Мәселе

Бермуд үштағаны…

Немесе жолға бөлінген қаражат қайда жоғалады?

Бермуд үштағаны жайлы естіген боларсыздар. Естімегендер болса еске түсірейік. Атлант мұхитындағы Оңтүстік Америка мен Солтүстік Американы жалғайтын үшбұрышты мүйіс — Бермуд үштағаны деп аталады. Тылсымы сол, бұл үштағаннан өткен көптеген алып кемелер, тіпті ұшақтар жиі-жиі із-түссіз жоғалып кетіп отырады. Оның құпиясын ашуға ниеттенген қаншама ғалымдардың еңбегі әзірге нәтиже берер емес.

Мақаламызды неге бұл үштағаннан бастадық? Өкінішке қарай, Қазақстан жолдарына бөлінген қыруар қаражат та кейде осы үштаған жұтқан кемелердей үшті-күйлі жоғала беретіні түсініксіз. Алысқа бармай-ақ, Арыс-Шардара тас жолын мысалға алайықшы. Бұл жолға өткен жылы ғана жөндеу жүргізілген болатын. Соған қарамастан бүгінде ол жолмен шұрық тесіктерді айналып өтпей жүре алмайсың. Тұрғындар тарапынан «қарашада ғана асфальт төселген жол қазірдің өзінде көлік жүре алмайтын жағдайға жетті» деген шағым жиі айтылып жүр. Осының рас-өтірігіне көз жеткізу үшін біз де ол жолмен жүріп көрдік.

Құлақпен естігенге емес, көзбен көргенге сен деген тәмсілге сүйенсек, жұрттың жыларман болып айтатыны рас екен. Шардара ауданының «Достық» ауылынан «Қызылқұм» ауылына дейінгі жолды жаңадан төселген дегенге ешкім сенгісі келмейді. Бірақ, ақиқаты осы. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, мұнда бір емес, екі қабат асфальт төселген екен. Ендеше неге мұншалықты аяр халде? Біз мұны жол жөндеу жұмыстарымен айналысып жүрген жұмысшылардан сұрап көрдік. Өздерін қызылордалық «Дорстрой» мекемесінің жұмысшылары екенін айтқан олар ойылған шұңқырлардың айналасын кесумен айналысып жүр екен. Келесі топ кесілген асфальттерді тазаласа, үшінші топ шұңқырларды асфальтпен жамап кетеді. Осыдан өзге ештеңе айта алмаған олардан жол құрылысына жауапты маманның қазір сол төңіректе жүргенін естідік. Аты-жөні Бақыт Маханбетов екен. Алайда, ол кісі жаңадан төселсе де тозығы жеткен жолға қатысты, дәлірегі өздерінің жұмыстарына шаң жуытқысы келмеді. Айтуынша, бұл келеңсіздікке тапсырыс беруші мекеме мен жергілікті басшылар кінәлі екен. «Бұл жол сапалы болу үшін көлік қозғалысын тоқтатып барып істеу керек, – деді Бақыт Маханбетов. – Жаңа жол пайдалануға берілгенше көліктердің жүруіне болмайды. Асфальт төселгеннен кейін бір аптадай басылып, тапталу керек. Оған жеткізбей, ауыр жүк көліктеріне шейін жоғары жылдамдықпен жүйткиді. Жылдамдықты сағатына 20 шақырымнан асырмау керектігі жөніндегі белгіге қарамайды. Осыны жергілікті билік жүйеге салуы тиіс еді. Біздің сегіз жылдық кепілдік мерзіміміз болғандықтан ойылған жерлерді кесіп алып тастап, жамап жатырмыз. Асфальттың үшінші қабатын төсерде 1-2 шақырымның бір бағытын екі жағынан тұйықтап, қозғалысты бір бағытты етпекпіз. Бірнеше күннен кейін дәл осылай екінші бағытына төсейміз. Алты миллиард теңгеге жуық қаржы қаралғандықтан, өзімізге тиесілі 41 шақырымды сапалы жасауға тырысамыз».

Б.Маханбетов айтқандай, жаңа төселген жолдың үстімен белгілі уақыт аралағында көліктің жүрмегені дұрыс, әрине. Дегенмен біз сол кезде кезіктірген жүк көліктердің көпшілігі жол салушылардың өздеріне тиесілі екенін байқадық. Сонда олар өздерінің уәжіне өздері қарсы келіп отырғаны ма? Шындығын айтқанда, жолдың сапасыз төселуінің басты себебі — жанашырлықтың жоқтығында секілді. Мердігердің ойлағаны – бөлінген қаражатты ертерек игеріп, қара батыру секілді сезіледі. Неге десеңіз, төселген асфальттың екі қабаты жарты жылға да шыдас бермесе, онда үшінші қабатының да сапалы болуына күдік-күмән көп. Сонда қазынадағы 6 миллиардқа жуық теңге тағдыры «Бермуд үштағанына» жұтылғанмен бірдей емей, немене?

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *