Әлеумет Мәселе

«Тәрбиешілер телефон ұстамаса екен»

— Мен, Шымкент қаласының тұрғыны Шарухия есімді апаларың боламын. Қайбір күні немеремді алып қайтуға үйден шығып, автобусты ұзағырақ күтіп қалдым. Балабақшаға барсам, күндегідей у-шу жоқ, тым-тырыс. Әдеттегідей есіктен басымды сұғып, «Жандос» деп дауыстап едім, іштен телефонына үңілген апайы шығып, немеремнің әжетханада екенін айтты. Осы кезде Жандостың «Апай сиіп қойдым» деген дауысы есітілді. Өзім барып көрдім. Немерем унитаздың алдында тұр екен. Белдігін шеше алмай, кіші дәретін жіберіп қойыпты. Сол кезде апайы қайда қараған? Басқа балалармен әуре болып жүр дейін десем, іште Жандостан басқа ешкім жоқ. Демек оның бар ойы балада емес, телефонда болғаны ғой.

Жаман айтпай жақсы жоқ, егер тәрбиешілер телефонға телміріп, қызығына батып отырғанда бала бір нәрсеге ұрынса не болады? Кішкентай бала сыртқа шығып кетуі де мүмкін ғой. Өткен аптада ғана Шымкентте осыған ұқсас оқиға болып, полицияның көмегімен әрең табылды емес пе? Бәлкім оның да тәрбиешісі телефонына үңіліп, балаларды ұмытып кеткен шығар? Сондықтан менің ұсынысым, жекеменшік болсын, мемлекеттік болсын, барлық балабақшаларда тәрбиешілер мен бала қараушылар жұмыс басталғанда телефондарын бекітілген бір адамға өткізіп қою керек.  

Олар тек баланың тәрбиесімен айналысып, олардың денсаулығына, қауіпсіздігіне жауап беру керек. Жасыратыны жоқ, кейде немеремнің беті тырналып, шекесі көгеріп келеді. Осының барлығы қараусыздықтан болуы да мүмкін деген күдігім бар.

 Мен бұл ұсынысты босқа айтып отырғаным жоқ. Шымкентте бірнеше балабақшада жұмысқа келген қызметкерлердің қайтқанға дейін қалта телефондарын меңгерушінің алдына қалдырып кететінін естідім. Бұл өте құптарлық жайт. Біреуге хабарласатындай қажеттілік туындаса, басшыдан рұқсат сұрайды. Осы бастаманы қаладағы барлық балабақшаларға, тіпті білім ордаларына да енгізу керек деп есептеймін. Әркім өз міндеттерімен тиянақты айналысуы тиіс. Ал әлеуметтік желіге кіру, достармен, туысқандармен хабарласып, аман-саулық сұрасу жұмыстан тыс кезде, үйге барғанда жасалған жөн.

 …Шарухия апа көтеріп отырған бұл мәселе бүгінгі таңда өте маңызды. Сол себепті осы тақырып аясында алдағы уақытта арнайы мақала әзірлейтін боламыз. Ұсыныс-пікірлеріңіз болса тыңдауға дайынбыз.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *