Басты жаңалықтар Мәселе

Кентау тағы тоңды

Ал басшылық сөзден жаңылуда

Биылғы қыс ерекше болып тұр. Әдетте бұл уақытта бәйшешек шығып, өрік гүлдеп кететін оңтүстікте көктемнің алғашқы айы ортасына келгеніне қарамастан қарлы боран соғып, әбігерге салды. Қазақта «Қыстың қамын жаз ойла» деген сөз бар. Бұл қағидадан ауытқымағандар бүгінде қыс шанасын жазда сайлап, қамсыз отыр. Ал, жоғарыдағы ережені ұмытып, жаз бойы  арқаны кеңге салатын басшылар да жоқ емес.

Біздің бұлайша сөз бастауымызға тағы да Кентау қаласы себеп болып отыр. Өткен сенбіде қалада апаттық жағдайға байланысты жарықтың сөнгені, үйлерге жылу берудің тоқтатылғаны туралы мәлімет тарады. Күн борап, ысқырық аяз бет қаратпай жатқанда жылудың болмауы жақсылықтың нышаны емес. Бұрын да осындай аязда Кентауда жылу болмай,  басшы біткенді аяқтан тік тұрғызған болатын. Өткеннен сабақ алмағандықпа, әйтеуір мұндай төтенше жағдай Кентауда тағы қайталанды. Әрине, табиғаттың тосын мінезіне төтеп беру мүмкін болмаған шығар, алайда аязды күнде адамдарды суық қараңғы үйде бүрсеңдеп ұзақ отыруға мәжбүрлеу ешқандай сылтауды көтермесе керек. Апаттың салдарын жою неге ұзаққа созылды? Бұл салғырттық пен басшылардың жұмысты дұрыс ұйымдастыра білмеуінің салдары секілді. Жауапты орындарда осы саланы жетік меңгерген мамандардың жетіспеуі табиғат тосын мінез танытқанда оған дайын болып шықпағанын көрсетті. Бұл жауапсыздыққа кім кінәлі? Мүмкін мәселе табиғаттың тосын мінез танытуында емес, жүйедегі ақауларды дер кезінде байқап,  оларды жаңартуға қауқары жетпейтін біліксіз кадрларда болар?  Зейнетке шықса да орнын босатқысы келмейтін мамандар мен «көке-жәкесі» арқылы кездейсоқ тағайындалғандардың  басшылықта отыруы да себеп болуы ғажап емес.

Сонымен Кентауда жылу беру тоқтатылды. Бұл жөнінде жауапты мамандар тұрғындарды сабырға шақыру үшін қажетті үндеулерді таратуда. Бірақ бұл сөздер суықта тоңып отырғандардың үйіне жылу мен жарық бермейтіні анық. Сонымен тұрғындарды жылумен қамтамасыз ететін мекеме қызметкерлері не деді, енді соған тоқталайық.

«14 наурыз таңғы сағат онда «Жылу энерго» орталықта электр энергиясын беру басталды. Қазіргі уақытта орталық штаттық мерзімде жұмыс жасауда. Сіздерден түсінушілік пен сабырлықпен қарауды сұраймыз», — дейді  Кентау қалалық жылу орталығының басшысы Сәбит Дауылбаев. Ал, Кентау қаласы әкімінің орынбасары Арман Басаров: «13-наурызда ауарайының күрт сууына,  желдің қатты соғуына байланысты Кентау қаласын қамтитын жоғары желілі қуат көздері қаламыздың 70 пайыз тұрғынын электр энергиясынсыз қалдырды. Сонымен қатар, Кентау энерго, яғни жылу орталығын қамтитын электр желілері зақымданып, жылу орталығының жұмысы толығымен тоқтаған болатын. Қала әкімшілігі тарапынан барлық қажетті шаралар ұйымдастырылып, түнімен жүйелерді қалпына қайта келтіру жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда, яғни сағат тоғызда жылу орталығына электр энергиясы берілді. Қажетті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Яғни, кешке дейін осы бүгінгі күні 14.03. жылу беру жоспарлануда. Сонымен қатар қалада электр энергиясынсыз қалған тұрғын үйлер кешке дейін толығымен электр энергиясымен қамтылады деп жоспарлап отырмыз. Қазіргі таңда қажетті бригадалар тартылған. Біздің «Оңтүстік жарық транзиттен» және де «Кентау энерго» ЖШС тарапынан қажетті бригадалар жиналып жұмыстар атқаруда» деп түсінік берді.

Бұдан кімнің не түсінгенін білмейміз, бірақ біз екі азаматтың да желіде таратқан осы үндеуін барынша түсінікті жазуға тырыстық. Қысқасы, Кентау халқы тағы  тоңды, ал әкімдер сөзден жаңылуда. Бұл екі басшы да 14 наурыз күні тұрғындарға жарық пен жылудың берілетінін айтты. Бірақ Кентауда сөз бен істің арасында айырмашылық бар секілді.  16 наурыз күні редакцияға хабарласқан Фарух Нұрматов есімді Кентау қаласы тұрғының сөзі дәлел бола алса керек.

—Әкімдіктегілердің жылу беріледі дегеніне үш күн болды, – деді шенділердің құрғақ сөзіне ашынған қала тұрғыны. – Бүгін далада  13  градус суықты көрсетіп тұр. Үйдің іші салқын. Кішкентай баламыз бар, әкем инсульт алған. Не істерімізді білмей отырмыз. Мен Нахимов көшесінде тұрамын. Жарық та, жылу да жоқ. Телефондарымыздың қуаты да таусылға таяу. Жексенбі күні жарық 30 минут жанды да қайта өшіп қалды. Апатты жағдайда қызмет көрсетушілерге хабарлассақ қазір барамыз деп алдай береді. Жылу батареяларының  ішіндегі су қатып, бұрандары шытынай бастады. Ертең жылу берсе, олардан су ақса не болмақ? Апат болып жарық сөнген екен, сонда бұларда қосымша генератор болмаған ба? Алдын ала мұндай жағдайға байланысты дайындық шаралары неге қарастырылмаған? Алдағы уақытта да апаттық жағдаймен жарық сөнсе, осылай жылусыз қалып қара халық зардап шеге беру керек пе?

Расында ойланарлық мәселе. Мейлі жоғары кернеулі тоқ өткізетін мұнара құлап, жылу орталығының электр бағандарын зақымдаған екен. Халықты қинай бергенше неге соны жөндейтіндердің жұмысын жылдамдатпасқа? Әкімдердің күндіз-түні ұйықтамай жұмыс істеп жүргенін түсінеміз, бірақ жұмысты апаттан кейін емес, апатқа дейін, яғни соны болдырмаудың амалын неге алдын ала қарастырмайды ?  Оқырманның есінде болса, осыдан 7-8 жыл бұрын қыс ортасында Кентауда жылу тоқтап, адамдардың жан-айқайы Елорадаға дейін жеткен болатын. Оның ақыры сол кездегі қала әкімінің жұмыстан кетуімен аяқталғаны көпшілікке белгілі. Бұл жолыда мыңдаған тұрғынды жарықсыз, жылусыз қалдырған Кентаудың әкімі Дәурен Махажанов қызметтен кете ме, әлде бейтараптық танытып отыра бере ме, ол жағын уақыттың еншісіне қалдырдық.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *