Біле жүріңіз

Рамазан – күнәлар кешірілетін ай

Мейірімді, рахымды Аллаһтың атымен бастаймын! Барлық мақтау мен мадақ Әлемдердің Раббысы Алла Тағалаға болсын! Жыл бойы күткен қасиетті Рамазан айына жеткенімізге жаратқан Иемізге сансыз шүкірлік етеміз.

Рамазан – араб сөзі, түбірі «рамзау» – «өте ыстық» деген мағынаны білдіреді. Ғұламалар мұны: «Рамазан айында ораза ұстаған пенденің бойына біткен кішігірім күнә-кемшіліктері күйіп кетеді», – деп түсіндіреді. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) ораза туралы өз хадистерінің бірінде: «Кім Рамазан оразасын иман және сауап үмітімен ұстаса, оның өткен күнәлары кешіріледі»,– дейді. Сондықтан Рамазан айы күнәлар кешірілетін ай деп айтуымызға толық  негіз бар.

Рамазан — барша мұсылмандардың сағына күтетін қасиетті Құран Кәрім аяттары түсе бастаған мүбарак ай. Бұл ай барша адамзат баласына рахметті ала келеді. Осы айда бір айы бойы ораза тұту парыз етілді. Рамазан айының фазилаты жайында Құран аяттары мен пайғамбарымыз Мұхаммед саллаллаһу алайһи уассалламның хадистері бар.

              Құран Кәрімде: «Ей, иман келтіргендер! Сендерден бұрынғыларға парыз етілгендей тақуалыққа жетулерің үшін ораза ұстау сендерге де парыз етілді» делінсе, тағы бір аятта: «Сендердің араларыңда кімде кім рамазан айының туғанын көрсе, сол күні ораза ұстасын. Сырқат немесе жолаушыларға ораза айында ұстай аламаған күндерін басқа күндері ұстасын » (Бақара сүресі, 183-185 аяттар) делінген.

                       «Ораза» сөзінің мағынасы

Араб тілінде оразаны (әс-соум) деп атайды. «Ораза» сөзі тіл саласында «бір іс немесе сөзден тыйылу» деген ұғымды білдіреді. «Ораза» сөзінің шариғи мағынасына келер болсақ, ол: құлшылық ниетімен таң атқаннан күн батқанға дейін ішіп-жеуден және жыныстық қатынастан тыйылу.                                          

Оразаның негізгі шарттары:

а)  Әуелі рамазан айының оразасын тұтуға ниет етіледі; Ниеті: «Ниет еттім қасиетті Рамазан айында ораза тұтуға, Аллаһ тағала қабыл етсін, Әмин!» делінеді.

ә)  Таң сәресінен күн батқанша оразаны бұзатын нәрселерден сақтану.

Рамазан айының айырықша белгілері:

а) Рамазан айында тозақтың есігі жабылып, жәннаттың қақпалары ашылады;

ә) Бұл айда ораза ұстау – пенденің  өткен күнәларының кешірілуіне себепші болады;

б) Аллаһ тағала оразашының барлық ізгі ниеті мен тілегін қайтармайды. 

Оразаның пайдасы:

в) Ораза ұстаушы Құдайшыл болады. Яғни Аллаһ тағаланы таниды;

г) Өзін қиыншылықтарға төзуге және шыдамды болуға үйретеді;

д) Аш-жалаңаш жүрген бейшараның көрген күнін бірге тартады;

е) Өзіндегі шайтанның жолын тарылтады;

ж) Оразаның денсаулыққа пайдасы мол.

Оразаны не бұзбайды?

—  Ұмытып ішіп-жеу оразаны бұзбайды. Бірақ ұмытқан адам есіне түскен кезде жеуді дереу тоқтатуы керек;

— Ұйқыдан жүніп болып ояну;

— Әйелін сүю немесе денесіне қолын тигізуі. Мұндай жағдайларда егер мәни шықпаса, ораза бұзылмайды;

— Әйеліне қолын тигізбесе де оған қараудан немесе шәһуәтын қоздыратын жағдайларды ойлап мәни шықса;

— Түнде жүніп болып, ғұсыл алуды сәресі уақытынан кейінге қалдыру;

— Аузына келген қақырықты жұту;

— Түкірік немесе мұрынды тарту арқылы бір нәрсенің тамаққа кетуі;

— Құлаққа су кіру, бұлық ағу;

— Темекі түтіні немесе топырақ, шаң, ұнның тозаңы, қардың ұшқыны, жауынның тамшылары тамаққа еріксіз кірсе, ораза бұзылмайды;

— Тістердің арасында қалған тамақ қалдықтары ноқаттан кішкене болса, оны жұту оразаны бұзбайды;

— Еріксіз ауыз толы құсу немесе оның ішке қайта кетуі оразаны бұзбайды;

— Қан алдыру немесе сүлік салдыру;

— Көзге, құлаққа дәрі тамызу;

— Мисуак немесе тіс пастасын қолдану оразаны бұзбайды. Бірақ пастасы ішке кетіп қалса бұзылады. Ең абзалы таң намазы кірмей тұрып тістерді жуу;

— Тіс жұлдыру оразаға кедергі жасамайды. Бірақ жұлдырған уақытта ауыздағы қанды яки дәріні жұтпау шарт;

— Ауыз бен мұрынға су алып шайқау оразаны бұзбайды. Бірақ тамаққа кетпеуін қадағалау қажет;

— Душқа жуыну, теңізге, көлге түсу оразаны бұзбайды. Бірақ су жұтып қоюдан сақтануы керек.

         Ескерту: Білмей тамақ жеп қойған болса, оның оразасы ашылып кетпейді, яғни оразасын одан әрі жалғастырып тұта береді. Хадисте: «Кім де кім ораза екенін білместен ішіп-жеп қойса, Аллаһ оның тамақтандырған болады» делінген.

Оразаны не бұзады?

  • Әдейі бір нәрсені жеп-ішу;
  • Темекі шегу, насыбай ату, дәрі ішу, құрамында нәрлі заттары бар укол қабылдау;
  • Аузындағы жаңбыр тамшыларын әдейі жұту; Бұл жайлы мына хадисте айтылған: «Ораза кірген нәрселерден ғана бұзылады, шыққаннан емес».
  • Әйелімен жақындасу (яғни, таң намазынан ақшам намазына дейін жақындасу оразаны бұзады);
  • Cебепсіз қорек немесе қоректік қасиеті бар барлық заттарды біле тұра әдейілеп жеу оразаны бұзады;

Мұндай жағдайларда каффарат оразасын ұстау қажет.

(Каффарат деп – рамазан айының оразасын себепсізден-себепсіз біле тұра бұзып жіберсе, екі ай ораза ұстауды, оған шамасы келмесе алпыс кедейді тамақтандырып, тойғызуды айтады).

Оразаны кімдерге ұстамауға рұқсат

  • Жолаушылық;

(сапарда ауыз бекітпеуге болады, бірақ басқа күндерде санын толтырып ораза ұстайды).

  • Жүктілік пен бала емізу;

(егер денсаулығы мен баласына зиян келуден қорықса ораза ұстамай кейін қазасын өтесе болады).

  • Ауру-сырқау;

(сенімді дәрігер ораза денсаулығына зиян тигізетінін жан-жақты анықтап барып айтса, жазылған соң ұстауға болады).

  • Кәрілік;

(қартайып оразаны денсаулығы көтермейтін кісілер бір кедейдің таңғы және кешкі асын беріп тойдырады. Оған шамасы келмесе тәубе етеді).

Әйел кісілерге байланысты  тәртіптер:

а)  Әйел кісіге етеккірден тазарып болмай ораза тұтуына болмайды. Өткен күндерін Рамазан айы өткеннен соң өтеп береді.

ә) Аяғы ауыр немесе емізулі баласы бар әйел, егер өзіне немесе баласына зиян келер деп қорықса аузын ашуға хақылы. Бірақ кейін мезгілін тауып ұстайды. Олар оразаның орнына аш адамды тойдырудан азат етілген.

          Қадірлі ағайын! Қасиетті Рамазан айы құтты болсын! Ұстаған оразаларыңыз, дұға-тілектеріңіз қабыл болғай! Рамазан айында жасаған игі істеріңіз сауаптан жазылып, Алла тағала елімізге, жерімізге берекесін, мол ризығын жаудырғай! Мұратымыз асыл, дұғамыз қабыл болсын! �����������������������������������������������������������������������������������������������������������������������������������������������������������������������������������������������

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *