Қоғам Мәселе

«Қызылқұм құбыр суымен қамтылатын болады»

Газетіміздің өткен санында «Сасық су ауыз сумен араласып кетпесе игі…» дегентақырыпта мақала жарияланған болатын. ОндаШардара ауданының Қызылқұм ауылында жер асты суы көтеріліп, үйлердің шарбақтарына кіріп жатқаны айтылған . Осы мақалада көтерілген мәселеге байланысты аудан және ауылдық округ әкімдігі тарапынан шұғыл шаралар көріліп, оның қорытындысы жайында аудан әкімінің орынбасары Н.Сапаров пен ауылдық округ әкімінің міндетін атқарушы Н.Мархабаевтан жауап хаттар келді. Онда былай делінген: «…Қызылқұм ауылдық округі, Қызылқұм елді мекенінде ауыз су торабы және су құбырлары жүйелері 1980 жылы пайдалануға берілген. (Ұзақ жылдар бойына жөндеу жұмыстары жүргізілмеген). 2011 жылы Қызылқұм елді мекенінде істен шыққан ауыз су құбырлары жүйелері ауыстырылып, іске қосылған.

Қызылқұм елді мекенін толық орталықтандырылған құбыр жүйесімен қамту мақсатында 2018 жылы аудандық бюджеттен қаржы бөлініп, Қызылқұм елді мекені ауыз су торабы құрылысының жұмыс жобасы әзірленді. Бүгінгі күнге сараптама қорытындысын алу үшін мемлекеттік сатып алу жарияланып, оның қорытындысы негізінде әзірленген жоба «СЭП» ЖШС-на тапсырылды. Жобада су көзі ретінде тереңдігі 1000 метрден астам ұңғыманы пайдалану, ауыз су беру торабының құрылысы көзделген. Осы жобаға сәйкес Қызылқұм ауылы толығымен орталықтандырылған құбыр суымен қамтылатын болады.

 Сонымен қатар ағын су қашыртқыларын тазалау жұмыстары мен тік дренажды ұңғымаларды қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізу үшін мемлекет тарапынан ирригациялық дренаж жүйелерін жетілдіру жобасы (ИДЖЖ-2) бағдарламасы қолға алынып, жұмыстар жүргізілуде.

 Бүгінгі таңға осы жоба аясында Қызылқұм ауылындағы 5532 гектар суармалы жерлер мен елді-мекен аумағындағы жер асты суларының қалыпты деңгейде болуын қамтамасыз ететін 267,3 шақырымдық ағын су қашыртқыларын қайта қалпына келтіру үшін 2021 жылға 2 млрд 750 млн.теңге «Халықаралық қайта құру және даму» банкісінің несие қаржысымен атқарылатын болады. Сонымен бірге елді-мекен және суармалы жерлердің жер асты суларының қалыпты деңгейде болуын қамтамасыз ететін 31 дана тік дренажды ұңғымалардың құрылыстарына «Ислам даму» банкісі  несие қаржысы арқылы 5,9 млрд. теңге салынады деп күтілуде.

 Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы министрлігі су ресурстары комитетінің «Казсушар» РМК мекемесі тарапынан Қызылқұм, Сүткент елді мекендерінің жер асты суларының қалыпты деңгейде болуын қамтамасыз ету үшін жалпы ұзындығы 19,3 шақырымды құрайтын «Батыс» ағын су қашыртқы құрылысын салу жұмыстары қолға алынған. Бүгінгі таңға осы құрылыстың техникалық-экономикалық жобасы (ТЭН) жасалуда. Ол да өз кезегінде аталған елді мекендердің жер асты суларының қалыпты деңгейден жоғары болмауына өз әсерін тигізетін болады».

 Жауап хатқа назар салсаңыз, жақын болашақта Қызылқұм ауылында көп жұмыстар атқарылғалы жатыр екен. Әрине, жоғарыда айтылған жобалардың барлығы да уақтылы, әрі сапалы іске асырылар болса, қызылқұмдықтардың аудан басшыларына алғыстан басқа айтарлары болмас еді. Ендеше, іске сәт дейміз.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *