Қоғам Мәселе

Алты балалы жесір әйел

баспанаға да, әлеуметтік көмекке де қол жеткізе алмай жүр

Бүгінде атаулы әлеуметтік көмектің тақырыбы талайларға жыр болды. Әр балаға берілетін 21 мың теңге әлеуметтік жәрдемақыны алғысы келген көп балалы аналардың қатары көп. Елбасының «жәрдемақы бірінші сәуірден бастап берілсін» деген тапсырмасы жадыларында жаттаулы. Бірақ әл-әзірге ол қаржыны алақанына түсіріп, шекесі шылқып отырған отбасыны кездестірмедік. Ақшаны қолға алу былай тұрсын, әліге дейін құжат тапсыра алмай жүргендер қаншама?

Сондай аналардың бірі — Төлеби ауданы Алатау ауылының тұрғыны Айжан Қалтұрсынова (суретте) кешегі аптада арнайы ат сабылтып редакцияға келіпті. Алты баланың анасы күйеуі бақи болғандықтан оларды бір өзі асырап отырғанын айтқан келіншектің сөзіне қарағанда жағдайлары тым ауыр секілді. «Баратын жеріміз жоқ. Балалар бір күн тоқ болса, екінші күні аш. Әкімдіктегілерден қайран болмай тұр. Алдарына барсаң тіркеуді өзгерт дейді. Мен анамның үйінде тіркеуде тұрмын. Басқа барар жерім жоқ. Ал ол үйде 28 адам тіркеліп, тұрып жатыр. Жәрдемақыға құжат өткізейін десем, тіркеуде тұрғандардың барлығының табысын есептейді екен. «Олардың өз бала-шағалары бар, маған қатысы қанша» деп талай айтқаныммен, оны ешкім тыңдамайды. Ендігі үмітім сіздерде. Сенбесеңіздер үйімді барып көріңіздер», – деп жыларман күйге түскен келіншектің отбасылық жағдайымен танысу үшін ауылына баратынымызды айтқанбыз.

 Кешегі аптаның жұмасы күні жолға шықтық. Алдымен Төлеби аудандық жұмыспен қамту орталығынан мәлімет алуды ойладық. Алты балалы жесір әйелдің басындағы ауыр жағдайды айтып, кеңес сұрағымыз келді. «Анасының үйінде тіркеуде тұрса, заң бойынша олардың, яғни отбасындағы 28 адамның ішіндегі кәмелетке толғандарының барлығының табысы есептеледі», — деді орталықтың сектор меңгерушісі Самат Дүйсебаев. Бәлкім солай да шығар. Осы саланың маманы болғасын қателеспеуі тиіс қой. Дегенмен, газетіміздің 13 нөмірінде жарық көрген «Жәрдемақы жайы түсіндірілді» атты мақалада Шымкент қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығының маманы Нұрдәулет Қосаевтың осы мәселеге орай өзіне қойылған сұраққа берген жауабы ойымызға оралды. Ол кісі: «Бір шарбақтың ішінде тұрып, бір үйде тіркеуде тұрғанымен, қызы немесе баласы ауладағы «времянкада» тұратын болса, ортақ табыс есептелмейді» деген болатын. Ал Төле би ауданындағы аталмыш орталықтың маманы бұлардың уақытша тұрып жатқан үйі анасының үйіне қарама-қарсы, яғни көшенің келесі бетінде тұрғанына қарамастан тіркеуде тұрған үйдегілердің барлығының табысын есептейміз дейді. Сонда қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс айтып отыр? Әлде заң Шымкент қаласында бөлек, Төле би ауданында басқа болғаны ма? Міне, халықты да шатастыратын мамандардың осы секілді бір мәселедегі екі түрлі пікірлері. Осыдан кейін олар қалай шуламасын?

Сапарымыз одан әрі Алатау ауылдық округінде жалғасты. Округ әкімі Болысбек Ешімбетов қызмет бөлмесінде отыр екен. Қандай мәселемен жүргенімізді білген соң Айжан Қалтұрсыноваға өзінің де көмектескісі келіп жүргенін жасырмады. «Қарындасымыздың жағдайымен таныспыз. Үйі жоқ екенін де білемін. Айжанның ағасын танимын. Сол кісі де уақытша тұратын пәтер іздеп жүрген. Өзі жәрдемақы сұрап бір рет келді. Барлығы анасының үйінде тіркеулі. Ол жерде көп адам тіркелгені рас. Ортақ табыстары есептелсе, шектік мөлшерден асып кетеді. Сондықтан басқа үйге тіркеуге тұру керек. Ауылда бос үй жоқ. Қазір уақытша отырған үйіне тіркеуге тұруға көмектесейік. Қажет болса үй иесімен сөйлесейін. Бір амалын қарастырамыз. Түстен кейін аудан орталығына барып, тиісті мекеме мамандарымен өзім сөйлесемін. Бір амалы болуы керек қой. Айжанның отбасы нағыз жәрдемақыға лайықты», – деген соң мәселе шешімін табатын болды деп кері қайтқанбыз.

 Сәрсенбі күні Айжан Қалтұрсынова қайта хабарласып, жәрдемақыға әлі құжат тапсыра алмай жүргенін айтты. Біздің тиісті басшылардың өз уәделерін қайта есіне салудан басқа қол ұшын соза алмадық. Қалай болғанда да алты жетім баласы бар жесір әйелдің далада жүргені ауыл, қала берді аудан басшыларына сын болары анық.

Әрине, барлығы да заң шеңберінде жүзеге асуы тиіс. Ауылдық округ әкімі айтқандай, Айжанның отбасы нағыз жәрдемақы алуға лайық екені рас болса, оның құжат рәсімдеуіне жәрдемдесіп, сауап істің орын алуына себепкер болғандары жақсы. Елбасы айтқандай, әкім – халықтың қызметшісі емес пе?  

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *