Басты жаңалықтар Қоғам Құқық

Ішкі істер саласы іштен іри бастаған ба?

 Елбасы бұған дейін ішкі істер саласы қызметкерлері туралы талай жерде сын айтты. Тіпті полиция мен халықтың арасы алшақтап кеткені жөнінде де ескертпелер жасағаны белгілі. Жемқорлық та осы салада кең етек жайды. Полицияға қатысты сынның көбеюіне былайғы жұрт бұрынғы министр Қасымовты кінәлаған болатын. Қоғамның сынына ұшыраған Қасымов та орнын босатты. Бірақ жаңа басшы көп мәселеде Ішкі істер министрлігін қиындықтан құтқара алмай отырған секілді. Өйткені, аса бір өзгеріс байқалмайды. Елбасының тапсырмалары ойдағыдай орындалуда дегенге сенгің келмейді. Бұған дәлел ретінде өткен аптадағы Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлерінің Қызылорда облыстық полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары Ғани Төлебаевты жемқорлыққа байланысты тұтқындағанын айтсақ та жеткілікті.

5-сәуір күні ҰҚК қызметкерлері мен Ішкі істер министрлігінің өзіндік қауіпсіздік департаменті бірлесіп жүргізген іс-шара кезінде Ғ.Төлебаев 300 мың теңгені алу кезінде тұтқындалған. Тап сол сәтте Қарағанды қаласында тағы бір департамент қызметкері — Б.Асқаровтың да қолына кісен салынған. Бүгінде күдіктілер уақытша ұстау изоляторына жөнелтіліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатқаны айтылады.

 Тергеу бітер, жазықты жазасын алар. Бірақ, біз айтпақ мәселе басқа. Бұрын бұл салада жемқорлық бабы бойынша көбінше «шабақтар», яғни учаскелік инспекторлар мен тергеушілер жауапқа тартылатын. Облысты айтпағанда аудандағы бас полицей немесе оның бірінші орынбасары пара алды деген мәліметті ілуде бір еститінбіз. Енді «шортандардың» қармаққа түсуі бұл саланың былыққа батқандығын білдірсе керек. Сонда «бізді қылмыскерлерден қорғайды, тынышымызды күзетеді» деген қарапайым халық енді кімге сенеді, кімнен пана таппақ? Әрине, мұндай қоғамда қауіпсіз ғұмыр кешу мүмкін емес екені түсінікті.

 Тағы да Елбасының полиция қызметін сынаған сәттерінің бірі еріксіз еске түседі. Полицейлердің жұмысына көңілі толмаған тұңғыш Президент Н.Назарбаев Грузиядағы секілді барлық полицияны жұмыстан қуып, мүлде жаңаларын тағайындау керектігін айтқан болатын. Шынында да Саакашвилидің елдегі полицейлерді жемқорсыңдар деп бүкіл саланы жаңартуының арқасында Грузияда жемқорлықтың желкесі қиылып, қылмыс күрт азайған. Бәлкім, бізге де осындай бір батыл шешім керек шығар?!

Әйтпесе министрлер мен әкімдердің орнын ауыстарғаннан мәселе шешіліп, халықтың мұң-мұқтажы тарқатылып жатқан жоқ. Себебі, қосылғыштардың орнын ауыстырғанымен, қосындының мәні өзгермейтіні дәлелденген дүние емес пе?

 Қазақ мұндайда «Ет сасыса – тұз себеді, тұз сасыса не себеді?» – дейді. Әйтеуір Алла ақырын берсін! AA>2>5

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *