Қоғам

Тәрбиешінің телефон ұстағаны дұрыс па?

«Өзге пікір» газетінің өткен нөмерлерінің бірінде «Тәрбиешілер телефон ұстамаса екен», – деген тақырыпта мақала жарық көрді. Онда шымкенттік Шарухия есімді апаның «балабақшада тәрбиешілер телефон ұстамай, тек қана бала тәрбиесімен айналысса екен» деген пікірін оқырман назарына ұсынған едік. Мақала соңында біз «Шарухия апа көтеріп отырған бұл мәселе бүгінгі таңда өте маңызды. Сол себепті осы тақырып аясында алдағы уақытта арнайы мақала әзірлейтін боламыз.Ұсыныс-пікірлеріңіз болса тыңдауға дайынбыз», – деп аяқтаған едік. Осыған байланысты бізге хабарласушылар аз болмады. Солардың бірнешеуінің пікірлерін оқырман назарына ұсынғанып отырмыз.

Эльмира Қалмырза, Шардара қаласындағы «Балауса» балабақшасының меңгерушісі: – Шарухия апай өте орынды мәселе көтеріп отыр. Бүгінде әлеуметтік желіге кірмейтін адам кемде-кем. Сондықтан тәрбиешінің қолында телефон болмау керек деген мәселені біз бұрыннан арнайы бұйрықпен бекітіп қойғанбыз. Себебі таңертеңнен кешке дейін әр баланың өміріне жауаптымыз.

 Бізде қызметкерлер таңертең жұмысқа келгенде телефондарын арнайы қорапқа салып, кетерде ғана қайтып алады. Өмір болған соң кейде шұғыл мәселе туындап қалады. Ондай кездері сұрап алып хабарласып, қайта орнына қояды. Жалпы, тәрбиеші болсын, ата-ана болсын телефонды баладан аулақ ұстағаны дұрыс.

 Зәуре Мұсақұлова, Шымкент қаласындағы «Алпамыс» балабақшасының меңгерушісі: – Апайымыз көтеріп отырған мәселеге мен де қосыламын. Біз бұдан көп бұрын тәрбиешілердің телефон ұстауына тыйым салғанбыз. Барлығы арнайы қорапқа телефондарын қалдырып жүрді. Кейінгі кездері ата-аналармен сөйлесеміз, келмеген балаларды сұраймыз деп қайтып алатындар болыпты. Бірақ мен бұрынғы тыйымды қайта талап еттім. Талап баршаға бірдей болу керек. Хабарласамын деуші ата-аналар болса жұмыс телефонын береміз. Баласын жаңадан әкелгендер: «Менің балам не істеп жатыр, көрсем бола ма» деп хабарласады. Ондайда менің кабинетімдегі бейнебақылаудан сырттай бақылап көруге болады.

 Мөлдір Бибосынова, Мақтаарал ауданы, Мырзакенттегі «Гүлдер» балабақшасының меңгерушісі: – Мен ешкімге қымбат немесе арзан телефон қолданыңдар деп нұсқау бере алмаймын. Ол әркімнің өз таңдауы. Дегенмен, біздегі қызметкерлердің көпшілігі «Айфон» немесе «Самсунг» секілді қымбат телефондарды ұстай бермейді. Маған керегі – оның қандай телефон ұстағаны емес, жұмысты сапалы істегені. Сол себепті жұмысқа деген талабым қатаң. Жұмыс уақытында әлеуметтік желіге кіруге жол бермеймін.

Ал тәрбиешілерге кейде ата-анамен байланыс оррнату керек болады. Біреулер келмей қалады, ата-анасы оны айту керек. Кейде отбасылық жағдайға байланысты ерте алып кетуге тура келеді. Кенеттен баланың ыстығы көтерілуі мүмкін. Ондай кезде дәрігерге, ата-анасына айту керек. Мұның барлығы телефонсыз шешілмейді. Сондықтан балабақшада тәрбиеші мүлде телефон ұстамау керек деген талап артық деп ойлаймын. Одан да қарапайым телефон ұстату керек деген дұрыс шығар.

Иә, бізбен байланысқандар осындай пікір білдірді. Бірақ бұл соңғы пікір емес. Басқа да оқырмандардың жұртты ерекше қызықтырар, тың ойлары болса оларды да тыңдап, газет бетінен орын беруге дайынбыз.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *