Біле жүріңіз

Наурыздағы қазақша романтика

Елбасы-Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деп атаған кезекті  Жолдауында Ұлттық бірегейлікті сақтау туралы: «Ұлттық жаңғыру деген ұғымның өзі ұлттық сананың кемелденуін білдіреді.

Оның екі қыры бар.

Біріншіден, ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейту. Екіншіден, ұлттық болмыстың өзегін сақтай отырып, оның бірқатар сипаттарын өзгерту. Қазір салтанат құрып тұрған жаңғыру үлгілерінің қандай қатері болуы мүмкін? Қатер жаңғыруды әркімнің ұлттық даму үлгісін бәріне ортақ, әмбебап үлгіге алмастыру ретінде қарастыруда болып отыр. Алайда, өмірдің өзі бұл пайымның түбірімен қате екенін көрсетіп берді. Іс жүзінде әрбір өңір мен әрбір мемлекет өзінің дербес даму үлгісін қалыптастыруда.

Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс.

Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана»,- деген болатын.

Елбасы бұл жолдауындатігін айтып анық айтып отыр. Бәрі дамыған заманда жаңалықтың болуы заңдылық, бірақ салт-дәстүр сақталу керек.  Жыл басы Наурыз – ғашық жүректердің тоғысқан сәті. Наурыз мерекесін тойлауда түрлі салт-дәстүр болған. Уақыт ағымына сай қазір олардың көбі ұмытылды. Соның бірі — бір-бірін ұнатқан бозбала мен бойжеткендердің жаңа жылда ұсынар сыйлығы «Селтеткізер» мен «Ұйқыашар» дәстүрі. Бұл салтта бозбаланың сезімі ғана емес, халықтың ұғымы мен танымы, әдеті мен әдебі жатыр. Ұлыстың ұлы күні құрбылар таңды бірге қарсы алып, бір-біріне «селтеткізер» сыйлап, «ұйқыашардан» дәм татқан. Бұл күнде «селтеткізерін» сүр еттей сақтаған сайыпқыран ұяң сұлудың «ұйқыашарынан» дәмелі.

Сен он бесте, құрбым-ау, мен де он бесте,

Екі он бесте қосылса, тең келмес пе?

Қалқатайдың бергені жарты мейіз,

Бөліп жесек екеуміз олжа емес пе? – деп өлеңдетіп, бір мейізге зар болған бөріктіге Ұлыстың ұлы күні ұлан-асыр той. Ұлт ұғымында ғасырлар бойы сақталған бұл игі дәстүрдің астарында атан түйеге жүк болар мән-мағына жатыр.

Қазақ дәстүрінде «қызға қырық үйден тыйым» деп қыз бала тәрбиесіне ерекше мән берген. Бойжеткен ешқашан да өз сезімін бірінші болып жігітке сөзбен жеткізбеген. Сондықтан оны кестелі орамал сыйлау арқылы білдірген. Жастар түні бойы алтыбақан теуіп, ауылдың алты ауызын айтқан. Қыздардың көңілі бозбаланы хош көрсе, жас малдың етіне уыз қосып, дәмдеп тағам пісірген.

Ал, мерекеде бозбалалар бойжеткендерге «селтеткізер» сыйлығын табыстаған, ондағы айна – жастықты, тарақ – әдемілікті, әтір – ләззатты білдіреді. Аталған дәмнің «Ұйқыашар» аталуы да бекер емес. Жастар жүректі тебіренткен сол сезімді сөзбен жеткізуден көрі, бағалы сыйлықпен дәлелдеген абзалырақ дейді. «Ұйқыашардың» қалай жасалатыны туралы қалыптасқан өлшем жоқ. Зерттеу­шілердің кейбірі соғымнан қалған сүр етті немесе жас етті уызға салып пісіреді десе, кейбір зерттеушілер «ұйқыашар» ащы қатық қосып дайындалған бидай көже тәрізді қуатты тағам деп түсіндіреді. «Ұйқыашар ащы қымыздан немесе езген құрттан жасалады. Кейде сұйытылған айранға құрттың сары суын қосып та дайындайды.  Осыған қарағанда, «ұйқыашар» белгілі бір тағамның аты емес, керісінше, тағамды сылтау етіп, өзінің көңілін, іңкәр сезімін білдіретін дәстүрдің аты секілді.

Қазақ жастары ертеректе бір-біріне сезімін қалай білдірген? Ғашықтық сезімнің көбі – ақ пен қара теңеліп, жаңа таңды той-думанмен қарсы алар Ұлыстың ұлы күнінде айтылған. Бұл күні бойжеткен серісіне «ұйқыашар» әзірлеп, бозбала «селтеткізер» сыйын дайындайды. Тарих беттері осындай дәстүрлер арқылы Төлеген – Жібегімен, Ақан сері – Ақтоқтысымен, Біржан – Ләйлісімен, Абай – Әйгерімімен табысқан деседі. «Дәстүрдің озығы, тозығы бар» десек те, жастар жарастығының алтын қазығындай болған осы дәстүрлер қазір сақталған ба? Жас ұрпаққа мейрамның ерекшелігін түсіндіріп, оның қадір-қасиетін санасына құю керек. Бұл атаулы күнде ежелгі дәстүрлерімізді жаңғыртып, заманға сай қолдана білуіміз қажет.

Қоғам дамып, адамзат мәдениетінің тоғысуы тездеген бүгінгі таңда халқымыздың өсіп-өнуіне, жастарымыздың басына шаңырақ көтеріп, бауырына қазан асуына көп септігі тиген «ұйқыашар» мен «селт еткізер» де тұрмысымыздан алыстап, ұмытылып барады. Десе де, Валентин күні мен жаңа жылда бір-біріне сыйлық таңдап жататын жастар қазақтың төл мерекесі Наурызда осы дәстүрді қайта жаңғыртып, қазақша романтикаға толы күн ретінде атап өтуді әдетке айналдырса, әбестігі жоқ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *