Басты жаңалықтар Құқық Мәселе

Полиция кімге сенеді?

Күдіктіге ме, жәбірленушіге ма?

«Өзге пікір» газетінің бұған дейінгі нөмірлерінің бірінде «Абайлаңыз, алаяқ келін» деген тақырыпта мақала шыққан болатын. Онда Ордабасы ауданындағы бір отбасыға бойжеткеннің үш күн келін болып, ақшасын ұрлап кеткені туралы жазылған болатын. Сол оқиғаның орын алғанына да екі ай уақыт өтіпті. Бұл аралықта жәбірленуші ордабасылық полицейлердің әрекетсіздігі жайында Түркістан облыстық ішкі істер департаментіне шағымданып үлгерген.

 Сәрсенбі күні арызданушы азаматша редакциямызға қайта хабарласып, былай деді: «Мені бүгін аудандық полиция бөліміне шақыртып еді. Есік алдында отырғаныма үш сағат болды. Шақырған Мұхитдинов мені Нұркешов дегенге тапсырып, өзі бір жаққа кетіп қалыпты. Нұркешов те көрінбейді. Сол жерде күтіп отырғанымда ауылымыздың учаскелік инспекторы келіп, «келініңіз ақшаны алған жоқпын деп айтты» дегенді қайталай берді. Тіпті «Арызыңызды қайтып алыңыз, әйтпесе екеуіңізді тексеруден өткіземіз. Кімнің өтірік айтқаны белгілі болады. Босқа ұялып қаласыз», — дейді. Сөздерінен байқағаным, бұлардың мақсаты — ұрыны анықтау емес, маған арызды қайтып алғызып, істі жауып тастау секілді. Бұдан кейін мен оларға «Сендер сонда менің ұрлады дегеніме сенбей, оның ештеңе алмадым дегеніне сенесіңдер ме? Қай ұры алған затын алдым деп мойындай салады. Сендер жұмыс істеулерің керек. Арызыма жазбаша жауап беріңдер», — деп талап еттім.

 Түске дейін күттім. Түскі үзіліс кезінде «жүрек жалғап» алып, қайта келемін. Бәлкім олар «осылай күте беріп шаршаса, өзі-ақ арызын қайтарып алады» деп отырған да болар? Менің жасым олардың аналарынан да үлкен шығар, шақырған екен ең болмағанда жасымды сыйлап, дұрыстап жауап берсе қайтеді? Осындай іс-әрекеттерінен кейін полицияның жұмысына қалай ішің жылып, рахмет айтасың. Ордабасалық полицейлердің жұмысына сенімім төмендеді».

 Арызданушы осылай деді. Кім біледі, мүмкін полиция қызметкерлері өз тәсілдері бойынша жұмыс жүргізіп жатқан болар. Дегенмен, кейуананы өздері шақыртып алып, үш сағат бойы себепсіз күттіріп қойғаны қаншалықты заңға сәйкес? Қазір науқасты себепсіз көп күттіріп қойған дәрігерге шара көріледі. Мүмкін, ішкі істер саласы қызметкерлерінің жұмысын жүйелеп, азаматтарды қабылдау, істі қарау тәртібін орнату үшін осындай жүйе енгізу керек болар? Қалай болғанда да азаматтардың конституциялық құқының бұзылуына жол беріп, қол қусырып қарап отыруға болмайды.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *