құнанбаев есімді азаматтың шағымданып келуі себеп болып отыр. Оқырманға түсінікті болу үшін оның айтқандарын қаз-қалпында бергенді жөн көрдік. «Осыдан бірнеше жыл бұрын Қарашық өзені мен Кентау-Түркістан тас жолының ортасынан сол кездегі Түркістан қаласының әкімі Ә.Өсербаевтың қаулысымен 8 гектар жайылымдық жер алдым, – дейді Скандарбек Құнанбаев. – Түркістан қаласы облыс орталығына айналуына байланысты көптеген ауылдар Кентау қаласының қарамағына берілді. Орналасу аумағына байланысты менің жерім де Кентауға тиесілі болды. Кейін ол жерге мал жаюдың мүмкін еместігін түсініп, пайдалану мақсатын өзгертпек болдым. Осыған орай Кентау қаласы әкімінің міндетін уақытша атқарушы  Бекайдар Әлімбетов 04.10.2019 жылы қала әкімінің кейбір қаулыларына өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы қаулы шығарады. Онда жердің пайдалану мақсаты «кәсіпкерлікті дамыту үшін» деп көрсетілді.

Кезінде Түркістан қалалық жер қатынастар бөлімімен келісім шарт та жасалған болатын. Ондағы ойым әлгі жерге кәсіпкерлік мақсаттағы үлкен құрылыс емес, туризмді дамыту үшін этноауыл салу болатын. Көшпелі жазғы тапшандар қойып, киіз үйлер тігуді жоспарладым. Алайда, бұл жер әлдекімдердің назарына ілігіп, қызығушылығын тудырған болса керек, алдымнан кесе-көлденең кедергілер шыға бастады. Бірінші жер кадастрі және жылжымайтын мүлік бойынша Кентау қалалық бөлімінің басшысы Уәлихан Әбдуәлиев қаулының заңсыз екенін айтты. Әкімдіктен қаулының заңды екендігін дәлелдейтін анықтама апарып бердім. Содан 2019 жылдың 6 қарашасында он адам арыз жазыпты. Мәселеге журналистер араласқанда әлгі арыз иелері «екі жылдан бері Скандарбек деген адамды таппай жүрміз» деп мені танымайтындықтарын айтты. Ал мен ешқайда қашып немесе жұрттан жасырынып жүрген жоқпын. Осының өзі өтірік сөз бен қолдан ұйымдастырған жаланың дәлелі емес пе?

Мен табандап, өз жеріме иелік етуіме заңды құқығым бар екенін алға тартып жүргенімде қала прокуроры Т.Сейдуалиев жоғарыдағы қаулының күшін жою туралы ұсыныс бергізді. Онда «ОҚО әкімдігінің 24.07.2017 жылғы қаулысымен Қарашық және Хантағы өзендерінің су қорғау белдеуі өзеннің екі жиегінен 35 метрге дейінгі, ал су қорғау аймағы 500 метрге дейінгі аралық болып белгіленген», – дей келіп, аталмыш қаулының заңсыз екенін көрсеткен. Демек, заң талабы бойынша өзен мен дария жағалауынан меншікке жер беруге, онда құрылыс салуға болмайды. Бірақ, менің жерімнің ортасында жұмыс істеп тұрған бетон зауыты бар. Өзеннің жағалауы жеке үйлерге толы, тіпті зәулім мектеп те орналасқан. Олардың барлығына заң рұқсат береді де, маған келгенде заңсыз болады ма? Неге? Тіпті мен жердің орналасуын өзгертейін немесе өзенге жақын жатқан 20-30 соттық жерімді қайтарып берейін, басқа бөлігі де жетеді деген ұсыныс айттым. Келіскілері келмейді. Бар мақсаттары жерді менен алып қою болып тұр. Егер өзен жағасынан жер беруге болмайтыны рас болса, Кентау қаласы әкімінің 15 сәуір 2020 жылғы №180 қаулысымен бір азаматқа арнасы кең, ағысы жылдам Сырдария өзенінің жағасынан үш бірдей ауқымды жер телімі неге берілген? Мұны қалай түсінуге болады? Заң жалпыға ортақ емес пе? Осы сауалыма  қала әкімі Дәурен Махажанов не уәж айтар екен?

Мен зерттеп көрдім, Сырдарияның жағасынан үш жер алған жас жігіт екен. Прокурор қала әкіміне менің жеріме қатысты қаулының күшін жоюды ұсынып отырғанда, дарияның жағалауынан жердің гектарлап берілуі қандай заң талаптарына сай келеді? Кентау қаласының прокуроры бұл мәселені де назарға алуы тиіс деп ойлаймын. Менің талабым біреу ғана. Қазақстан Республикасы заңы алдында барлық адамның құқы бірдей делінген. Олай болса, Қазақстан азаматы ретінде менің құқығым да қорғалуы қажет».

Арыз иесінің уәжінен түсінгеніміз, қала прокуроры бір азаматқа қатысты қаулының күшін жойғызуды ұсынып отырғанда, осыған ұқсас қаулымен Кентау қаласының әкімі Д.Махажанов әлдекімдерге дария жағалауынан бірнеше ауқымды жер бергенге ұқсайды? Бұл рас болса, оның себебін қалай түсінуге болады? Махажановтың мұнысы несі? Әлде Кентауда заң әркімге әрқилы қызмет ете ме?

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *