Оқшау ой

Ұрыс-керіс баланы кеселге ұшыратады

 Бала денсаулығын сақтау — әрбір ата-ана үшін үлкен жауапкершілік. Рас, кейде бар тапқан-таянғанын перзентіне жұмсағанымен, оның денсаулығына көп көңіл бөлмейтіндер жоқ емес. Мен осыған байланысты екі мысалды оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдім.

Осыдан бірнеше жыл бұрын бір құда баламыз отбасындағылардың айтуымен бейтаныс қызға үйленді. Үйленді деген аты ғана. Шаңырағында күнде ұрыс, күнде керіс. Келіншек бірнеше рет төркініне кетіп те қалды. Бала момын жігіт, арақ та ішпейді. Ал келіншек үлкенге де, кішіге де құрметі жоқ адуынды болып шықты. Аз уақытта енемен де ұрысты, абысын-ажын, қайын әпке, қайын сіңлілердің барлығымен қырық пышақ болып қырқысты. Арада екі жылдан аса уақыт ажырасып, бөлек те жүрді. Әйтеуір ортадағы бір ұл екеуінің қайта табысуына себеп болды. Дегенмен, ұрыстың тоқтайтын түрі байқалмайды.

 Сол ұлдары бүгінде мектепке барады. Үлкен дәретін ұқстай алмайтын дертпен ауырады. Қанша дәрігерге қаралғанымен, шипа қонбай келеді. Өткен күзде Ташкентте мықты невропатолог дәрігер бар дегенді есітіп, оның да қабылдауында болды. Дәрігер баланы қарап, сөйлескеннен кейін анасын шақырып алып, «Балаларың жазылып кетсін десеңдер отбасында тыныштық сақтаңдар. Мұны босқа ашуландырмаңдар» деп кеңес берген. Алайда, сол жерде берілген әуде арада көп өтпей ұмытылып кетті. Отбасыдағы бұрынғы жанжал сол жанжал. Бала да сырқатынан айыққан жоқ. Бұл бірінші жағдай.

 Енді екіншісіне тоқталайын. Жуырда көлігіммен келе жатып жаңбырлы күнде қолына құндақтаулы бала көтерген әйелді көріп, мінгізіп алдым. Әңгіме арасында ол немересін ескі автобекет аймағындағы массаж жайсайтын келіншекке апара жатқанын айтты. Екі жасар бала мойнын ұстай алмайды екен. Дәрігерлердің кеңесімен массаж жасатып жүрсе керек. «Бұл жиен немерем болады, – деді әлгі кісі. – Қызым ажырасып келді. Күйеуі дұрыс болмады. Ішкен, шеккен. Отбасыда береке болмағасын баланың денсаулығы қайдан жақсы болсын? Дәрігер мұндай сырқаттың неден болатынын түсіндірді. Үйдегі ұрыс-керістің барлығы бала денсаулығына кері әсер етеді екен ғой. Тіпті, іштегі шарана да сыртқы әлемдегі жайлы-жайсыз жағдайды сезіп жататынға ұқсайды.

 Одан қалса сүйсіне ішіп-жеп жүрген тағамдарымызға талғам жасамаймыз. Мәселен, коланың зиян екенін білсек те іше береміз. Қамыр ашытып жүрген Қытайда жасалған ашытқыны да зиян дегенді талай естідік. Бірақ пайдалана береміз. Бүгінде жеп отырған нанымыздың барлығы сол ашытқылардан жасалады. Сонда бала ауру, мүгедек болмағанда не болады?»

 Діттеген жерінде түсіп қалған кейуананың немересінің жазылып кетуін тіледім. Расында да біз өзіміздің де, перзенттеріміздің де денсаулығына немқұрайды қарайтынымыз бар ғой. Ал дені сау ұрпақ өсіп-өндіргіміз келсе, осы секілді әрбір мәселеге мұқият болуымыз қажет-ақ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *