Әлеумет Қоғам

«Басты мақсат – адами капиталды өсіру»

Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі:

Кеше Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов өткен жылды қорытындылап, ел алдында есеп берді. Шаһар басшысы халық алдындағы мәлімдемесін онлайн түрде жасады.

Мұрат Әйтенов үшінші қалада ең басты адам капиталына мән берілетінін баса айтты. Осы мақсатта алдымен білім және денсаулық саласына ерекше көңіл бөлінуде. Соған сәйкес қалада 2025 жылға дейін 85 мектеп ашылады деп жоспарланып, оның 32-сінің құрылысы биыл басталмақ. Бүгінде Шымкентте 14 үш ауысымды, бір апатты жағдайдағы мектеп бар. Бұл бастама мегаполистегі үш ауысымды мектеп мәселесін шешеді деп жоспарлануда. Оқушыларды қосымша білммен қамту үшін бұрынғы Фосфоршылар сарайы қайта жөнделіп, заманауи Оқушылар сарайының қазығы қағылмақ. Нәтижесінде алдағы бес жылда қосымша біліммен қамту 16 пайыздан 55 пайызға жетпек.

Білім саласын материалдық-техникалық базамен жабдықтауға да көңіл бөлінбек. Ол үшін биыл 6 миллиард теңге қарастырылып отыр. Денсаулық саласында да айтарлықтай оң өзгерістер бар. Былтыр миллионер қалада 31455 сәби дүниеге келсе, мемлекет қамқорлығымен екі перзентханаға күрделі жөндеу жүруде. Перзентханалардағы орын тапшылығына байланысты №1 аурухана жанынан бесінші сәбилер үйін салыну жоспарлануда. Сондай-ақ, денсаулық саласын дамытуға алдағы бес жылдық жоспар дайындалып, бастапқы медициналық көмекке баса мән берілмек. Биыл мың орындық заманауи аурухана құрылысын бастау жоспарлануда. Ең басты жаңалық, медицина саласында осы жылы онкологиялық ауруханада сәулелі терапиямен емдеу орталығы ашылмақ. Мұндай орталық әзірге елімізде тек Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында ғана бар.  

         Елімізді алаңдатқан пандемиялық жағдаймен күресу тек вакцина салғызу арқылы ғана нәтижелі болмақ. Өзінің есеп беру баяндамасында осылай деген  қала әкімі ресейлік вакцинаны алғашқылардың бірі болып өзі еккізгенін айтып, қала тұрғындарын да иммунитетін күшейтуге шақырды. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеу» керектігін алға тартқан шаһар басшысы бұқаралық спортты дамыту үшін қолға алынған бірқатар тірліктерді де тізбеледі. Оның ішінде бірнеше спорт кешендерінің құрылысы басталып, түрлі спорттық үйірмелер жұмыс істейтінін тілге тиек етті.

Бүгінде Шымкенттің мәдени-рухани өмірінде де оң өзгерістер бар.  Халықтың мәдени өмірін байытуға біршама өзгерістер жасалынуда. Бұл салада атқарылып жатқан тірліктерге тоқталған М. Әйтенов:

— Мәдени мекемелер 98 пайыз мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылуда, тек екі пайызын өздері тауып отыр. Алдағы уақытта орталықтарға қаржының 30 пайыз бөлігін өздері табу жүктеліп отыр. Мәдениет ошақтарының халыққа да, нарыққа да жұмыс істейтін кезі келді. Сондай-ақ, кітапханалар жұмысын жандандыру қажет. Қалалық 10 кітапхана модернизациядан өтіп, отбасылық концепция негізінде дамитын болады. Нәтижесінде оқырман саны төрт есеге дейін көбеймек. Абай кітапханасы түнгі сағат 23:00-ге дейін оқырманға қызмет етпек,  — деді.

Биыл Шымкенттің 2200 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде атап өтілмек. Ол үшін бірқатар шаралар атқару тапсырылған. Қалада инфрақұрылымды дамыту мақсатында түрлі жобалар жүзеге асуда. Жеті тұрғын алабының ауыз су құбыры жүргізіліп, 81 тұрғын үй алабының 65-і сапалы электр желісіне қосылған. 10 тұрғын алап электр желісіне қосылады деп күтілуде. Бүгінде энергия ресурсы тапшылығы мен электр желілерінің аспалы түрде тартылғанынан жарық жиі сөніп қалуда. Осыған орай алдағы уақытта электр желілерін жер астынан жүргізу қолға алынуда. Ал, 81 тұрғын алаптың 40-ы газбен қамтылған. Биыл  8 тұрғын үй алабының бесеуінде газ құбырымен қамту жұмысы аяқталып, көрсеткіш тоқсан үш пайызды құрамақ. Қала әкімі тұрғындардың алдағы 2025 жылға дейін жүз пайыз сапалы су, электр қуаты, газбен қамтылатынына уәде етті.

Былтыр қалада барлығы 229 көше жөнделді. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда үш есеге артық. Қосымша 4 көпір жөнделіп, тағы осынша көпір салынды. Қонаев даңғылын жөндеу жалғасын тауып, бірнеше көше құрылысы аяқталып, 109 көшенің құрылысы жаңадан басталмақ. Кәсіпкерлікті қолдау мақсатында үш бірдей индустриалды аймақ ашылмақ. Бұл орталықтар Шымкентті агроөнеркәсіпті өнімдерін өңдейтін орталыққа айналдырады деп күтілуде.

Қаладағы атқарылып жатқан жұмыстардың басым бағыттарының бірі тұрғындарды баспанамен қамту болып табылады. Бүгінде Шымкентте 42 мыңнан астам азамат үй кезегінде тұр. Осыған сәйкес былтыр 262 тұрғын үйдің құрылысы басталып, барлығы 5787 отбасы баспаналы болды. Бұл алдағы жылмен салыстырғанда 24 пайызға артық. Дегенмен, миллион халқы бар қала үшін бұл көрсеткіш аз. М.Әйтенов коммерциялық компаниялардың ұсынысын  тиімді пайдаланбаса проблеманы шешудің қиындығын алға тартты.

Қала әкімі өз есебінде сондай-ақ, жол қауіпсіздігі, тағы басқа салалардың жұмысымен де кеңірек таныстырып, жекелей тоқталды. Онлайн есептің соңы тұрғындар сауалына жалғасты. Құрсай елдімекенінен хабарласқан тұрғын қаладағы атаусыз көшелердің кесірінен такси қызметі мен жедел жәрдем қызметін пайдалануда қиындықтардың әлі шешілмей келе жатқандығын айтты. Қала әкімінің жауабынша, биыл барлығы 318 көшеге атау беріліп, тақтайша орнатуға тапсырыс берілген. Оның ішінде 30 көше Құрсайға тиесілі.

Тұрғындар сондай-ақ, жұмыспен қамту, коммуналды төлем, электр жарығы бойынша өздерін мазалаған сұрақтарды әкімге жолдап, жауабын тыңдады.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *