Өмірдің өзі

Ауылға «қармақ берген» Қамар апай

Бүгінде өз кәсібін  өзі дөңгелетіп, тірліктің көзін  тапқан  азаматтар қатары көбейіп келе жатқаны қуантады. Ал,  мұндай жандардың қатарында шеттен келген қандастарымыз болса, еріксіз риза боласыз. Өйткені, жырақтан келіп, елге сіңісіп, ешкімге алақан жаймаған мұндай жандар көпшілікке үлгі.

         Сондай жандардың бірі Қамар  Оразбекова бүгінде өз нәпақасын тауып қана қоймай, жергілікті жұмыссыз халықты да еңбекпен қамтып отырған іскер әйел. Ол бүгінде Түлкібас ауданының Шұқырбұлақ ауылына келіп, кәсіппен  айналысады. Күре жолдың бойынан асхана ашқан аспаз арлы-берлі өткен  жолаушыларға ыстық тағамның түр-түрін  ұсынады. Әсіресе ұлттық тағамдарға көбірек мән беретін аспаздың асханасына клиенттер де сол үшін  жиі бас сұғады екен. Өзі шағын болғанмен, жұмысы шашетектен  асхана жұмысын қазір 28 нәзікжанды атқарады. Оның барлығы да осы ауылдың жұмыссыз қыз-келіншектері. Жеті жыл бойы Атырауда «Қазмұнайгаз» компаниясында бас аспаз болып жұмыс істеген Қамар  апайдың  жалақысы да жоғары болыпты. Бірақ, көп жылдық тәжірибеден кейін өз ісін қолға алуды жөн көрген.

         —Оңай жерде нан жоқ, бәрі еңбекпен келеді. Қазіргі кәсібімді отбасылық бизнес деуге болады. Өйткені, осыншама жұмыс бір адамның ғана қолынан келмейді. Бұл жер қанша жыл бойы жабық тұрған екен. Көп адам жұмыс істегісі келгенімен, тұрақты айналысу қолдан келмеген сияқты. Еңбегіміз адал,  таңғы сағат алтыда тірлік басталады. Негізі ақша өздігінен келеді деп отыру бос сөз. Физикалық жағынан емес, моральды жағынан да шаршайтын кез болады, —дейді ол.

         Жол бойында тізіліп тұрған өзге асханалардан ерекшелену үшін әрі клиенттерді көбейту үшін Қамар апай ерекше идеялармен  жұмыс істегенді жақсы көреді. Мәселен, келушілерге арналған мәзірдегі тағамнан  бөлек, ауыл қаймағын тегін  таратады екен. Бұл бір шетінен қайырымдылықтың да белгісі. Кейде жол бойында қаражатсыз  кетіп бара жатқан жандарды да тегін тамақтандырып жіберуді сауап іс деп біледі. Қыста оның қолынан  шыққан қуырдақ пен асылған еттің дәмі де өзгеше. «Кәсіпті жолға қойып алғаннан  кейін тек ақша көбейтуді ойламай, басқа да құндылықтарға мән берген дұрыс. Мысалы, қазақтың қонақжайлық қасиетінің үлгісін көрсетуге барынша тырысамыз. Түркияға бара қалсаңыз, жергілікті аспаздар кафеге бассұққаннан-ақ пиццасы мен шәйнегін ала жүгірмей ме? Жол бойында  тек өзіміздің отандастарымыз ғана емес шетелдіктер де сапарлайтындықтан олар да келіп тұрады. Соларға кеңпейілімізді көрсету үшін  түрлі идеялармен жұмыс жасау керекпіз», — дейді Қамар Исабекқызы.

         Асханадан нәсібін арттыру тек еңбекті талап ететінін жақсы білетін кәсіпкер күні-түні бір тынбайды. «Бұған көрші еңбекқор өзбек елінде туғанымның да әсері болар, бірақ ол жақта негізінен  мемлекеттік  жұмыс атқарғанбыз. Атамекенге келіп,  өзімнің осы сүйікті ісімді кәсіпке айналдырдым. Өзбекстанда негізінен  асхана жұмысымен тек ала тақиялы ағайын ғана айналысады. Ол жақтағы қазақ жастарының өзі енді-енді ғана асхана ісіне араласуда. Қазір қоластымда жұмыс істейтін  28 адамның барлығы осы ауылдікі. Бірі жұмыссыз, екіншісі кірпіш зауытында істеген дегендей. Мұнда күнделікті еңбекақыларын тұрақты алып отырады. Егер тәулік бойы тынымсыз жұмыс істемесек, шығынды ақтамайды» дейді.

         Қалта қамын ғана емес, жолаушылар жағдайын да ойластырған  Қамар апайдың асханасында келушілерге ыстық тағамнан бөлек басқа да жағдайлар  жасалған. Арнайы көлік тұрағы жасалып,  намазхана салынуда. Асхана ішіне қазақы құрақ көрпелер төселген. Ал, арнайы қонақ күтетін  үш бөлмеде боранды күні қалып қойған  жолаушылар  түнейді. Ауыл тұрғындарының тапсырысымен  кішігірім банкеттер, шағын думандар, мерекелік басқосулар ұйымдастырылады. Қолы ашық,  қонақжай кәсіпкерді ауыл тұрғындары да жақсы көріп, «Тома» деп еркелетеді екен. Бұл атаудың да өз тарихы бар. Орыс ұлтының өкілдері «Қамар,  демек,  Комар. Орысшада Комар маса дегенді білдіреді. Бірақ сен шағып алатын масаға мүлде ұқсамайсың. Жақсылық жасауға құмарсың,  демек Томасың!» деп осы есіммен атайды. Ауыл келіндерінің қаймақ, құрт,  май сияқты сүт өнімдерін  сатып алып, жолаушыларға ұсынып отырған асхана иесіне қарапайым тұрғындар әркез риза.

         Қиындықтарға қарамай, тірлігін дөңгелеткен кәсіпкердің өзіндік қиындықтары да жоқ емес. Әсіресе, пандемия жағдайында көлік қозғалысының тоқтатылуы оңайға соққан  жоқ. Карантин шектеулері толық алынып, жол қатынасы жақсарса алға қойған жоспарлары да көп. Жазғы тапшан  орнатып,  бассейн салу, жұмысшылар санын  елу-алпысқа дейін жеткізу көзделуде. «Тіпті, ол кезде көрші Өзбекстан, Қырғызстан елдеріне де қатынас жақсарып, келушілер саны артар еді. Ал, бұл біздің жұмысымызға үлкен серпін бермек»  дейді кәсіп иесі.

            Иә, Елбасы Н. Назарбаев өзінің «Төртінші өнеркәсіптік жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында «Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жұмыссыздар экономикалық өсімнің резерві саналады. Мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мәселесін қарастыру жөнінде бірнеше рет талап қойғанмын. Адамдарды нәтижелі жұмысқа тарту үшін көбірек мүмкіндік беріп, олардың жеке кәсібін бастауына немесе жаңа мамандық алып, жұмысқа орналасуына жағдай жасау керек. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында оның құралдарын нығайта отырып, халықтың осы санаттарын кеңінен тарту қажет».

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды тіркеу үдерісін мейлінше жеңілдетіп, оларға мемлекет алдындағы міндеттерін адал атқару тиімді болатындай жағдай туғызу қажет. Қазақстандықтардың жаңа жұмыс орнын салыстырмалы түрде тезірек иеленуге, соның ішінде еліміздің басқа да елді мекендерінен жұмыс табуға мүмкіндігі болуға тиіс» деп кеңінен атап көрсеткен болатын. Өзі-өзі жұмыспен  қамтып қана қоймай,  ауыл тұрғындарына «балық аулайтын қармақ ұстатқан» Қамар апайдың ісі көпке үлгі боларлық!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *