Қоғам

  Аль-канун – Отырарда…

ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Мәдени мұра» бағдарламасын іске асыруды жалғастыра беру, сөйтіп өткенді пайымдау арқылы қазіргі заман мәдениетін жан-жақты дамыту қажет» деген болатын. Өткенді пайымдау арқылы өскелең ұрпақты тәрбиелеу тек мемлекеттік мәдени мекемелер жұмысында емес, шығармашыл тұлғалардың еңбектерінде  көрініс табады. Ал, оны жас ұрпақ бойына сіңіре білу баршамыздың парызымыз. 

Ғұлама ғалым Әбу Насыр әл Фарабидің Мысырдағы музыкалық аспаптары мен ноталары жақында елімізге әкелінді. «Екінші Ұстаз Әбу Насыр әл-Фарабидің Ислам өркениетіне қосқан үлесі» атты Мысыр-қазақ ғылыми-тәжірибелік конференциясында сурет көрмесі өткен отырарлық суретші Әділхан Мәлік бабамыздың жәдігерлерін жергілікті музей қорына табыстады. Игі іске Қазақстанның Мысырдағы төтенше және өкілетті елшісі Лама Шариф Қайрат Қайыржанұлы мұрындық болып, меценат Серікжан Сейтжанов демеушілік танытты.

         Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің Сапар орталығында аталған жәдігерлерді музейге салтанатты тапсыру рәсімі аясында арнайы іс-шара өтті. Салтанатты жиында Мысырда өткен конференцияда шетелдік ғалымдардың ұсыныстары жазылған баяндама оқылды. Бұл ұсыныста шетелдік ғалымдары аль –канун музыкалық аспабын қазақтың ұлттық аспабы ретінде қабылдап, оны үйренуге үйірмелер ашуға, Мысыр елінен 10 дана аль-канун музыкалық аспабы мен оны үйрететін музыка мамандарын жіберуге ықылас танытқан. Сондай-ақ, Мысыр тарапы Қазақстанның реставрация мамандарының біліктілігін арттыруға арналған оқуларды Каир қаласында ұйымдастыруға және мұсылман әлемінің тарихи – мәдени ескерткіштерін қорғау және қайта қалпына келтіруге қызығушылық білдірген. Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейі Мысырлық археологтармен бірлесіп, Әл-Фарабидің дүниеге келген Оқсыз қалажұртына ғылыми-зерттеу жүргізуге ұсыныстар жасаған.

Іс-шара аясында Мысырдан әкелінген Фараби бабамыздың «әл-канун» аспабының сүйемелдеуімен тарихи ғұламаның сөзіне жазылған, Сағынтай Тәттібайұлының «Қашықтасың туған жер» әні аудандық Мәдениет үйінің әншілері Айнұр Нұртаза мен Гүлдана Сармырзаеваның орындауында тұңғыш рет шырқалды. Қобыз аспабының сүйемелдеуімен Арайгүл Мұтиғуллина Әл-Фарабидің «Ачем Пешрев» шығармасын орындап, көпшілікті тебірентті.

Салтанатты іс-шарада сөз алған қонақтар бабадан қалған құндылықтарды елге жеткізген азаматтарға алғыс білдіріп, Отырар тарихы тағы бір құнды жәдігермен толыққанына қуанды. Іс-шараға аудан әкімдігінің өкілдері, тарихшы ғалымдар, зиялы қауым өкілдері, облыстық мәдениет басқармасының мамандары мен музей қызметкерлері қатысты. Ал, Мысырдан әкелінген Әл-Фарабидің музыкалық аспаптары мен 40-қа жуық ноталары Отырар  мемлекеттік-археологиялық қорық-мұражайының Сапар орталығындағы «Әл-Фараби» залынан орын алды.

Каирден жеткен көне сый

Біз тарихи жәдігерді бабалар өлкесіне аманаттаған белгілі суретші, ақын Әділхан Мәліктің шығармашылығы жайында оқырмандарды кеңірек таныстырғанды жөн көрдік. 

— Ежелден-ақ жеті кереметтің бірі саналған пирамидалар мекенін, өнердің өркениеті қалыптасқан мысырлықтарды аз ғана туындыларымызбен таңдандыра алмаспыз дегенбіз. Алайда, бұлай болмай шықты. Конференцияға жиналған әр елдің фарабитанушы зиялы қауым өкілдері ә дегеннен-ақ картиналарға зейін сала қарағыштады. «Әл-Фарабидің туған жерін көрмесек те, көргендей болдық-ау» деп ыстық ықыласты лебіздерін білдіріп жатты. Мұны аудармашы қазақ қызы Рабиға Төлебай бізге жеткізді.

Прфессор суретші Тахир Абдулазиз «Әріптестерім, сіздердің картиналарыңызды мұқият қарағанда көне Отырар қаласының көшесін араладым.  Әбу-Насырмен «кездестім», кітапханасына бас сұғып, бал татыған жүзімнен «дәм таттым». Күні бүгінге дейін қайдағы мен жайдағыны кескіндеп, уақытты босқа өлтіргеніме өкініп тұрмын. Сіздер танымы мол тарихи тақырыпты алып, әл-Фарабиді бүге-шігесіне дейін қылқаламмен  жазғансыздар. Жазғанда да қиялдарыңызға адамды иландырып, ақиқатқа жетелейсіздер» деп қолымызды алып, арқамыздан қақты. Бір замандардағы Бейбарыс сұлтан салдырған алып та ғажайып мешіттің қазақы ою-өрнектермен безендірілгені, қаланың бір шетіндегі ұзын қалашықта мәмүлік қыпшақ ұрпақтарының мекендеп жатқаны бізді одан сайын оларға жақындата түсті,  —дейді Ә.Мәлік.

Суретшінің айтуынша, іс-сапар барысында «Діндер мен  мәдениеттер арасындағы сұхбат» атты отыз бірінші халықаралық конференция да өтіп жатқан. Египетті елеңдеткен қазақ өнері мен руханияты іссапарының бастамашысы, елші Қайрат Лама Шариф болды. Мысырлықтардың асыраушы анасындай болған, Ніл  дариясы бойынан салынған қонақүйде арабтың ұлттық тағамы кушериден қазақстандық делегация дәм татып, «Арыстанды Қарабас» желіне ұқсас «Хамсейн» желінің самалын сезінді.

«Сапар соңында елші «Елге үлкен олжамен бара жатырсыз. Отырар археологиялық қорық-музейі қызметкерлеріне «Әл-Фараби қолданып, құлағында ойнаған канон, ребаб музыкалық аспаптарын сол музейге қалай да жеткіземін» деген уәдем бар еді. Оны жеткізіп, табыстау саған бұйырды» деп жәдігерлерді аманаттады. Аталмыш көрмелер мен конференция туралы ақпараттар Мысырда кеңінен тарады» дейді руханият өкілі.

Әділхан аға әлемі                        

Әділхан ағаның қылқалам ұстауына бала махаббаты себеп болыпты. Тоғызыншы сыныпқа жаңадан келген арудың суретін салуға құмартады. Өзі салған портретке қызыққаны сондай, шығармашылыққа ынтызарлығы оянады. Қазір өнерге деген ұлы жол ашып берген әлгі қызға ризалығы шексіз. Осылайша алғашқы қызығушылық кейін мамандық таңдауға ұласып, Манап Өтебаев колледжінде, кейін Москва Ха­лық өнері университетінде білім алады. Өнер зерт­теуші Е.Л.Должикованың же­тек­шілігінде сурет өнеріндегі «қон­дырмалы живопись» маман­­­дығында оқиды. Оты­рар мемлекеттік архео­логиялық қорық-мұра­жайында жұ­мыс істеген еңбек жолында Нұржан Әбілдаев, Са­пан Ер­гөбек, Кенде­бай Қарабдалов, Лес Жусанбаев, Асантай Әлімов, Әбілда Жұ­машев сияқты ауыл академиктерінен тәлім алды.

Суретші шығармаларында өзгелерге байқалмайтын сыршыл әлем әсерлі бейнеленген. «Жа­манның өзінен жақсыны, жақ­сының өзінен жа­манды тауып аламын. Қазір бәрі де өзгерді. Рушылдық дерті меңдеп барады. Ата қуып, ата қоразға айналдық. Адам­дар бойында мейірімсіздік оты тұтанды. Сіркесі су көтермес, селтеңбайлар белең ал­ды. Қоғамдық орындардың өзі байларға жә­не кедейлерге арналған деп екіге жарылды» дейді суретші. Үнемі шығармашылық бабында жүретін Әділхан аға ізденіс көзі кітапхана деп біледі. «Ізденіс кез-келген шығармашылық иесінің көзін ашады. Ал, алыстан іздемей-ақ өз айналаңнан қажеттіні тауып, туындыға айналдыру өнер иесінің шеберлігі. Уақытпен са­нас­пай еңбек ету, сананы сілкілеп, ой мар­жанына ерік беру — ізденістің ілгерісі. Тынымсызға таяқ тастам жерден тамызық табыла береді. Бастысы — идея сарқылмасын», — дейді өнер иесі.

Суретші үшін әр шығармасы өз баласындай ыстық. Соның ішінде «Отырар кітапханасы» картинасы көрмеде жоғары бағаланып, мемлекет меншігіне сатып алынған. Ал, суретшінің көпшілікке танымалдығын арттырған — «Отырар — ой­шылдар отаны» атты энциклопедиялық пан­но кар­ти­насы. Суретшінің бұл алып картинаны салуына Бексейіт Түл­киевтің «Ұлы көш» туындысы ой салған. Барлығы 112 тұлға көрініс тапқан картинада композитор, Әнұран авторы Ш.Қалдаяқовтың бей­­не­ленбей қа­луы Әділхан ағаға ой салып, қолға қалам алуына түрткі болады. «Неге біз де отырарлық тұлғаларды бейнелеп шық­­­пасқа?» деген ой келіп, Оты­рар ауданы Мәдениет жә­не тілдерді дамыту бө­лімінің қолдауымен үлкен еңбекті жарыққа әкеледі.

Жалпы, белгілі тұлғалардың портретінен құралған картина әлемдік тәжірибеде бар ізденіс. Режеп Тайып Ердоғанды жылатқан 10 мың кескін бей­неленген картина Түркияда және И.С. Глазунов салған еңбек Ресейде бар. Ал, Қазақстанда Б.Түлкиевтің «Ұлы көші» менмұндаласа, Оты­рар­дағы картина жоғарыда айтылған шығармалар тізбегін толықтырады. «Мақсатым — ұлттық рух­ты көтеру, ел бірлігін сақтап, ын­тымаққа шақыру, жастардың бойына патриоттық сезім ұялату, Отырар азаматтарының шын мәнінде ұлықтауға лайықты екенін дә­лелдеп, ұмытыла бастаған тұлғаларды қай­та жаңғыртып, ел есіне түсіру», — дейді шығармашыл жан.

 Әр картина бір романға тең, әрқайсысының өз айтар ойы, діттеген мақсаты бар деп білетін суретші туындыларында көбіне адам бейнесін қамтиды. Мұның сырын «Кез-келген қоғамның басты байлығы адам. Мен де адамдарды жақсы көремін, олар­дың ішкі дүниесіне үңіліп, бояу ар­қылы көрсетуге тырысамын. Жасампаз тарихты да жасайтын адам болғандықтан оларды талмай бейнелеуден жалықпаймын» деп түсіндіреді.

Қолына қылқаламмен қоса қаламын қатар ұстаған өнер иесі өлең де жазады. Шумақтары төрт аяғын тең басқан, ойлы өлеңдер суреттегі бояулар сөзін оқып тұрғандай. Бүгінде әке жолын қуған ұл-қыздары да бірі ақындыққа, екіншісі суретшілікке бейім болып өсті.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *