Қоғам

«Танылу үшін көптің ортасында жүру маңызды емес»

 Мақпал ТӨРЕБЕК, ақын:

Бүгінгі дәуір ізденістегі қоғам тынысымен үндесіп тұр. Әсіресе өзін-өзі тану мен  жетілдіру процесі үздіксіз соққан  сағаттың сыртылындай дамыл таппай, алға жылжып келеді. Міне, осы үдеріс толқынына жармасып, жағалаудан шеттемеуге жанталасқан жандардың тіршілігі бір сәт ой тоқтатып  қарауға тұрарлықтай. Әлеуметтік желіні игілікке жаратып, өзінің де, өзгенің де дамуына үлес қосып жүрген ақын Мақпал Төребекпен сұхбатымыз әдебиет пен ізденіс турасында өрбіген еді.

        — Мақпал, журналистика саласында қалам ұштап жүрсең де әдеби ортаға әуелі жас ақын ретінде танылдың. Айшы, өлең жазуға қай кезден құмарттың?

         — Кей ақындар өлеңді өн бойына туғаннан дарыған деп жатады. Менде ондай болған жоқ сияқты. Замандасымыз Батырхан: «Бақытсыздың бәрі — ақын» деп жырламап па еді? Мені де өлеңге жетелеген — тағдыр. Абай Қалшабек ағамыз анасы өмірден өткенде «Анасын жоғалтып, оның қаншалықты қиын екенін сезінген адамдар қалайша айтпаған, біз оны ұғар едік қой» деген мағынада толғанысын білдірген еді. Әке мен шешеден ерте айрылуым қалам ұстауға сеп болған сияқты. Жастайымнан тағдырдың теперішін көрдім деген  ұят шығар. Қазақта ағайын-туыс ұғымы бар, жат жерде өскен жоқпыз. Бірақ,  әке-шешенің орнын сезінбеу, махаббаттын аңсау мені өлеңге әкелді деп ойлаймын. Көк дәптерге шимайлаған шатпақтарымды жастығымның астына тығып жүретінмін. Бір күні апам көріп қойып, ұрысқан еді. Сонда ақындықтың қыз бала үшін қаншалықты ауыр жол екенін айтқаны есімде қалыпты.

         — Өлең жүгін арқалау қыз баласына қаншалықты қиын?

— Есенғали Раушановтың «Әйелден ақын шықпайды, әнші не күйші болмаса» деген өлең жолдарын қағида қылып алғандар баршылық. Өлең арқылы ер адамның айтар үні болса, қыз баласының да өзіндік ойы болады. Әйел табиғатына тән нәзіктік, мейірім лебі өлеңге де керек. Мүлде өлең жазбай кеткен сәттерімде ұстаздарымның демеуімен қайта қолға қалам алдым. Енді әрі қарай өлең өлкесінде қалу-қалмауым өзімнің жеке ізденісіме байланысты.

— Жалпы, әдеби ортадан шеткереу, бұйығы жүресін. Мұның себебі неде?

— Тек өлеңде емес, өмірде де у-шу ортаны, даңғазаны ұнатпаймын. Өзімнің әлемім, тыныштығым болғанын қалап тұрамын. Кішкентайымнан тыныштық мекені кітапхана ішінде отырғанымды, биік сөреден кітап алып жүргенімді көзіме елестетіп, армандайтынмын. Әкем болашақта кім болғым келетінін сұраса үлкен кітап дүкенінің иесі болуды қалайтынымды айтатынмын. Жанның тыныштығы, жақындарымның амандығын қалап, берекелі отбасы болуды армандағандықтан шығар, сол нәрсеге ақырындап қадам басып келемін. Сол себепті атақ-абыройға құлшыныс алаңдата бермейтін шығар деп ойлаймын.

Әрбір ақынды танытатын барлық өлеңі емес. Бізде бар өлеңінің төрт құбыласы тең, халық аузында жатталған ақын тек Мұқағали шығар… Аңғарғаным, ақынды бір-екі ғана, саусақпен санарлық өлеңі танытады екен. Ал, бүгінде танымал болу үшін көптің ортасында жүру маңызды емес. Ол жағынан кез- келген адамға мүмкіндік көп, тіпті үй шаруасымен айналысып та танылуға болады. Ақын өмірден кеткен соң оны кім айтады, кім аузына алады — маңыздысы сол шығар деп ойлаймын. Елдің есінде қалу үшін көптің алдында жүру аса қажет емес сияқты.

         — Бүгінгі қоғам өлеңді қажетсіне ме?

         — Қазір «мотивация» деген сөз сәнге айналды. Яғни адамның жігерін жанап, алға ұмтылдырып отыратын күш. Бұл бізге неге жетіспей жатыр? Адамда руханият әлсіреді. Біз қанша жерден күнкөріс қамын күйттегенімізбен,  кешегі ата-бабамыз көрген сұмдықты білмейміз. Адамзат негізі қиындық болмаған сайын жетілуге тырыспайды. Үлкен кісілер «Жоқшылықта өскен бала барға тасымайды, жоққа жасымайды. Ал, тоқшылықта өскен бала жел тұрса шыдай алмай, құлап қалады» демей ме? Қазіргі буын тоқшылықта өсіп келе жатқандықтан әдебиетті аса қажетсінбейді. Бұрын «Абай жолын» оқымаған  қазақ кемде-кем болды. Ал, бүгінгі жастар оқымайды емес, оқиды, бірақ төрт томды тауысуға төзімі жетпейді. Адамды осы төзім мен сабырға тәрбиелейтін өмірінде кездескен кедір-бұдыры деп ойлаймын.

         — Әлеуметтік парақшаңда оқуды тоқуға айырбастап, оқырмандарыңа тоқымашы қыз ретінде де танылып жүрсің…

         — Менің «фишкам» — өлең. Оқырманға әу баста өлеңмен танылдым. Ал тоқуға біржола бет бұруым да кездейсоқ жағдай. 2015 жылы қалаға оқу бітіріп келіп, «Корреспондент» газетінде тілші болып жұмыс істедім. Әріптесім Жанат апай бір күні «Сенің хоббиің не?» деп сұрады. «Кітап оқу» деп жауап бергеніме күліп, «Кітап оқу хобби емес, қажеттілік. Оны барлығы оқиды» деді. Осылайша маған тоқу туралы кеңес берді. Шынымды айтсам, асхана, тігін өнеріне еш ебім жоқ еді. Мектепте «Қыз сынына» қатысқанда ең қиын сынақ мен үшін қолөнер шарты бойынша өнер көрсету болатын. Ал, ең қиын пән денешынықтыру мен еңбек-тұғын. Осылайша қолға жіп алып, тоқи бастадым. Ол өзіме ұнамай, сөгіп тастай беремін. Бірақ, тоқуды үйрене келе бұл менің қолымнан келетін іс екенін білдім. Араға бір жыл салып, басқа жұмыс орнына ауысып, тастармен жұмыс істеуге қызықтым. Ұсақ тастардан тәспі, сырға, шаш сәндеуіш жасаумен  айналыстым. Былтырғы карантин кезінде онлайн шеберлік сабақтары хит болды. Егер адам қаласа, ниет пен әрекет болса қолдан келмейтін ешнәрсе жоқ екен. Желідегі парақшаға өзім тоқып жүрген сөмкелер мен кәрзеңкені жасап үйренгісі келетіндер туралы сұрап, жазба қалдырған едім. Бірден 12 қыз үйренуге ниет білдірді. Осылайша ойламаған жерден өзім үйреніп жүрген  өнерді кәсіпке айналдырдым. Неігізі бастапқыда мен тоқыған сөмкелердің ешбірі дұрыс шықпады. Тіпті, сегіз рет сөгіп, қайта тоқыдым. Жанымдағы құрбыларым, «шаршамайсың ба, қоя салшы, қолыңнан келмейді» деп те жатты. Бірақ, мен кейін жіп таңдаудан қателескенімді ұқтым. Айтатын дегенім, адам алдына қойған мақсаттан бас тартпауы тиіс. Осы қателіктерді өзгелер қайталамасын деген мақсатпен онлайн шеберлік сабағын ұйымдастырып, ақылы жұмыс жасауды қолға алдым.

— Оқу адамға не беретінін жоғарыда айттың, ал тоқу ше?

— Күнделікті жұмысы бар, үй мен жұмыстың арасында жүрген адам бір сәт жақсы көретін ісімен айналысу керек. Жанның тыныштығы керек болса, тоқып үйреніңіз. Ол адам жанын тыныштандырады. Мейлі ол сізге материалды пайда келтірсін, келтірмесін қол үзбеңіз. Әйелдер жаратылысынан  эмоционалды халық қой, соны сабырға жеңдіреді. Хоббиі бар адамның көп нәрсеге қорқынышы болмайды. Сонымен қатар, үйде отырып табыс таба алатын  жұмыс. Біз әдетте біреу туралы айтуға бейімбіз. Ал, жұмысы мен үй шаруасынан бөлек атқаратын ісі бар адамның біреу туралы айтуға уақыты болмайды.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *