Басты жаңалықтар Мәселе

«Ертең жанады» деген жарық әлі берілмей отыр

«Өзге пікір» газеті өткен нөмірлерінің бірінде «Қара түнекте қалған ауылдар… Ержігіт Шәріпбеков жағдайды толық білмейтін секілді», – деген тақырыппен Бәйдібек ауданының көптеген ауылдары жарықсыз қалғанын өзекті мәселе етіп көтерген болатын. Біз хабарласқанда аудан басшысы Ержігіт Шәріпбекұлы «Жұмыс атқарылып жатыр. Жағдай бақылауда. Ағыбетте ертең жарық жанады деп жоспарлап отырмыз», – деген болатын.

Содан бері екі апта уақыт өтті. Әрине, Ержігіт Шәріпбекұлы айтқандай, бұл табиғаттың танытқан тосын мінезі екенінде дау жоқ. Алайда, мәселені табиғаттың «мінезіне» жаба салып, қалыптасқан жағдайға салғырт қарауға да болмайды. Қолдан келгенше әрекеттену керек, қайран болмаса облыстан, тіпті республикадан да көмек сұрағанның айыбы жоқ. Қалай болғанда да ғылым мен техника дамыған ХХІ ғасырда ауыл адамдарын үш аптадан астам уақыт пілте шамға тәуелді етіп қою аудан басшысының іскерлігіне сын болса керек.

Апта басында бізге тұрғындары қара түнекте қалған Бәйдібек ауданының Ағыбет ауылдық округінен хабарласқан Серікбай есімді азамат былай деді: «Жарық жанады деп еді, қайда сол уәделері? Жарықтың сөнгеніне айға жуықтады. Енді қашанға дейін қараңғылық құрсауында қалуымыз керек? Әкімдікке барсақ «жаңбырдың салдарынан жер лай болып, транспорт жүре алмай, батып жатыр» деген уәждері дайын. Транспорт бара алмаса басқа амалын қарастырсын, біз қашанғы пілте шаммен отырамыз? Қазіргі ахуалымызды білгісі келсе, әкім ауылымызға атпен келсін. Адамдардың лай-батпақты қалай кешіп жүргенін көзбен көріп, жүрегімен сезінсін. Жарықтың ақысын төлеуді бір күн кешіктірсек, қиып кетеді. Оны қосу үшін айыппұл төлейміз. Енді тұрғындарға осындай қиындық тудырғаны үшін неге жауап бермейді? Көктем бойы жаңбыр жауса, қол қусырып отыра бермек пе сонда?»

Оқырманымыздың осы жанайқайынан кейін біз өзге ауылдардағы жағдайдың қандай екенін сұрастырып білдік. Алған мәліметтерімізге сенсек, аудандағы 52 елдімекеннің жартысына жуығы әлі жарықсыз отырғанға ұқсайды. Аудан тұрғындарының басым бөлігін жарықсыз қалдырған бұл табиғи құбылысты неліктен төтенше жағдай деп жарияламағаны түсініксіз. Сол кезде бәлкім жан-жақтан көмек келіп, бүгінде бәйдібектіктердің үйлерінде сығырайған пілте емес, электр шамы жарқырап тұрар ма еді?!

Жарықтың берілуі неліктен кешігіп жатқанын білу үшін аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Марат Енжановқа хабарластық. «Мендегі мәлімет бойынша бүгінгі таңда 15 елдімекенде жарық жоқ, – деді бөлім басшысы. – Біз қолдан келген шаруаны істеп жатырмыз. Ауылдарда жарық жанды. Бірақ елдімекендер арасын жалғастыратын желілерді қоса алмай отырмыз. Жаңбыр жиілеп кетуіне байланысты далада жүру мүмкін емес. Екі ауыл арасын байланыстыратын электр бағаналары егін алқаптарының үстімен, жоңышқалық жерлермен тартылған. Онда көлік бара алмайды. Бармақ болғандары жарты жолда лайға батып жатыр. Оны сүйреп шығармақ болған К-700 тракторларының өздері қауқарсыз. Жаңбыр тоқтап, жер дегдісе жөндеу жұмыстары жалғасады. Жалпы, 10 сәуірге дейін барлық ауылдарға жарық беруді жоспарлап отырмыз».

Аудан басшысының екі апта бұрын «ертең жанады» деген Ағыбет ауылдық округіне қарасты ауылдардың жайын да сұрап білдік. Округ әкімі Жасұлан Оразханұлы қазіргі кезде округке қарасты Ағыбет, Жұлдыз, Алғабас, Жаңаталап деп аталатын төрт елдімекеннің бәрінде жарық жоқ екенін айтты. «Ағыбетте жарық жанып еді, кеше қайта сөнді. Жөндеу жұмыстары жалғасуда. Бүгін түстен кейін жанады деп күтіп отырмыз. Ал енді қалған үш ауылда жарық жоқ екені рас. Ол ауылдың тұрғындары пілте шаммен отыр. Ара-арасында шағын мотор қосқандары да бар. Біз өз тарапымыздан жарық жанған ауылдардағы моторларды қараңғыдағы ауылдарға апарып берудеміз. Кәсіпкерлер тарапынан жанармайдан көмектесушілер бар», — деді ауыл әкімі.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтар болсақ, жаңбырдың тоқтаусыз жауғанын себеп етіп, ауызды қу шөппен сүртіп, қол қусырып отыра беруге болмайды. Әрекет түбі берекет. Өзге аудандарда мүмкін болған жұмыс неге бәйдібектік әкімдердің қолынан келмей отыр? Әсіресе, жас балалар мен оқушыларға обал болды. Онсыз да онлайн оқимыз деп сапа жоғалтып отырған мезетте мүлдем жарықсыз қалу олардың сабақ үлгерімін тіпті төмендетіп жіберетіні анық. Ата-аналардың да басты уайымының бірі осы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *