Біле жүріңіз

Сайрамсуға саяхат

Елімізде көрікті де әсем жерлер көп. Соның бірі Түркістан облысы,  Сайрам-Өгем МҰТП-нің Төле би филиалы, Сайрамсу шатқалында орналасқан Сайрамсу көлі. Көркіне көз тоймайтын  көлге саяхаттауға әрбір жан құмар-ақ.

       Сайрам-Өгем МҰТП аумағында 11 туристік бағыттар (соқпақтар) ұйымдастырылған. Олар: Мақпал көлі, Сусіңген көлі, Сазаната өзені бойындағы петроглифтер, Сайрамсу көлі, Сарыайғыр өзені — Сусіңген өзені — Оңтүстік тур базасы, Бозторғай жылғалары, Владислав шыңы. Сондай-ақ, Қасқасу-Сусіңген көлі, Сарыайғыр өзені бойындағы шатқал, Құс базары, Үшбастөбе ескі қонысы болып жалғасады.  

      Осының ішінде тоқталып өтетін туристік бағыттардың бірі Сайрамсу көлі.  Көлге бару үшін арнайы соқпақ жолдар жасалған. Қозғалыс түрі — жаяу. Сайрам-Өгем МҰТП Төле би филиалы, Сайрамсу шатқалында жануарлар мен өсімдіктердің, құстардың сирек кездесетін түрлері, «Қызыл кітапқа» енгендері де көптеп кездеседі. Саябақ жануарлар әлеміне де бай. Құстардың 300-ге жуық, сүтқоректілердің 60-тан астам түрі мекендейді. Өте сирек кездесетін жануардың бірі – қызыл суыр (Мензбир суыры). Сондай-ақ тау ешкісі, сібір елігі, қабан,  Тянь-Шань қоңыр аюы, қар барысы, тағы басқа жануарлар да кездеседі.  Өсімдіктердің де бірнеше түрі, соның ішінде «Қызыл кітапқа» енген 62 түрі бар. Атап айтқанда, Грейг қызғалдағы, Кавказ таудағаны, Зеравшан аршасы,  итмұрын, шырғанақ, бөрі қарақат, бүлдірген, қожақат, ақ қайың және тағы басқалар. Сонымен қатар көлге барар жолда құстардың да ерекше түрін көптеп кездестіруге болады. Сайрамсу шатқалында саяхатшыларға арнайы жағдай жасалған. Киіз үй, монша, қонақ үй және тапшандар қызмет етеді, табиғи тау қымызы мен түрлі дәруменге бай өсімдіктен жиналған балдан дәм татуға болады.

     Сайрамсу көлі бағытындағы негізгі пункттер: «Альтекс» СТФ кемпингі, Сайрамсу өзені, Қырғилы жылғасы, Қапжайлау жылғасы, Сайрамсу көлі. Бағыт ұзақтығы 14 шақырымды құрап, «Альтекс» тур кешенінен басталады және Сайрамсу өзенінің кең әрі көрікті шатқалы арқылы өтеді. Оңтүстік шығыста Сайрам шыңының ұшар басы менмұндалап тұр. Тур кешенінен жоғары соқпақ жол алдымен өзеннің сол жақ, кейін оң жақ жағалауымен жалғасып жатыр. Бір сағаттан кейін Қырғилы жылғасын кесіп өткен жол Сайрамсудың оң жағалауымен оңтүстік-батыс бағытына апарады. Шатқалдың солтүстік және шығыс беткейінде әдемі арша ормандары, өзен жағалауында қалың қайың орманы бар. Бір сағат жүрген соң Қапжайлау жылғасын кесіп өтіп, асуға келіп тоқтайды. Бұдан кейінгі бағыт гүлгүл жайнаған альпі шалғындарынан өтеді. Екі сағаттық қиын емес көтерілу және соқпақ жол көлге әкеледі.

 Сайрамсу көлі қазаншұңқырда, өзен көздерінде теңіз деңгейінен 2500 метр биіктікте орналасқан. Өзен аумағындағы Сайрамсу көлінің әсемдігін алыстан-ақ көруге болады. Көлдің түсі ашық көкшіл және ашық жасыл болып келеді. Кез-келген ауа-райында оның түсі өзгермейді. Су өте салқын және көлдің пішіні гитара тәріздес. Оңтүстік бөлігінде көлді толықтырып тұратын су көздерінің ағыны бар. Көлдің батыс бөлігі қалың ашық жасыл түсті өсімдікпен жабылған.

       Сонымен қатар Сайрамсу көлінен жоғары тағы бір көл бар. Ол жоғары Сайрамсу көлі деп аталады. Көлді тамашалауға жан-жақтан туристер көптеп келеді. Сайрамсу көліне саяхатшыларды аптасына 3 топтан (әр топта 10-15 адамнан) жіберуге рұқсат етілген. Ал сәуір айында аптасына тек 1 туристік  топқа ғана рұқсат беріледі. Себебі бұл айда құстар мен жануарлар балалайтын уақыт  және де саяхатшыларға қауіпсіздік шаралары қатаң ескертіледі. Әсіресе от жағу кезінде аса сақтықпен қарау қажет. Себебі орманның өртену қауіптілігі өте жоғары. Егер сіз күнделікті қала өмірінен шаршасаңыз, таза ауамен демалып, тау қымызын ішіп, Сайрам-Өгем тауларына көтеріліп, Сайрам — Су өзені мен көлін тамашалауға болады.   

           Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: Табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Өз жеріңді танып біл» жаңа бастамасы аясында еліміздің өңірлері бойынша жаппай мектеп туризмін қайта жаңғырту керек» деген болатын. Аталған бағыт бойынша Қасқасу, Майбұлақ, Көксәйек ауыл округтеріндегі мектеп оқушыларын туған жер табиғатына қызығушылығын арттыру үшін тиімді жобалар жасалуда. Карантин шектеулері аяқталса, бұл жобалар бойынша қарқынды жұмыстар атқарылады деп күтілуде.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *