Әлеумет

50 млрд. тонна қоқыс…

Табиғат қоры шектеулі. Ерте ме, кеш пе мұнай да, басқа да жер асты байлықтары таусылады. Мұны ғалымдардың өзі дәлелдеп отыр. Бірақ адамзат барда, тіршілік барда сарқылмайтын бір нәрсе бар. Ол — әр үйден, әрбір кәсіпорындардан шығатын тұрмыстық қалдықтар.

 Көптеген елдер қоқысты қайта өңдеуді мықтап қолға алған. Себебі тұрмыстық қалдық топырақ жамылғысына, өсімдіктерге, жер үсті және жер асты суларын ластайды. Ал жанған кезде атмосфераға көп улы заттар бөлініп, тыныс жүйесі аурулары мен репродуктивті және иммундық жүйелердің ауытқуларына әкеліп соғуы мүмкін. Дамыған елдердің көпшілігінде тұрмыстық қалдықтар әжептеуір табыс көзі саналады. Қоқысты қайта өңдеуден түскен ақша мемлекет қазынасын толтырумен қатар қоршаған ортаға да пайда әкеледі. Еуропалық елдерде қоқыстардың сексен пайызы қайталама шикізат ретінде пайдаланылып, табыс көзіне айналғанын атап өту керек.

 Энергетика министрлігінің мәліметіне қарағанда, Қазақстанда жыл сайын бес миллион тоннадан астам тұрмыстық қалдық пайда болып, оның тоғыз пайызы ғана қайта өңделеді екен. Бұл еліміздегі тұрмыстық қатты қалдықтардың қоршаған ортаға кері әсерін тигізіп, экологиялық ахуалға айтарлықтай нұқсан келтіріп жатқанын көрсетеді. Демек Қазақстан қоқысты іріктей алмайтын елдер қатарында.

 Елімізде бүгінге дейін жинақталған әр түрлі қалдық 50 млрд. тоннаға жетіп қалыпты. Шетел болса қайта өңдейді, өртейді, әйтеуір кәдеге жаратады. Ал біз оған қоқыс деп қарап, полигондарға көміп жатырмыз. Дегенмен халықтың экономикалық, экологиялық сауаттылығы арту үстінде. Тұрмыстық қалдықтарды сорттап, іріктеп, тиісті жерлерге әйнек, темір, қатты қағаз, пластикалық бөтелке ретінде өткізіп жүргендер қалада ғана емес, ауылдарда да бар. Мәселен, Қазығұрт ауданының Жаңабазар ауылының тұрғыны — Нұримовтар отбасы осындай жұмыспен айналысады. Олар шыны бөтелкенің кез келген түрін 10 теңгеден, пластикалық бөтелкелерді 5, қағаздың келісін 30 тенгеден қабылдап, оларды Шымкентке апарып өткізетінін естігенде алғаш өзім таң қалдым. Балалардан есітіп, үйіне де бардым. Расында жоқтан бар жасап, ауылды қоқыстан тазалап отырған осындай азаматтарға жағдай жасалу керек деп ойлаймын. Мемлекеттен гранттар бөлініп, жеңілдетілген несиелер берілсе, бұл отбасы кәсібін дөңгелетіп қана қоймастан, ауылымыздың, тіпті ауданымыздың да қоқыстан тазалануына септігін тигізген болар еді.

 Теледидардан «Шымкентте қоқыс зауыты салынады» деген хабардан құлағдар болғанымызға он жылдан асып кетті. Бірақ оның жұмыс істеп тұрғаны байқалмайды. Мейлі біз шетелдегідей үлкен де, алып зауыттар салмай-ақ қоялық. Бірақ осындай азаматтар шағын цехтар ашқысы келсе неге оған көмектеспеске? Үлкен зауыттар мен фабрикалардың негізі осындай кіші цехтардан қаланғаны тарихтан белгілі. Олай болса, қоршаған ортамыздың тазалығына бүгін өзіміз жауапты болмасақ, ертең кеш болуы мүмкін.

Осы жағдайларды ескеріп, мен өз сабағымда оқушыларға «тұрмыстық қалдықтарды саралап, тиісті орындарға өткізіп, өз жағдайымызды өзіміз жасап, айналаны таза ұстайық» деп айта жүремін. Бұл барлығымыз үшін пайдалы әрі тиімді іс. 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *