Қоғам

«Қаратау» мектебі ашылды!

Шымкент қаласында «Қаратау» дәстүрлі өнер мектебі ашылды. Жаңа мектептің тұсаукесер салтанатына қала әкімі Мұрат Әйтенов қатысып, лентасын қиды. Сондай-ақ, қала әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан, зиялы қауым өкілдері, білім, мәдениет басқармасының басшылары қатысты. Қонақтар жаңа мектепте жұмыс істейтін  үйірмелермен  арнайы танысып, аралап  көрді. Екі қабатты су жаңа ғимаратта қала мектептерінің оқушылары түрлі бағытта өнер үйрене алады. Қала әкімдігінің қолдауымен ашылған дәстүрлі өнер мектебі 10 бағыт бойынша жұмыс істейді. Оның ішінде ақындық өнер, әншілік,  күйшілік,  шешендік,  актерлық өнер бойынша түрлі салаларды меңгеруге балғындардың таңдауы бар. Сондай-ақ,  би өнері,  қолөнер, бейнелеу өнері, вокал,  мультипликация бағыты бойынша да білікті мамандардан дәріс ала алады.

Мектеп ғимаратымен танысу сәтінен кейін  жиылған қауым арнайы дайындалған жиырма минуттық  концерттік бағдарламаны тамашалады. Айтыскер ақындар Нұрлан  Есенқұлов пен  Қажымұқан  Абзалов арнау айтып, дәстүрлі әншілер жырдан  шашу шашты. Елбасы Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында  «Біз жат идеологиялардың әсері туралы айтқанда, олардың артында басқа халықтардың белгілі бір құндылықтары мен мәдени символдары тұрғанын есте ұстауымыз керек. Тиісінше, оларға өзіміздің ұлттық құн­ды­лықтарымыз арқылы ғана төтеп бере аламыз» дей келе, Үкіметке жүйелі жұмыс атқаруды тапсырған болатын. Нәтижесінде кенжелеп қалған  дәстүрлі өнер салаларын жандандырып,  жастарға кеңінен насихаттау қолға алынуда. Дәстүрлі өнерге қызығушылық танытушы жастарды іздеп тауып,  бойдағы талантын ұштап, кәсіби өнерпаз болуына жол ашпақ. Жаңа өнер мектебінің директоры болып  айтыскер ақын, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері Біржан Байтуов тағайындалды.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *