Қоғам

«Мәдени мұра» игілігі

Еліміз тәуелсіздік алып, дамудың жаңа кезеңіне қадам басуы мәдениет саласына да үлкен өзгерістер әкелді. Алғашқы жылдарда мемлекеттің экономикалық және бюджеттік саясаты адамдардың рухани сұранысын өтей алмай, бұл салаға көңіл аз бөлінді. Халық күнделікті нәпақасын қалай табуды күйттеп, мәдени дамуға емес, материалдық байлыққа икемделе бастады. Мәдени ахуалдың төмендеуіне әсер еткен жайттар да аз емес еді. Мекемелердің қаражатпен аз қамтамасыз етілуі, әдіскерлер мен өнерпаздардың еңбекақысының төмендігі біраз жылға дейін саланың бас көтеруіне кедергі болып келді. Кейбір мекемелер жекешеленіп, кітапханадағы кітап қорлары талан-тараж болды. Олардың кейбірін кітапхана мамандары үйіне тасып  сақтап, осы күнге жеткізген еңбегін жанкештілік деуге болады.

Нарық жылдары экономика қаншама ырыққа көнбегенмен мемлекет мәдениет мекемелері жүйесіне қарасты мәдени-демалыс орындарын,  кітапханаларды, музей, театр, концерттік ұйымдар мен кино өнері мекемелерінің басым көпшілігін сақтап қала алды. Жылдар өте саланы қаржыландыру мәселесінде де серпін бола бастады. Бұрынғы идеологиялық жүйе күйреп, ұлттық салт-дәстүрлеріміз қайта жаңғырды. «Наурыз мейрамы» қазаққа қайта оралып, барлық ұлт-ұлыстардың ортақ мерекесіне айналды. Төл өнеріміз айтыс та жаңа дәуірге лайық қайта дамыды. Ал 2000 жыл республика көлемінде мәдениетті қолдау жылы болып белгіленіп, «Мәдени мұра» бағдарламасының алғашқы кезеңі жүзеге асырылды. «Тарихи-мәдени мұраларды қорғау және сақтау туралы», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобалары жүзеге асырылып, «Мәдениет туралы» Заңдардың қабылдануы нәтижесінде салада сең қозғалды десек болады.

Нарықтың алғашқы жылдары халыққа да, мемлекетке де оңай болған жоқ. Әсіресе, денсаулық, білім, мәдениет саласы шатқаяқтап қалған еді. Қаншама білікті кадрлар күнкөріс қамымен саудамен айналысып кетті. Ауылды жерлерде клубтар қараусыз қала бастап, тоз-тозы шықты. Ал, қалада Металлургшылар, Фосфоршылар, Құрылысшылар, Химиктер, Цементшілер сарайы, тағы басқа нысандар жеке меншікке өтіп кетті. Театр әртістері айлап  жалақы алмады. Мәдениет саласына келген жылымық «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасынан басталған еді. Бағдарламаның арқасында қалада мәдениет, өнер мекемелері жөндеу көре бастады, жаңа ғимараттар салынды. Олардың ашылуына Тұңғыш Президент Н.Назарбаев қатысқанына өзіміз куә болып, ұйымдастыру жұмыстарының басында жүрдік, — дейді мәдениет саласының ардагері Б. Пірімбетов.

Иә, 2000 жылдан бастау алған осы жылымық 2010 жылдан кейін үшінші қала мәдениетінің салтанатын арттырды. Тұяғынан от ұшқан тұлпардай жүйрік уақыт Шымкент мәдениеті мен өнерін тұтастай өзгертті деуге болады. 1991 жылы қалада 52 мәдениет нысаны болса, 2021 жылы олардың саны қырық пайызға ұлғайып, нақтырақ айтқанда 86-ға жетті. Тәуелсіздік жылдары 30-дан астам мәдениет және өнер нысандары ашылды. Ал, қала мәдениетінің бюджеті 10 есеге немесе 1991 жылғы 420,8 миллион теңгеден 2021 жылы 4,8 миллиард  теңгеге дейін өсті. Қаладағы монументтік және мемориалдық ескерткіштердің саны 1991 жылы 14 болса, 2021 жылы олардың саны 57-ге көбейді. Мәдениет саласы қызметкерлерінің саны 1991 жылы 493 болса, 2021 жылы 1741-ге жетті! Биыл отыз жыл толатын Тәуелсіздік жетістіктері салаға осылайша оң серпін берді. Ширек ғасырдан астам уақытта Шымкенттегі мәдениет нысандары 52-ден 86-ға, оның ішінде кітапханалар саны 31-ден 44-ке, театрлар саны 3-тен 6-ға, мемлекеттік музейлер саны 1-ден 6-ға артты. Ал, монументтік және мемориалдық ескерткіштердің саны 14-тен 57-ге өсті.

Өнері өркендеген  өңір

Бүгінде көшелерге көрік, салаға салтанатты сән берген ғажайып ғимараттар үшінші қала тұрғындарына рухани-мәдени қызмет көрсетуде. Шымкент мәдениеті өзгелерге үшінші қала үлгісі болып қалыптасқалы қашан? Республика көлемінде алғашқы болып саяси қуғын-сүргін құрбандары музейі, тілдерді оқыту-әдістемелік орталығы, қалалық архив мекемесі, опера және балет, әзіл-сықақ және сатира театрлары, «Шымкент-Цирк» мекемесі, Әл-Фараби атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасы, Көрме орталығы, Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы, «Түркістан сарайы» мекемесі, «Шымқала» тарихи-мәдени кешені және «Шымқала» этноауылы сынды мәдениет нысандары ашылды.

Жаңа ғимарат, жайлы жұмыс орнында еңбек ету сала мамандарына да оң серпін бергендей. Қала өнерпаздары, театр ұжымдары тәуелсіздік жылдары Ресей, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан елдеріндегі фестивальдарға қатысып, жүлделі орындарға ие болып, лауреат атанды. «Шымкент-Цирк» мекемесінің өнерпаздары Индия, Мысыр, Қытай, Түркия, Ресей, Қырғызстан елдерінде өнер көрсетіп, қала атын асқақтатуда. Елімізге белгілі «Қазына» ұлттық би ансамблі тәуелсіздік жылдары Бельгия, Жапония, Грузия, Австрия, Болгария, Түркия, Албания, Македония, Ресей, Өзбекстан, тағы басқа алыс-жақын шетелдерде өнер көрсетіп, жүлделі орындарды қанжығаға байлап келеді. Шымкент қаласында тәуелсіздік жылдары «Наурыз – Думан», «Қошқар ата сейілі» көктем мерекесі, «Мәдениетім — мерейім», «Театр көктемі» өнер фестивальдері, «Қымызмұрындық», «Қызғалдақ» мерекелері, ақындар айтысын өткізу дәстүрге айналды.

Тәуелсіздік  жетістіктері

Тәуелсіздіктің соңғы он жылдығы Шымкент қаласының өсіп-өркендеуіне,  жаңа келбетінің қалыптасуына үлкен өзгерістер әкелуде. Ресми мәртебесі өзгеріп қана қоймай, кемел келешектің көкжиегі көрінуде. Шымкент республикалық маңызы бар қала статусын алғалы облысқа тиесілі болған республикалық маңызы бар 7, жергілікті маңызы бар 8, алдын-ала есепке алу тізіміндегі 36 ескерткіш қаланың қарауына өтті. Былтыр Шымкент қаласы «ТМД елдерінің мәдени астанасы» болып жарияланып, онлайн форматта халықаралық, республикалық телеарналар мен әлеуметтік желілерде трансляция жасалды. Жыл бойы ауқымды мәдени іс-шаралар ұйымдастырылып, қараша айында «ТМД елдерінің мәдени астанасы» эстафетасы Тәжікстанның Душанбе қаласына табысталды.

– Жыл сайын сала қызметкерлерінің біліктілігін арттыру, шығармашылықтарын шыңдау, тәжірибе алмасу мақсатында түрлі оқулар, шеберлік сағаттары, іс-сапарлар ұйымдастырылып келеді. Қала тұрғындарының, балалардың оқуға, азаматтық, шығармашылық, зияткерлік әлеуетін ашуға қызығушылығын арттыру мақсатында қаланың 3 кітапханасында модернизация жұмыстары аяқталды. Сондай-ақ, қазіргі уақытта тағы 2 кітапханаға модернизациялау жұмыстары жүргізілуде. Жаңа кітапханалар енді тек кітап оқитын орын ғана емес, сонымен қатар тұрғындардың өздерінің шығармашылық әлеуетін іске асыратын, демалып, жүздесетін орынға айналады.

Тәуелсіздік алған жылдары елдегі экономикалық ахуалға байланысты қала кітапханаларының қорын толықтыруға қаржы тиісті мөлшерде бөлінбеген. 2021 жылы жергілікті бюджеттен 26 млн. 257 мың теңге бөлініп, жаңа кітаптар сатып алынуда. Қазіргі уақытта қаладағы 42 кітапхананың қоры 1 млн. 291 мың 623 данаға жетті, дейді Ханзада Есенова басшылық ететін  Шымкент қалалық мәдениет басқармасының мамандары.

Шымкент қаласында 90-шы жылдары мемлекеттік мекемелердің құжат айналымы, барлық жиындар мен мәжілістердің басым бөлігі орыс тілінде жүргізіліп, мемлекеттік тілдің үлес салмағы төмен деңгейде болған. Сондай-ақ, небәрі 3 қазақ мектебі мен 2 қазақ балабақшасы жұмыс істеген. Бүгінде қаладағы мемлекеттік мекемелерде құжат айналымы жүз пайыз мемлекеттік тілде жүргізілуде. Қазақ мектептері мен қазақ балабақшаларының саны тоқсан пайызға артқан.

Тәулсіздіктің алғашқы жылдарында негізі қаланған Шымкент қалалық мемлекеттік архиві қаншама жыл бойы жеке ғимаратының жоқтығынан көшіп-қонып жүрді. Қиын күндерде небәрі бес штатпен бүкіл қала тарихына қатысты құжаттарды сақтап қалған мекеменің еңбегін ерлікке бағалауға болады. 1992 жылы ашылған Шымкент қалалық мемлекеттік архивіне 2015 жылы жаңа типтік ғимарат салынды. Мекемеге «электронды құжаттардың бірыңғай архиві» ақпараттық жүйесі орнатылып, бағалы сканерлер сатып алынып, бүгінде архив қорындағы құжаттарды цифрлы таңбаға көшіру жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде архив мекемесінің қоры 20 мың сақтау бірлігінен 200 мыңнан аса сақтау бірлігіне жетті. Қаладағы 458 мекеменің құжаттары мемлекеттік есепке алынған.

Иә, биыл 30 жылға толып отырған қастерлі Тәуелсіздігіміздің тағы­лымы мол тарихына үңіліп қара­сақ, алтын әріппен жазылатын жетіс­тіктеріміз, мақтанатын тұс­тары­мыз өте көп. Әсіресе Шымкент қаласында ұлт руханиятының негізі – әде­биет, мәдениет және өнер саласында қол жеткізген табысымыз толайым. Тәуелсіздігіміз баянды, руханиятымыз асқақ болғай!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *