Қоғам

Бала денсаулығы бәрінен қымбат

Санитарлық тазалықтың адам өмірінде қаншалықты маңызды орын алатынын әлемдік пандемиялық жағдай дәлелдей түскендей. «Тазалық —саулық кепілі» демекші, санитарлық ережелердің талапқа сай сақталуы көптеген індеттің алдын алады. Бүгінде эпидемиялық маңызы жоғары нысандардың бірі — білім беру ұйымдары болып табылатыны белгілі. Сондықтан, көпшілік ең жиі шоғырланған мектептер, балалар мен жасөспірімдер ордасы саналатын білім беру объектілері мен жатақханаларға жылына бір рет зертханалық-аспаптық зерттеулер мен тексерулер жүргізіледі.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетіне қарасты  Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті өңір халқының саламаттылығы саласында аянбай еңбек етіп, бақылау мен қадағалауды заң аясында жүзеге асырып келеді. Жалпы, тексеруге жататын нысандар эпидемиялық маңыздылығы жоғары және эпидемиялық маңыздылығы төмен болып екіге бөлінеді. ҚР Кәсіпкерлік Кодексінің 2015 жылғы 29 қазандағы 144-бабына сәйкес аталған ұйымдарда ерекше тәртіп бойынша жүргізілетін тексерулер өтеді. Осы кодекстің 143-бабының 1-тармағы, 15-қосымшасына сәйкес білім беру объектілеріне тексеру құжаты бекітілген. Бұл құжаттағы 99 сұрақтың 49-ы мектептердегі санитариялық-эпидемиологиялық жағдайды тексеруге бағытталса, оның ішінде 29-ы өрескел, 17-сі елеулі және 3-і елеусіз болып табылады. Ал, кодекстің 144 бабына сәйкес бақылаудағы объектілерге 2 түрлі тексеру  жүргізіледі. Атап айтқанда, тәуекел дәрежесін бағалау негізінде ерекше тәртіп бойынша және жоспардан тыс тексерулер мектептің санитарлық деңгейін бақылауда ұстайды.

Департамент өкілдері Кодекстің 147-бабы 1-тармағына сәйкес ерекше тәртіп бойынша тексеру жүргізу туралы  (нысанның тексерілетін күнін, бұйрық талаптарын көрсете отырып) күнтiзбелiк отыз күн бұрын мекеменің уәкілетті тұлғасына алдын-ала қолма қол табыстайды. Өткен жылдың екінші жарты жылдығындағы тексерулер әлемді жайлаған пандемияға және қазан айында мекеменің қайта құрылып, атауының өзгеруіне байланысты желтоқсан айына жоспарланған болатын. Мектепке жүргізілетін әрбір тексерудің тағайындау актісі «Құқықтық статистика және арнайы есепке алу» басқармасында міндетті түрде тіркелетінін ескертуге тиіспіз.

ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» 2014 жылғы 5 шілдедегі № 235-V Кодексі  425-бабының 1-тармағына сәйкес ҚР халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнамасының талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтердi, техникалық регламенттерді адам денсаулығына зиян келтіретін бұзушылықтар үшін түрлі мөлшерде айыппұл салынады. Нақтырақ айтсақ, жеке тұлғаларға 30 АЕК, лауазымды тұлғаларға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға 230 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілерге 310 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілерге 1600 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады деп көрсетілген. Өкінішке қарай, білім беру ұйымдарына алдын-ала тексерілетіні туралы хабарлама берілгенімен, кемшіліктер азаймай отыр. Облыста 916 (906 мектеп, 10 Дарын мектеп-интернаттары) білім беру ұйымдарын ерекше тәртіппен тексеруге 784-і жоспарланып, 311 білім ошағы тексерумен қамтылған.

Дені сау ұрпақ тәрбиелеу бүгінгі біздің басты міндетіміз. Сондықтан білім беру мекемелерінің өкілдерін санитариялық-эпидемиологиялық тексерулерге түсіністікпен қарап қана қоймай, жағдайды сапалы жүзеге асырып, кемшіліктермен жұмыла күресуге шақырамын.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *