Өмірдің өзі

«Шығармашылық шеңбер мүшәйрамен шектеліп қалған»

Сүндет СЕЙІТОВ, ақын, «ШАМ» жас ақындар орталығының жетекшісі:

— Сүндет, осыдан біраз жыл бұрын құрылған орталыққа өзің жетекшілік етіп, өңірдегі жазба ақындар ортасында сең қозғалғандай болып еді. Кейінгі кезде «ШАМ-ның» жарығы әлсірей бастағаны байқалады. Қазіргі жағдайларың қалай?

— Осыдан бес жыл бұрын, яғни 2016 жылы құрылған жас ақындар ұйымының негізгі мақсаты әдеби орта қалыптастыру болатын. Олардың шығармашылығын насихаттауға арналған. Клубтың ашылуына белгілі ақын  Қалқаман Сариннің өзі келіп, ақ жол тілеп кеткен. Желтоқсанда өңірде бұрын-соңды болмаған поэтикалық дуэль ұйымдастырып, жырсүйер қауымның ерекше қызығушылығын туғызды. Ал 2017 жылы клубқа бір жыл толуына орай әнші Роза Әлқожа әпкемізбен бірлесіп, Жастар орталығында «Ақын мен әнші» атты концерт бергенбіз. Көзді ашып-жұмғанша бес жыл да өте шығыпты. Кейінгі кезде басымыз бірікпей, бірлік болмаған соң тірлік те болмай жүргенін жасыра алмаймын. Оның үстіне қаржылық қолбайлау, жоғарыдан қолдау таппаған соң да ісіміз алға баспай тұр.

— Ақындар шығармашылығына бұл өз әсерін тигізбей қоймайтын  шығар?

— Әрине. Орталықта басында 40-тан аса ақын бар еді, қазір небәрі он шақтысы ғана қалды. Басым бөлігі жеке бас шаруасымен әр тарапта жүр.  Жалпы, бізде өз шығармашылығымызды насихаттау, көпшілікті әдеби әлемге үндеуде материалдық мәселе өте көп. Шығындарды өз қалтамыздан көтеруге тура келеді. Сананы тұрмыс билегені соншалықты, өзіміз қатарлы ақындарды іс-шараға шақырсақ, «шай бересің бе, қонақ қыласың ба?» деген талаптары бар. Бұл қауіпті үрдіс.

«Бізде әдеби бәсеке жоқ, күндестік бар. Бір-бірімізге қызғаныш басым. Екі сөздің басын құрай алмаса да басқаның идеясын, тіпті өлеңін сөзбе-сөз көшіріп алып, ақын болып жүргендер де жоқ емес. Мұның соңы жақсылыққа апармайды, түбі құлдырауға әкеліп соғады»

Қазір ақындардың шығармашылық шеңбері мүшәйрамен ғана шектеліп қалған. Былайша айтқанда, жыр бәйгесінен ғана ақша тауып, жан баға алады. Оның өзі де ілуде бір ұйымдастырылады. Осындай қол байлауларға байланысты қазіргі таңда тек іс-шараларға қатысудан басқа амалымыз болмай тұр. Демеуші жоқ, ол табылса жұмсаған қаржыны өтеп беретіндей жобалар бар. Бір ақынның кітабын шығарып беру, оны жаңаша бағытта дамыту, жарнамасын жасау, елге таныту мүмкіндіктері ашылар еді. Өкініштісі, бізге бүгінгінің Атымтай Жомарты табылмай жүр. Жас ақындардың бұлай жаутаңдап жүруіне аға буынның да кінәсі бар. Әркім жеке мүддесі үшін өмір сүріп, ал әдебиет үшін ешкім бас ауыртып, жүрегі сыздап жүргені байқалмайды.

— Осындай қиындықтарға қарамастан «ШАМ-ның» пілтесін тұтатып отыру қаншалықты мүмкін?

— Мені өлеңшіл сезім, өр мінез алға өршелендіреді. Жоқтан бар жасап жүрген таланттар да бар. Топ мүшелері өздерінің жетістіктерін республикалық,  өңірлік мүшәйраларда көрсетуде. Батырхан Қасымхан 2019 жылы ТМД елдерінің үздік ақыны атанды. Бұның өзі біздің орталық үшін үлкен жетістік. Биыл Арайлым Мұраталиева Жазушылар Одағының мүшелігіне қабылданды. Бұл да бізді ерекше қуантады.

— Жақында Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқанмен жолыққаныңды білеміз. Осыдан кейін жастар  шығармашылығын насихаттауда бір жылымық еседі деп үміттенуге негіз бар ма?

— Шыңғыс Жұмабекұлына биыл он шақты ақынның жеке кітабын  шығарып беруді ұсындым. Егер осы ойымыз жүзеге асса әлгі кітаптарды  қырғыз, орыс, ағылшын тілдеріне аудару жоспарымызда бар. Ол үшін   полиглот, аудармашы мамандарымыз да дайын. Тек еңбегі үшін қаламақысыз тапсырыс бере алмаймыз. Осы жобамызға демеушілер табылса керемет болар еді. Орталықтың бес жылдығын атап өтсек дейміз. Кәсіби деңгейде, арнайы режиссердің қойылымымен, әртістердің қатысуымен лирикалық, поэтикалық кеш болады деп отырмыз. Эпидемиялық ахуал жақсы болса, оны өткізуді сәуір айына жоспарладық. Бірақ жоспардың іске асуы тағы да қаржыға келіп тіреледі.

«Тәуелсіздік алған отыз жылда мемлекеттік, халықаралық сыйлыққа үміткер болған бір де бір жас ақын  жоқ екен. Тіпті орта буын арасынан да. Әркім өзінің қамын күйттеген тіршілік. Әдебиетті керек қылып отырған жүйе, мекеме жоқ. Бұл болашақ үшін қауіпті»

— Өзің соңғы кезде өлең жазудан кенжелеп бара жатқандай көрінесің? Мұның да себебі өзің айтып отырған келеңсіздіктерден бе?

         — Оған себеп болатын түрлі факторлар бар. Материалдық, моральдық дегендей… Қазір тек жұмыс істеп, нан табудың соңында жүрміз. Көңіл-күй де жоқ, қашанға дейін өлең жаза бересің? Егер жан-жақтан табыс болып, жалақы,  қаламақы келіп тұрса шығармашылықен алаңсыз айналысуға болады. Зерттеу,  сын, аударма жанрында да жұмыс істеуге мүмкіндік туар еді. Бірақ қазір ештеңе жазып жүрген жоқпын.

— Демек, шығармашылығыңның жолын жоқтық байлап тұр ғой…

— Бізде әдеби бәсеке жоқ, күндестік бар. Бір-бірімізге қызғаныш басым. Екі сөздің басын құрай алмаса да басқаның идеясын, тіпті өлеңін сөзбе-сөз көшіріп алып, ақын болып жүргендер де жоқ емес. Мұның соңы жақсылыққа апармайды, түбі құлдырауға әкеліп соғады. Ойлаңызшы, тәуелсіздік алған отыз жылда мемлекеттік, халықаралық сыйлыққа үміткер болған бір де бір жас ақын  жоқ екен. Тіпті орта буын арасынан да. Әркім өзінің қамын күйттеген тіршілік. Әдебиетті керек қылып отырған жүйе, мекеме жоқ. Бұл болашақ үшін қауіпті. Қатарластарым шарасыз, көлеңкесінен де қорқады. Мұның бәріне осы саланың көшін бастап, тізгінін иемденіп, шылбырын ұстағандар кінәлі. Мен бұны ашық айтамын, ал олар «жап-жас болып алып пайғамбарсың ба?» деп өзімді айыптайды. Бізде әдеби бюджет жоқ, тіпті, отыз жылдан бері Жазушылар одағының өңірдегі филиалының жағдайын жасай алмаған?! Әркім өзіне ғана қызмет етті. Әкімдік тарапынан берілетін стипендия асарын асап, жасарын жасаған үлкендерден артылған жоқ. Ғылым мен білімді, ағартушылық бағытты дамытуға стипендия берілуі керек. Бізде оны бермейді, берген күннің өзінде жастарға бұйырмайды.

— Ашық әңгімеңе рақмет!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *