Қоғам

«Сән әлеміне бет бұрдым»

Жұлдыз АУДАНБАЕВА, әнші:

…Көрмей-ақ қой мені, көрмесең,

Жанымды мазалай берме сен!

Сенсіз де таң атып, күн батар,

Келмей-ақ қой, келмесең, — деп ән шырқап, кезінде талай жігіттің жүрегін  тербеген жас әнші Жұлдыз Ауданбаева соңғы жылдары көрінбей кетті. Біз ерке әнімен, жарасымды сәнімен көңілде қалған қылықты аруды іздеп тауып, арнайы сұхбаттасқан едік. Жұлдызы жарқыраған Жұлдыз қазір Лондонда тұратын болып шықты. Біз әншінің елге жолдаған ыстық сәлемінің белгісі ретінде сұхбатын назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.

— Жұлдыз, шетелде тұрып жатыр екенсің. Өзіңді жақсы көріп, сүйіп тыңдаған көпшілікке қазіргі күйің туралы айтып өтсең.

         — Рахмет! Ерінбей іздеп тауып, жырақта жүрген бір қызымыз бар екен деп сұхбат алып жатқандарыңызға қуанып қалдым. Амансыздар ма? Қазір отбасыммен бірге Лондондамын. Жолдасым Нұрқанат Сүттібаев осы жергілікті алпауыт компаниялардың бірінде жұмыс істейді. Ұлдарым Елнұр мен Бекнұр да жергілікті мектепке барып, білім алып жүр. Өзім шығармашылықтың ауылынан аса алыстаған жоқпын. Жаныма ән мен сән әлемі жақын болғандықтан, сахнадан тыс жүрсем де, әсемдік әлеміне қызмет етудемін. Яғни, қыз-келіншектерге талғаммен дұрыс киіну жөнінде кеңес беретін стилист-имиджмейкермін. Әдемілік пен үйлесімдікке жаным құштар болғандықтан, шығармашылық толқыныстар осы саладан алыстап кетпеуіме себеп болуда. Осы салада шығармашылығымды шыңдап, білім алып, тәжірибе жинақтаудамын.

         — Демек, сахнадан қол үзіп қалуыңа отбасылық жағдай себеп болды ма?

         — Солай десе де болады. Сахна негізінен танымалдыққа қызмет етеді емес пе? Ал, мен қазір танымалдыққа қызықпаймын, оған ұмтылмаймын. Мектепті бітіргеннен кейін бакалавр, магистрлік оқуды жалғастырып, жұмыс істеп, тұрмысқа шықтым. Сахна осылайша өмір ағымымен қалып қойды. Бірақ, өнер Жаратушыдан берілетін сый болғандықтан, әркез менімен бірге. Оны мен қабылдаймын, құрметтеп, әрі қарай өздігімнен дамытудамын. Өнер тек ән айтып, би билеу ғана емес, одан да терең құбылыс деп білемін. Алла қаласа, алдағы уақытта тамаша туындылар, шығармашылық жаңалықтар болады деген үміттемін. 

         — Демек, сән әлеміне біржола бет бұрдың ба?

— Осы сала бұрыннан өзімнің жаныма жақын. Сондықтан, қыз-келіншектерге дұрыс, сәнді киіну бойынша кеңес беремін. Онда нәзік жандыларға талғаммен, жарасымды киім таңдау, өзіне жарасатын түсті білу бойынша бағыт-бағдар, нақты кеңес айтылады. Сонымен қатар, киім дүкенінен не сатып алғаны дұрыс, гардеробын қалай реттеу керек, қашан, қалай киім алу керек деген сұрақтарға жауап беремін. Жұмысымды онлайн және офлайн түрде жүзеге асырудамын. Жақсы көріп істейтін ісім болғаннан кейін осы салада біраз жетістікке жетсем деген арманым бар.

         — Елге жиі келіп тұрасыңдар ма?

        — Иә. Нұрқанат екеуміз облыстық «Дарын» мектебінде бірге оқығанбыз. Екеуміз де белсенді оқушы болдық. Мен өнер жарыстарында, ол білім сайыстарында түрлі олимпиадаларға қатысатынбыз. Нұрқанат мектепте вундеркинд оқушы атанған, «Хабар» арнасынан көрсетілетін республикалық «ХХІ ғасыр көшбасшысы» бағдарламасына қатысып, жеңімпаз болған. Оқуды да жақсы оқыдық. Бірақ мектепте екеуміз жақын араласқан жоқпыз, тек бір-бірімізді сырттай білетінбіз. Ол Алматыға оқуға түсіп, кейін Америкаға кетті. Мен Алматыда оқитынмын, вконтакте желісінде әңгімелесіп, жақыннан  танысып-араластық. Содан бері біргеміз. Біз үшін әрине, Қазақстанға жететін  жер жоқ. Сыртта жүрген соң өз еліміздің артықшылықтары мен кемшілігі білініп тұрады. Егер кемшілігін байқасақ, біздің елде ондай әдеттің жоқ екеніне іштей қуанып, шүкірлік етеміз. Ал, артықшылығын көрсек, шіркін, бізде де осылай болса деп армандап қоямыз. Қанша дегенмен, бұл жақ басқа тілді, бөтен менталитетті халық. Сондықтан, елге жиі барып тұруға тырысамыз. Ата-ана, бауыр, достарымыздың барлығы туған елде. Бара қалсақ қазақша емін-еркін сөйлесіп, еркелеп, мәре-сәре болып қаламыз.

         — Бүгінде шетелде оқып, білім алған жастар көбіне сол жерде тұрақтап қалып қояды. Бұл мәселе Елбасы назарынан да тыс қалмай, Үкіметке елдегі оқу орындарында білім сапасын арттыруды тапсырған болатын. Осыған байланысты өзіңнің көзқарасың қалай?

         — Негізі біз Ұлыбританияға жақсы білім алып, тәжірибе жинап,  дүниетанымымызды кеңейтіп, өз еліміздің өркендеуіне үлес қоссақ екен деген ниетпен келдік. Қазір Аллаға шүкір, ағылшын тілін үйреніп, балаларымыз да сапалы білім алуда. Елге оралатын ниетіміз бар, бірақ барлығын уақыт көрсетеді.

  • Сахнаға әнші ретінде қайта шығуың мүмкін бе?

         — Қазір алға қойған мақсат, жоспарларымның әншілікке қатысы жоқ. «Сахнаға шықпаймын» деп те үзілді-кесілді нақты айта алмаймын. Өйткені, барлығын бір Алла біледі. Әзірге нақты жоспар құрып, әндер жазып, ұмтылып жүрген жоқпын.

         — Сахнадағы биязы бейнесі көптің көңілінде қалған Жұлдыз бүгінде қандай келін екен?

         — Атам да, әкем де елге белгілі ақын кісілер. Әкем Бақытжан Ауданбаев қазір Алматыда өзінің «Жебе» баспа үйінің жұмысын жалғастырып, кәсібін  дөңгелетуде. Шығармашылықтан алыстаған жоқ, жастарға арнап әлі де әнге өлең жазып жүр. Ал, қайын атам Орынбасар Сүттібай Төлеби ауданы, Ленгір қаласында тұрады. Белгілі ақын, аудандық газетке еңбегі сінген қаламгер. Ол кісіні өте жақсы көремін, құрметтеп, сыйлаймын. Қаншама әннің сөзін жазған танымал кісілердің құдандалы болуы да тегін емес шығар. Бұл бір өзіміз үшін де қызық жағдай. Басқа келіндерден айырмашылығы жоқ, қарапайым келінмін. Орамал тағып, елімде қалай жүрсем, Лондонда да солай жүремін. Скайп арқылы сәлем саламын. Ас үйде көбірек болуға тырысып, үй шаруасын атқарамыз. Түрлі ұлт өкілдерімен араласып тұрамыз, қонаққа шақырғанда оларға біздің қонақжай дәстүріміз таңсық көрінеді. Қолымнан шыққан тағамдарды «Осының бәрін өзің пісірдің бе, қалай, қандай» деп зор қызығушылық танытады. Қонақжайлық қанымызға сіңген әдет екенін осында түсініп жатырмыз. Шын мәнінде біздің қыз-келіншектеріміз барлығына да үлгеретін, қонақжай, дастарқанды жайнатып жіберетін керемет жан екенін біліп жатырмыз. Өткен  мерекемен барлық аяулы жандарды шын жүректен құттықтаймын!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *