Оқшау ой

Директордың құқын қауымдастық қорғай алады ма?

Осыдан 6-7 жыл бұрын Шардара ауданында білім бөлімінің басшысы алты бірдей мектеп директорларын қызметтен «қуып» жібере салды. «Өгізге туған күн бұзауға да туады» демекші, «заврайононың «қарқынынан» қорыққан өзге директорлар қорғану үшін ұйымдасуға мәжбүр болып, заң орындарына шағымданған болатын. Нәтижесінде бөлім басшысының өзі атынан ауып қалғаны ел есінде. Артынша жұмыстан босап қалған басшылар бұрынғы орындарына қайта оралған болатын.

Біз мұны не үшін еске алып отырмыз? Себебі, мұндай жағдайлар аудан-қалаларда әлі де кездесетіні байқалады. Басқаша айтқанда, директор деген аты болғанымен өз құқын қорғай алмайтындары аз емес. Ал мұндай кезде олар шардаралық директорлардың ерлігін қайталай алады ма? Бұл сауалға нақты жауап табу қиын. Ал өз басын қорғай алмаған директор қарамағындағы қызметкерлердің құқын қайтып қорғамақ?

 Жуырда Жетісай ауданында өгей шешеден қорлық көрген үш қызға қатысты ақпарат әлеуметтік желіде желдей ескені белгілі. Осы оқиға бойынша да мектеп директорынан бастап ұжымдағы бірқатар лауазым иелеріне, мамандарға кінә артылды. Шындығында бұл масқаралықтың маскасын шешкен солар, яғни мектеп ұжымы. Енді келіп онысы өздеріне қамшы болып сілтеніп отыр. Осы тұста Шерхан Мұртазаның «Таспен жапалақты ұрсаң да жапалақ өледі, жапалақпен тасты ұрсаң да жапалақ өледі» деген сөзі еріксіз еске түседі екен.

Қорқақты қуа берсең батыр болады. Бұл тәмсіл де тегін айтылмаған. Әбден мезі болса керек, жуырда бізге мақталы аудандардың бірінен бірнеше директор хабарласып, өздерін қорғауды өздері қолға алмақ әрекеттері барын айтты. «Біз өзімізді өзіміз қорғамасақ, кім көрінгенге жем болып біттік, – деді есімін көрсетпеуді өтінген олардың бірі. – Кәсіподақ деген аты ғана. Ол жұмысшылардың құқын қорғай алмайды. Бізге қатысы жоқ жағдайға байланысты да сөгіс берер болса үнсіз көнуге тура келеді. «Жұмыстан шық» десе де табандылық таныта алмай, арызыңды жазып бересін. Қарсы пікір айтсаң шара одан да қатал болуы ғажап емес. Осындай олқылықтарды тоқтату үшін әрбір ауданда директорлар қауымдастығын құру керек деген ойға келдік. Ол заңды түрде тіркеліп, кәсіподақтан бөлек жұмыс істеуі тиіс. Қауымдастыққа тәжірибелі, беделді директордың бірін басшы етіп, жазықсыз жапа шеккендерге қорған болуы қажет. Әйтпесе бөріктіге жем, етектіге келеке болудың тоқтайтын түрі жоқ.

Артымызда сөзімізді сөйлейтін ұйым тұрса, біз де қарамағымыздағы жұмысшылардың сөзін еркін сөйлей алар едік. Қазір білім бөлімінде алқа деген бар, қандай да бір басшы ұнамай қалса сол алқаның талқысымен жұмыстан шығара салу оп-оңай».

 Ия, оқырман осындай бір тосын ой айтты. Бірақ ол қаншалықты мүмкін және тиімді болатыны белгісіз. Өз атын атаудан жасқанып отырғандардың қандай да бір қауымдастық құрамыз дегеніне сенгің де келмейді екен.

Сіздің пікіріңіз қандай, құрметті оқырман? Өзін өзі қорғай алмаған адамның құқын қауымдастық қорғайды дегенге сенесіз бе? C

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *