Басты жаңалықтар Мәселе

Арыста жарылыс салдары неге әлі күнге толық жойылмай отыр?

Арыстағы жарылысқа байланысты сол кезде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі оқиға орнына арнайы келіп, жағдаймен танысып, зардап шеккен барлық азаматтарға, яғни жеке тұрғын үйлерден бастап, барлық әлеуметтік, кәсіпкерлік нысандарды қалпына келтіру бойынша көмек көрсетілетінін айтқан болатын.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін Премьер-министр Асқар Маминнің өзі бірнеше рет жарылыстан зардап шеккен қалаға барып, құрылыс барысын бақылады. Ал облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев үшін құрылыс жұмыстары аяқталғанша Арыс екінші жұмыс орнына айналды десек те болады. Иә, көп жұмыс атқарылды. Дегенмен, соңы сиырқұйымшақтанып кеткені байқалады. Неге десеңіз, бүгінде Арыс қаласында тұрғын үйлері мен кәсіпкерлік нысандары жөндеусіз қалып қойып, жанайқайын кімге жеткізерін білмей жүргендер қатары ондаған адам.

Сөзіміз құрғақ болмас үшін нақты деректерге орын берейік. Арыс қаласының тұрғыны Асылхан Медетовтің айтуынша, оның жарылыс салдарынан жарамсыз күйге түскен үйін көрген қала әкімі Мұрат Қадырбек көпшілік алдында бірнеше рет баспанасының қайта салынатынын айтқанымен, уәде орындаусыз қалыпты. А.Медетовтың сөзі рас болса, онда Арыс қаласының әкімі Мұрат Болатұлы Президентті ғана емес, халықты да алдауға көшкен бе деген күдік ұялайды.

Күдікті сейілту мақсатында біз қала әкімінің өзімен сөйлестік. «Барған кезде айтқан шығармын. Бірақ оның үйі снарядтан емес, құрт-құмырсқа жегеннен құлайын деп тұрған секілді еді ғой. Онсыз да ескі үй болса, неге оны Үкімет жөндеуі керек? Ал кәсіпкерлік нысандар бізге қарамайды, олардың құрылысына «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасы жауапты болған. Ол нысандар кәсіпкерлерден жиналған қаржыға жөнделді. Тіпті бұл шаруаға бізді араластырған да жоқ. Сондықтан тойхана, дәмхана, басқа да кәсіпкерлік нысандардың неге жөндеусіз қалғанын «Атамекеннен» сұрағандарыңыз жөн», – деп, жауапкершілікті өзінен ысырып тастағысы келді. Алайда, қала басшысы Президенттің жергілікті жердегі өкілі екенін ескерсек, мұндағы әрбір шаруа әкімнің араласуымен шешілуі керек емес пе? Кәсіпкерлік нысандар жөнделмей қалған болса, әкімдік тиісті мекемеден сұрау салуы қажет деп ойлаймыз. Өйткені, Арыс қаласының кәсіпкерлері біріншіден, жергілікті қазынаның бүйірін толтырып, экономикасын көтеруге қызмет етсе, екіншіден, жұмыссыздықты жоюға үлкен үлес қосады. Сонда әкім мырзаны бұл жайттар да қызықтырмайтын болғаны ма?

Әкімнің әңгімесінен кейін біз «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының Арыс қаласы бойынша басшысы Маханбет Төлебековке те хабарластық. «Бөлінген қаржы таусылды. Енді қайтадан сұрап жатырмыз. Жоғарыдан қаржы берсе, жөндейміз», – деді ол. Сұраған қаржы бөлінсе жақсы, ал бөлінбесе ше? Қираған ғимараттар сол күйі қала бермек пе? Елге жаны ашитын әкім мұндай жағдайға жергілікті кәсіпкерлердің тағдырына көзжұмбайлықпен қарап, «біздің шаруа емес» деп жайбарақат отыра алмаса керек-ті.

Әрине, көп мәселенің қаржыға келіп тірелетіні айтпаса да түсінікті. Бірақ, Арысты қалпына келтіру үшін арнайы қор құрылып, оған демеушілер есебінен миллиардтаған қаржы құйылды. Мемлекет тарапынан бөлінген қаражат та аз болмады. Ұлттық компанияларға да көп міндеттеме жүктелді. Осыншама көмек бола тұра қаржы қалайша жетпей қалады? Бұл сауалға нақты жауап алу мүмкін емес. Дегенмен, біз өз тарапымыздан зерттеу жасап көрдік.

Бізге белгілі болған мәліметке сенсек, Арыста 448 кәсіпкерлік нысанға қаржы бөлінгенге ұқсайды. «Қазаншының өз еркі, қайдан құлақ шығарса» демекші, жиналған қаражатты жұмсау құзыры берілген азаматтар «бармақ басты, көз қысты» әрекеттерге жол бермеді ме екен деген күдік те жоқ емес. Мәселен, зардабы тиген кейбір дүкендерді жөндеуге 38 миллион, қоғамдық тамақтану орнына 51 миллион, бір көлік жуу ғимараттарына 15 миллион теңгеден артық қаржы аударылған екен. Тізбектей берсек, мұндай мысалдарды ондап келтіруге болады. Қаражат осылайша бей-берекет жұмсалған болса, әрине, жетпейді. Біреулер артығымен ақша алады да, енді біреулеріне соқыр тиын да бұйырмайды. Неге барлығының құқын тең көрмегені түсініксіз. Осыған байланысты әлі де болса тексеруші органдар тарапынан тексеру жүргізілсе екен деп ойлаймыз. «Ондаған миллион қаржы алған кейбір ғимараттардың сырты ғана боялып тұр. Кейбір құрылысы бітпеген тойханалар көмек қаржының арқасында толығымен аяқтап алды. Бір дүкенді жөндеуге 30 миллионнан аса қаржы беру деген не масқара? Сондай қомақты қаржыға ие болғандардың көпшілігі жоғарыда көкесі барлар. Ешкімі жоқ біз секілділер төбесі ортасына түскен ғимараттарымызға аянышпен қараудан басқа амалымыз болмай тұр. Осы да әділдік пе? Біз осыған байланысты жоғарыдан тексерудің тағайындалғанын қалаймыз», — дейді көмексіз қалған кәсіпкердің бірі Мұхамбетжан Сапарханов.

Әрине, әділетсіздік орын алған жерде наразылықтың бой көтеретіні белгілі. Олай болса, Арыстағы жарылыс салдарынан зардап шеккендердің жанайқайын тыңдар құлақ табылып, ақиқатты су бетіне шығарады деген үміттеміз.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *