Өмірдің өзі

Құлымбет бұлағы

Өмір өтіп жатыр, қариялар кетіп жатыр. Бірақ сол бабаларымыздың атында қалған ел-жер, су аттары өлкемізде әлі бар. Соның бірі — Қазығұрт ауданындағы Құлымбет бұлағы.

Түкті кілемдей құлпырған көкорай далаға қараған сайын көз тоймайды. «Ауна, асыр сал! Еркін еңбек ет! Дән сеп, мал бақ!» деп тұрғандай. Жылғаны қуалай мөлдір бұлақтың суы ағып жатыр. Осы өңір Құлымбеттің жайлауы еді. Бұлақ сол кісінің есімімен аталған.

Бұлақ маңында өрік ағашы көп болған. Құлымбеттің байлық жөнінде Қазығұрт өңірінде атағы да жайылған-ды. Үйір-үйір жылқысы мыңға жеткен. Осы бұлақта Есенқұл, Байғұл, Сарықұл, Керімқұл, Қалқұл, Келесбай, Исақ,  Айтжан, Досқұл, Лес, Рысалы әулеттері өмір сүрген. Ауыл қариясы Өмірбай ақсақал Құлымбет жайын құпияламай, былай әңгімелейтін еді.

Құлымбеттің көзі ілініп кетеді. Денесі жыбырлағандай болады. Басын  көтеріп алса, көкірек тұсында аузын арандай ашып, аждаһа сияқты ақ жылан  иіріліп жатыр екен. Сасқанынан қарауға дәті шыдамай, жыланды таспен ұрып өлтіреді де көміп тастайды. Кейін кездескен бір адамға ақ жыланды өлтіргенін, оны көмген жерін көрсетеді. Бірақ, ол жерде жылан болмай шығады. Содан бастап Құлымбеттің бағы тайып, байлығы кетеді. Жылқыдан тұяқ қалмайды.

Құлымбеттің ұлы Қалықұлдың үйінің маңы ит тұмсығы өтпейтін қалың бау болатын. Ол сол кәсіппен айналысатын. Әйелі Қызтумас шешеміз бақсы болған. Ауруды үш күн оқып, егер жазылмаса зікір салған. Зікір аурудың бір үйінде ойнайды. Бұл зікірге аурулармен бірге бірнеше адамдар, намаз оқып, қолынан тәспісі түспейтін адамдар қатынасады. Олардың көбісі — егде, орта жастағы ауыл адамдары. Бала көтермеген, жын соққан адамдармен бірге көз тиген балалар да қатысады. Ол кісінің тобылғы сапты қамшысы болатын. Бұл қамшы кейін баласы Келесбайға қалды. Ол да назарланған балаларды оқып, жазатын.

Келесбайдың баласы Қалуға ердәуіт дарыған. Ол «Коммунизм» кеңшарында отыз жылдан астам ұстаханада еңбек етіп, темірді балқытып, қамырша илеген жан. Бәйімбеттің бір ұрпағы Есенаман. Оның жас кезінен  молда, диуана атағы шығып, елге әйгілі бола бастаған. Он жастан бастап намаз оқыған. Қара құрт шаққан адамды оқып жазған, ит қауып, есі ауысқан жігітті байлап әкелгенде оны өз аяғымен қайтарғанын көргендер бар. Оның ерекше қасиетін халық мойындаған екен. Басындағы сәлдесін тастамаған, екі қамшысы болған. Бір қамшысын атқа, екінші тобылғы сапты қамшымен адам емдеген. Бірде оны көрші ауылдағы біреу ауру адамды емдеуге шақырады. Атқа мініп барады. Барған, ауырған үйден тұз-дәм татпайды екен. Адамды емдеп жатқанда үй иесі сыртқа шығып, ат дорбамен атына жем береді.

— Е, бекер жем бердің ғой, — деп налиды Есенаман. Сөйтіп атына мініп үйіне қайтады. Жолшыбай бір көк лақ аттың аяғына оралып жүргізбейді. Ол көкпар сияқты лақты жерден іліп алып, алдына өңгереді. Ат дір ете қалады. «Ұрғашы ма, теке ме екен?» деп желінін ұстағанда әлгі лаққа тіл бітіп «Уысың толды ма?» депті. Тілін кәлимаға келтіріп, албастының төбе шашын жұлып алып, шашты үйіне әкеліп, құран кітаптың ішінде сақтайды. Атамыз шашты кітапқа салған күннен бастап күнде кешкілік ұзын бойлы, алабажақ көйлек киген, шашы ұзын сұлба көзге елестейтін болады. Ол үнсіз, еңкеймейді, қимылдамай, бедірейіп босағаға жақын жерде тұрады. Атам үйде болғанда жоламайды. Ол кісі «тілдеріңді бисмиллаға, кәлимаға келтіріп жүріңдер, шайтан қашады» деп еске алатын немересі Зәбира.

— Шашын өзіне неге қайтармадыңыздар? — деп Зәбирадан сұрағанымда: — Егер шашын қайтарып берсек біздің біреуімізді майып қылады дейтін атам.

Қайран уақыт, бір кезде осы мекен менің ата-бабаларымның жайлауы болған дегенге кім сенеді? Ел жаңарып, жұрт қазан болған шақта өткен күндер естелігін хатқа түсіріп қалдырғаннан басқа белгі жоқ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *