Әлеумет

Ордабасыда жол жөндеуге айрықша көңіл бөлінуде

Оңтүстіктің киелі жерлерін аралағысы келген туристердің қазақтың үш жүзі бас қосып, күш біріктірген – Ордабасы тауына бір соқпай, Арыстанбаб пен А.Ясауи кесенелеріне зиярат етпей кетуі мүмкін емес. Міне, осы бағыттардың барлығы Ордабасы ауданының аумағы арқылы өтетінін ескерсек, бұл өңірдің маңыздылығы одан сайын артатынын аңғару қиын емес. Ордабасылықтардың жол мәселесіне айрықша назар аударып отыруының бір себебі осында болса керек.

Өткен жылы ауданға қарасты елді мекендердің көшелеріне жөндеу жұмыстары жүргізілді. Атап айтсақ, жалпы 767 миллион 410 мың теңгеге бір көшеге күрделі жөндеу, бір аяқ жол, он бес көшеге орташа жөндеу жүргізіліп, жиырма үш көшеге тас төселді. Нәтижесінде, қырық көшенің жөндеу жұмыстары толығымен орындалды. Сонымен қатар, облыстық маңызы бар КХ-8 жолға республикалық бюджет есебінен күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Жалпы, аудан көлемінде автомобиль жолының ұзындығы 1347,1 шақырымды құрайды. Ал, көше саны — 831. Биыл 32,3 шақырымды құрайтын аудандық маңызы бар сегіз автомобиль жолына қаржы қаралып, орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, салалық басқарма арқылы 64,7 шақырымды құрайтын облыстық маңызы бар үш автомобиль жолына қаржы бөлініп, орташа жөнделді. Бүгінгі таңда «Ауыл ел бесігі» бағдарламасымен 32 көшеге жөндеу жүргізілуде. Аудандық бюджеттен 4 көше орташа жөндеуден өтпек, оған да қаржы қаралған.

Ордабасылықтардың мақтана айтатын тағы бір жетістігі — бүгінгі таңда 56 көшеге орташа жөндеу жұмыстарының сметалық құжаттамасы әзірленген. Бір сөзбен айтқанда, аудан көлемінде жол салу, орташа, ағымдағы жөндеуден өткізу жұмыстары жоспар бойынша жүргізіліп келеді. Жұмыс қарқыны осылай жалғаса берсе, Ордабасы ауданында жол мәселесінде түйткіл қалмасы анық.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *