Қоғам Мәселе

Атакенттегі базар – ауру ошағына айналып жүрмегей

 Газетіміздің өткен нөмірлерінің бірінде «Көшесі — қоқыс, көше бойы — өлексе… Мақтаарал ауданындағы бұл жағдай ешкімді алаңдатпайды ма?» деген тақырыпта мақала жазғанбыз. Онда Мақтаарал ауданындағы үлкен елді мекендердің бірі — Атакенттің көшелеріндегі қоқыс жөнінде айтылған болатын. Содан бері де бір айдан асып барады. Осы уақытта іскер, ұйымдастырушылық қабілетке ие басшы болса аталмыш елді мекенді айнадай етіп тазалап қоюға болар еді. Бірақ, жағдай оңалудың орнына кері кеткені байқалады.

 18-19 сәуір күндері аталмыш ауданға іссапармен барғанымызда бір шаруалармен Атакенттегі орталық базарға бас сұқтық. Базардың айналасы қазақша оюмен көмкерілген шарбақпен жабылған. Сырт қарағанда керемет көрініс. Бірақ ол алдамшы екен. Шын мәнінде базардың «сырты бүтін, іші түтін» екеніне ішке енгенімізде куә болдық.

Базардың көше жақ бетінде үлкен арық бар. Су ағатын арықтың іші қоқысқа толып қалған. Ал сол қоқыстан бір-екі аттам жерде саудагерлер сап түзеп, тамақ ретінде тұтынатын азық-түліктерді беті ашық күйде сатып жатыр. Тіпті, ас атасы – нанның да беті бүркелмеген. Шаң-тозаңның арасында, үйілген қоқыстың жанында беті ашық күйде сатылуда. Мұндай антисанитария жағдайында сатылған тағамның адам ағзасына қаншалықты зиян екенін мамандар былай тұрсын екінің бірі емес, екінің екеуі де біледі. Бірақ, саудагерлер алаңсыз сата береді, тұтынушылар қорықпастан ала береді. Өзінің, өзіне жақын адамдардың қауіпсіздігін ойлайтын адам болса ол жерден ештеңе сатып алмас еді, сонда саудагер де қателігін түсініп, түзеуге тырысқан болар еді. Шындығында мұндай лас жер – аурудың, оның ішінде қауіпті жұқпалы аурулардың ошағы емес пе? Ендеше неліктен жергілікті құзырлы органдар бұл бассыздыққа шара көрмейді? Әлде әдеттегідей қайғылы бір оқиғаның орын алуын күтіп жүр ме? Бәлкім, бұл келеңсіздікті жоюға бармақ басты, көз қысты әрекеттер, жемқорлық дерті кедергісін келтіріп отыр ма екен?

 Қазір көктемнен жазға ауған мезгіл, яғни ендігіде күн бұдан да ысымаса суымасы анық. Алда шілденің шіліңгір ыстығы күтіп тұр. Оның үстіне Мақтаарал өңіріміздегі ең ыстық нүктелердің бірі екенін ескерсек, жағдайдың одан сайын күрделене түсері түсінікті. Айтылып отырған қоқыстар дер кезінде тазаланбаса ертең құрттауға, шіруге айналады. Ол кезде қауіп тағы еселенеді.

         Базар иесі өз аумағының тазалығына жауапты болуы керек. Ал жергілікті атқарушы билік оның орындалуын қадағалауы, талап етуі қажет. Бірақ, көпшілік әкімдер бүгінде «жеке кәсіпкердің шаруасына араласа алмаймыз» деген сылтауды себеп етуді әдетке айналдырып алғаны қашан. Дұрыс, жеке кәсіпкердің жұмыс істеуіне кедергі келтіруге болмайды. Өйткені, ол басты салық төлеушілердің бірі. Бірақ, тазалық мәселесіне келгенде бостық танытқан дұрыс емес. Бұл қоғамға қауіп төндіретін келеңсіздік. Елдің есінде болса керек, осыдан бірнеше жыл бұрын Шымкенттегі антисанитариялық жағдайда жұмыс істейтін орталық «Көл» базарын сол кездегі, һәм қазіргі облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев лезде-ақ қала сыртына шығарып, қоқыстың ордасы болып жататын оның орнын көпшілік тынығатын, серуендейтін керемет саябаққа айналдырды емес пе? Ө.Шөкеевке дейін мұндай батыл қадамға бару қанша әкімнің қолынан келмеген еді.

 Ал бүгінде Мақтаарал ауданындағы тиісті әкімдердің бір базарды ретке келтіріп, тазалық орнатуына не кедергі болып отыр? Жоғарыда айтылған жайтты ескерсек, базардағы тазалық, тәртіп мәселесін ретке келтіруге заң емес, жергілікті әкімдік, құзырлы органдардың тиісті деңгейде талап қоя алмайтын әлсіздігі қолбайлау болып отырған секілді. Қалай болғанда да бұл келеңсіздікті жоймайынша, қауіптің сейілмейтіні айдан анық. Ендеше, атқарушы билік өкілдері тарапынан нақты талап пен аздап батылдық қажет-ақ.    �@KA-

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *