Өмірдің өзі

Достықтың дәнекері

«Мен қазақстандықпын» деген Тимур Елбасы Жолдауына қолдау білдіреді   

Түркістан облысының Мақ­та­арал ауданында туып-өскен кәріс ұлтының азаматы Тимур Пак өзін қазақ елінде кіндік қаны тамғанына бақытты санайды. Тимурдың атасы өткен ғасырдың қуғын-сүргін жылдары елімізді паналап келген екен. Құшағын айқара ашқан қазақ топырағына сіңісіп, тіршілігі біте қайнасып, туыс­­тай болып кетті. Тіпті, қыз алы­сып, қыз берісіп, құда-жек­жат арттырғандар да бар.

Тимур алғашқы еңбек жолын Ал­ма­ты облысының Қаракемер ауылынан  бастаған. Бүгінде Шымкент­тегі №88 мектепте ұстаз болып еңбек етеді. Белсенді азаматты қоғамдық шараларда көзіміз жиі шалады. Дене­шы­­нықтыру пәнінен сабақ бе­­ре­тін Тимур өнер мен спортқа бейім. Қазақ тіліне жетік отандасымыз  Абай өлеңдерін оқуға арналған облыстық байқаудан жеңімпаз деп танылып,  Риддер қаласында өткен республикалық байқаудың бас жүлдесін олжалап қайтқан. Қалалық «Үздік денешынықтыру пәнінің мұға­лімі» байқауының бас жүл­де иегері. Кәріс жігіті әскерде де үнемі қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүріп, марапаттарға ие болған. Бұл қасиеттер спорт пен өнер десе ішкен асын жерге қоятын әкесі мен атасынан дарығанын айтады. Тимур Президент сайлауы кезінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың сенімді өкілі қатарында болып, белсенділігі үшін Мемлекет басшы­сының алғыс хатын алған. Мектеп дирек­то­ры Әлима Мәлікова да талапты жасты үнемі қолдап, жарыстардан қалдырмауға тырысады екен.

         Қазақ қызы­мен отау құрған Тимур бүгінде 2 ұл-қыздың әкесі. Қазақ тілін еркін мең­гер­ген ол Қазақстанның өркендеуіне барын­ша үлес қосуды мақсат тұтқан. Қайбір жылдары Корея тарапы өз ұлтының азаматтарын еліне шақырғанда бұл отбасы атамекеніне оралудан бас тартыпты. Себебі өмір сал­ты өте ұқсас, қонақжай қа­зақ елін қимайды.

— Ис­лам дінін қабылдап, бес уа­қыт на­мазымды қаза ет­пей­мін. Жалпы, екі елдің дәстүрінде көп­теген ұқсастық бар. Мәсе­­лен, бізде бала 1 жасқа тол­ған­да міндетті түрде атап өту салты бар. Онда баланың алдына кітап, қалам­сап, ақша, көліктің кілтін қоя­мыз. Сәби қайсысын алса, келе­шекте сондай болады деген ырым бар. Бұл қазақтың тұсаукесер салтындағы көріністерге ұқсас. Үлкенді сый­лау, қонақ­жайлылық та екі елдің болмысына сай. Туыс­та­ры­мызбен арагідік ана тілімізде сөйлескеніміз болмаса, көбі­не отбасымызда қазақша сөйле­се­міз. Балаларыма корей тілін өзім үйретіп отырамын. Бізге кішкентайымызда әжеміз үйре­тетін,  — дейді кейіпкеріміз.

Тимурдың қарындасы Са­би­на Түркістан облысы бо­йын­ша корей этномәдени бір­­­лестігінің мүшесі болса, өзі Шымкент қалалық этномә­­дени бірлестігі Жас­тар қа­­на­ты­ның төрағасы. Елбасы Н. Назарбаев Қазақстан халқына арнаған кезекті бір Жолдауында: «Біз ұлттың тарихи санасын қалыптастыру жұмысын жалғастыруымыз керек. Бүкілқазақстандық бірегейлік біздің халқымыздың тарихи санасының өзегіне айналуға тиіс. Бүгінде кез келген этносқа жататын немесе дінді ұстанатын қазақстандық – өз елінің тең құқықты азаматы. Қазақ халқы және мемлекеттік тіл даму үстіндегі қазақстандық азаматтық тұтастықтың біріктіруші ұйытқысы болып келеді. Біз: «Мен – қазақстандықпын, өз елімде мен үшін барлық есік ашық!» – деп айта алатын әділетті қоғам құрып жатырмыз. Бүгінде біздің азаматтар үшін барлық есік, барлық мүмкіндік, барлық жол ашық. Біз көппіз және бәріміз – бір Елміз, бір халықпыз. Өз еліне пайдасын тигізу, өз Отанының тағдырына жауапты болу – әрбір жауапты саясаткер үшін, әрбір қазақстандық үшін парыз және абырой. Біз бірлік пен татулық құндылықтарын қоғамның іргетасына, қазақстандық ерекше толеранттылықтың негізіне айналдырдық. Біз осы құндылықтарды қазақстандықтардың әрбір болашақ буынына аялай ұсынуымыз керек», — деген болатын. Елбасы Жолдауындағы айқын ұстаным нәтижесі жемісін беріп, әрбір қазақстандық өзін туған жерінде бақытты сезіне алатындай мүмкіндік бар. Ал, білімі мен білігін туған елдің өркендеуіне арнап жүрген Тимурды халықтар достығының дәнекері десе болатындай.

Л. ЖОЛАН.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *