Басты жаңалықтар Мәселе

Ажал құшқан адам мен қырылған малдың обалы кімге?

Салыхан Полатовтікі салғырттық па, жауапсыздық па?

Жұрт Теріскей атайтын Созақ ауданының табиғаты «тентектеу». Оңтүстіктің өзге аудандарында қаттырақ жауын жауса, мұнда алай-дүлей боран болады. Өңменіңнен өтер желі тағы бар.

Соңғы жылдары оңтүстік өңірінде қыс жылы болып жүргенімен, Созақта олай емес. Әсіресе, биылғы «кәрі құда» біраз кәрін төкті. Жартытөбе ауылдық округінің азаматтары Ізжан Өміров пен Күмісай Жағыпарованың сөзіне қарағанда 23 қаңтарда болған қатты қарлы бораннан қол созым жер де көрінбей қалған. Соның салдарынан жүзге жуық қой, оншақты жылқы мен сиыр қырылыпты. Малымызды жанымыздың садақасы десек, адам шығынын қайтпекпіз? Өкінішке қарай, осы боранда бір қойшы қар астында қалып қойып, үсіп қайтыс болған. Ауылда ауыз су тоқтаған. Жарық сөніп, байланыс үзілген. Жол жабылған. Бірнеше ауыл сырт әлеммен байланысты мүлдем үзген.

Табиғат осындай тосын мінез көрсетіп, негізгі нәсібін малдан іздеген ауыл тұрғындары не істер білмей, шарасыз күйге түскенде аудан басшылары мен төтенше жағдай қызметкерлері уайымсыздық танытыпты. Тіпті, «жағдайларың нешік?» деп хал сұрауға жарамағаны да таңқалдырады. Ертеңіне, яғни дауылды боран басылғанда жергілікті тұрғындардың өздері қар астында қалып қойған қойшының денесі мен мал өліктерін іздеп тауыпты. Өз күштерімен жолды ашып, орталыққа хабар бергеннен кейін ғана полицейлер мен әкімдік қызметкерлері келгенге ұқсайды.

Табиғаттың тосын мінезінің куәгерлерінің сөзіне қарағанда жағдай өте күрделі болған. Соған қарамастан мұнда төтенше жағдай жарияланбапты. Әрине, төтенше жағдай жарияланбағандықтан, малдың өтемі де болмайды деген сөз. Ал, адам шығыны — орнын ешбір өтемақы толтыра алмайтын ауыр қайғы. Осы жайтты аудан әкімі Салыхан Полатовтың алдына мәселе етіп жеткізген І.Өміров пен К.Жағыпарова өкінішке қарай, өздері кінәлі күй кешіпті. «Таудағы адамдардың да малы қырылған. Олар ештеңе деп жатқан жоқ. Сіздерге айтылды. Көмек жоқ. Өтемақы төлеу ешқандай заңға тура келмейді. Мақтааралда бірнеше ауылды су басты, ол енді төтенше жағдай. Ал бұл табиғаттың жасағаны ғой», – деп, Салыхан Сабырұлы үмітін үкілеп келген олардың бетін қайтарып тастаған.

Сол күні түстен кейін аудан әкімінің орынбасары Бекзат Әлмаханов шұғыл түрде Төтенше жағдай комиссиясының отырысын өткізіп, небәрі 7 минутқа созылған жиында бастығының сөзінен аса алмай, төтенше жағдай жариялаудың қажеті жоқ деген шешімге келді. Сонда қырылып қалған малды айтпағанда, адам жанын жалмаған алай-дүлей боран төтенше жағдайға жатпаса, онда қандай жағдайлар төтенше есептеледі? Осы сауалға жауап іздегенде төмендегідей мәліметтерді кезіктірдік. «Төтенше жағдай дегеніміз адамдардың қаза табуына әкеліп соққан немесе әкеліп соғуы мүмкін, олардың денсаулығына, қоршаған ортаға және шаруашылық жүргізуші объектілерге нұқсан келтірген немесе келтіруі мүмкін, халықты едәуір дәрежеде материалдық шығындарға ұшыратып, тіршілік жағдайын бұзған немесе бұзуы мүмкін авария, зілзала немесе апат салдарынан белгілі бір аумақта туындаған жағдай. Төтенше жағдай пайда болу себептеріне қарай табиғи сипаттағы және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларға бөлінеді».

«Төтенше жағдай туралы» Заңда, сондай-ақ, «Дүлей зiлзала (жер сiлкiнiсi, сел, қар көшкiнi, су тасқыны және басқалар) су бөгеттерiнiң бұзылуы, тыныс-тiршiлiктi қамтамасыз ететiн электр энергетикалық және коммуникациялық жүйелердегi, тазарту құрылғыларындағы авариялар себеп болған және жағдайды дереу тұрақтандыруды, құқық тәртiбiн қамтамасыз етудi, қажеттi құтқару және авариялық-қалпына келтiру жұмыстарын жүргiзу үшiн жағдай жасауды талап ететiн табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар жатады», «Әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдай – адам шығындарына, денсаулыққа зиян келтiруге, елеулi мүліктік шығындарға немесе тұрғындардың тiршілiк әрекетi жағдайының бұзылуына әкеп соғуы мүмкiн немесе әкеп соққан әлеуметтік қатынастар саласындағы белгілі бір аумақта қайшылықтар мен жанжалдардың туындауымен байланысты төтенше жағдай» деген жазбалар да бар. Сонымен қатар, «Төтенше жағдайды енгiзуге себеп болған мән-жайларды жою, адам мен азаматтың қауiпсiздiгiн, құқықтары мен бостандықтарын қорғауды, Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын қорғауды қамтамасыз ету төтенше жағдайды енгiзудiң мақсаты болып табылатыны» деп тайға таңба басқандай жазылған.

Әрине, біз маман емеспіз, бірақ, жоғарыдағы Заңда жазылғандар Созақтағы оқиғаның нағыз төтенше жағдай екенін анық айтып тұр емес пе? Бұдан артық не керек енді? Тағы бір көңілге кірбің салар жайт — боранды күнде тоңып өлген адамға қатысты қылмыстық іс арыздың болмауы себебінен қысқартылып кетіпті.

Атам қазақ «Жаны ашымастың қасында басың ауырмасын» деп дөп айтқан ғой. Әлгі қаза болған адамның отбасы мүшелерінің, ағайын-туыстарының орнына әркім өзін қойып көрсе қандай болар еді? Осындай ауыр ойдың жетегімен біз аудан басшысы Салыхан Сабырұлынан төтенше жағдай жариялауға не кедергі болғанын сұраған едік. «Төтенше жағдай жариялау менің құзырыма кірмейді», – деді ол жауапкершіліктен басын алып қашып. Шынында да солай ма? Төтенше жағдай жариялау аудан, қала басшыларының құзырына кірмей ме?

Мұның жауабын білу үшін тағы да заң талаптарына жүгінуге тура келеді. Заңда төтенше жағдай жариялауға аудан басшысының құзыреті жүретіні анық көрсетілген. Тіпті, мұны күнделікті өмірде көрініс беріп жатқан жағдайлар да растайды. Айталық, былтырғы көктемде қатты жауған жауын салдарынан Шымкент қаласына қарасты бірнеше ауылды сел шаю қаупі туындағанда Еңбекші ауданының әкімі Ғ.Илиясов 2020 жылғы 18 мамырдағы №5 хаттамаға сәйкес, «жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жариялансын» деген шешім қабылдаған болатын. Нәтижесінде бюджеттен қаржы бөлініп, шығындар қалпына келтірілген. Жоғарыда айтылған екі оқиғада да табиғи сипаттағы төтенше жағдайдың орын алғанын байқауға болады. Бірақ, Еңбекші ауданының әкімі төтенше жағдай жарияласа, Созақ ауданының әкімі мұндай шешім қабылдамақ түгілі зардап шеккен азаматтардың өздерін кінәлайды. Сонда бұл екі лауазым иесі үшін еліміздегі заң талаптары екі түрлі болғаны ма?

Ата заңымызда Қазақстанның басты байлығы адам мен оның денсаулығы, қауіпсіздігі екені көрсетілген. Ендеше, халыққа жақын болса, Созақ ауданындағы жергілікті билік зардап шегушінің қойшы немесе шенді екеніне қарамастан әрбір адамның өмірі үшін күресуі керек еді. Бір адамның өмірін сақтап қалу үшін қажет болса Төтенше жағдай жариялау керек болатын. Бірақ олай етпеді. Салдары қандай болғанын жоғарыда айттық. Шенеуніктер қар басқан ауылдардан тіпті ертеңіне де хабар алмаған. Мұны әкімдердің салғырттығы дейміз бе, әлде жауапсыздығы ма? Бәлкім, бұл халыққа деген жанашырлық пен қамқорлықтың жоқтығынан туындаған келеңсіздік болар? Мұны, енді оқырманның өзі екшеп алар.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *