Қоғам Құқық

Шектен шыққан жауыздық…

 Соңғы бірнеше күннен бері Жетісай ауданындағы мектеп оқушыларына өгей шешесінің жасаған қатыгездігі туралы жазбалар әлеуметтік желіні шарлап кетті. Мұндай жауыздық әрекетке көпшіліктің жаға ұстағаны анық. Кәмелетке толмаған үш бірдей қыздың халдері өте аянышты. Сонымен бүкіл елді шулатқан Жетісайдағы мектеп оқушыларына не болған? Оқырманға түсінікті болу үшін журналист, әлеуметтік желі белсендісі Әсет Әссандидің парақшасындағы «Төбе шашты тік тұрғызған жауыздық» деген тақырыппен жарияланған жазбадан үзінді ұсынғанды жөн көрдік.

«…Апалы-сіңлілі қаракөздеріміздің көрмеген қорлығы қалмапты. Өгей аналары фашистерден де асып түскен сияқты. Кәмелет жасына толмаған қыздардың тырнақтарының астына қайта-қайта ине тығып, жылайын десе, ұрып-соғып «күліп тұр» деп, жандарына батып тұрса да, езулерін тартқызып, тоңазытқышқа бірталай уақыт отырғызып қинап, қайшымен денелеріне жарақат салып, шайларына гель қосып беріп ішкізіп, тіпті жыныс мүшелерін кемпірауызбен қысып, жарақат салып жүрген екен. Бұл қыздардың көрген азаптары адам айтқысыз…».

Иә, осы айтылғандар рас болса шынында да адам айтса нанғысыз жауыздық екен. Бейбіт өмірде адам баласы қалай ғана мұндай жауыздыққа барады? Жарияланымға байланысты пікір жазғандар аз болмапты. Ашынған олардың арасында, тіпті, «қыздарды осылай қинағандардың өздерінің басына түйенің терісін кигізіп, Африкаға жер аударып жіберу керек» деген пікір білдірушілер де табылған

«Бала біздің болашағымыз, мемлекетіміздің ертеңі. Олардың құқы қорғалған» деп айтқанда жақсымыз. Бірақ елде болып жатқан жайсыз жағдайлар ортағасырлық азаптауларды көз алдыңа елестетеді. Сонда біз бүлдіршіндерді осылай қинап отырып, «дамыған отыз елдің қатарына кірдік, елде азаптау мен құлдық сипаттағы әрекеттер жоқ» деп қалай айта аламыз? Біле білсек, дамыған елдерде ересектер бала еңбегімен жасалған тауарды сатып алудан бас тартады екен. Ал бізде балалар мақта да егеді, көкөніс те тереді. Аяусыз соққыға жығылады. Солай бола тұра бала құқының қорғалғанын алға тартамыз. Әрине, баланы жастайынан еңбекке баулыған жақсы, бірақ, мәжбүрлеуге жол берілмеуі тиіс.  

 Адамның жанын түршіктіретін оқиға қалай өрбіді? Біз бұл жайында Жетісай аудандық білім бөлімінің басшысы Тұрсын Мырзалиевтен сұрап білдік. «Алғаш болып мектептің мұғалімдері байқап, маған айтты, – деп бастады сөзін білім бөлімінің басшысы. – Содан аудан әкіміне хабар берілді. Штаб отырысы шақырылды. Сол күні әрекетке кірістік. Бұл жерде әлдекімдердің шатасып жазып жүргеніндей, қылмысты жасыру оқиғасы болмаған. Қазір де ішкі істер бөлімінде осы мәселемен жүрмін. Блогерлер де, журналистер де осында.

Негізінде бұл 11 сәуір күні болған оқиға. Сол күні хабар түсе салысымен шұғыл шара қабылдап, комиссияның жедел штабын өткізе отырып, балаларды ата-анасынан оқшауладық. Қысым көрсеткен өгей анасы екен. Балаларды әжесінің қолына тапсырдық. Бұл оқиға бойынша ішкі істер басқармасы тарапынан қылмыстық іс қозғалды. Әжесінің үйіне барғанда олардың денесінде жарақат бар екені анықталып, шұғыл түрде ауруханаға жатқызылды.

 Қазіргі таңда қыздардың жағдайы жақсы. Емдеуші дәрігермен сөйлесіп отырмыз. Ауруханадан шығаруға да болады. Міне тап осы қазір өгей анасының қолына кісен салып, тергеуге алып кетіп бара жатыр. Оның аяғы ауыр екен, емізулі баласы да бар. Қыздардың туысқандары «өгей шеше жазадан құтылып кетеді» деген оймен ғаламторға салып жіберсе керек. Бірақ, осы әрекеті арқылы олар да қыздарға қиянат жасап отыр деп ойлаймын. Жәбірленушілерге жанымыз ашыса олардың ертеңін ойлауымыз керек қой. Оқиға барысы прокуратура, ҰҚК, облыс басшыларының назарына алынды.

Басында әкесі мен шешесі «Біз ұрғанымыз жоқ, өздері құлап қалған. Төбелесіп бір-біріне жарақат салған» деп ақталғысы келді. Қыздар да алғашында «ойнап жүріп өзіміз құладық, батарейкаға ұрып алдық, әке-шешеміз ұрған жоқ, кінәлі емес» деп оларды қорғаштады. Бірақ, біз балалармен психологтар сөйлесуі керек деп шештік. Психологтар да «қыздар шындықты жасырып отыр» деген соң жедел штаб пен комиссия отырысын өткіздік.

 Алғашында ұрмадық, тиіспедік деген қыздардың әкесі кейін: «Мен жұмыстамын. Таңертең кетіп, үйге кеш келемін. Бұлай болып жатқанынан хабарым жоқ», – деп сөзін өзгертті. Алайда, шындықтың беті тергеуде анықталатын болады деп ойлаймыз. Әзірге тергеу жүріп жатыр. Барлығы ашық өтуде, ештеңе де жасырып отырғанымыз жоқ».

 Әзірге бұл мәселеде дабыраға жол бермей, әліптің артын баққан жөн. Егер шынында да өгей шеше өгейлігін істегені дәлелін тапса, сол үшін қатаң жазасын алуы және бұл өзге бала құқын таптаушыларға да ащы сабақ болуы тиіс. 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *