Өмірдің өзі

Садықов серке көтеруден рекорд жасады

Жақында Алматы қаласында Ұлттық ат спорты түрлерінен жастар арасында тұңғыш Азия Чемпионаты жалауын көтерген болатын. Біріншілік барысында ат әбзелдерін жасайтын шебер Айдос Садықов есімді атпал азамат чемпионатқа қатысқан спортшылар арасында серке көтеруден жарыс ұйымдастырды.

 Онға жуық елдің азаматтары қатысқан сайыста жерлесіміз Акбар Елубайұлы 33 келі тартатын серкені 2019 рет көтеріп, бас жүлдені иеленді. Сондай-ақ, Қазақстанның Рекордтар кітабына (КИнЭС) еніп, арнайы сертифкат иеленді. Осылайша созақтық азамат жалпы қазақтың абыройын бір көтеріп тастады.

 Сайыс туралы Акбар Елубайұлы былай дейді: «Бұл бір ерекше сайыс болды. Той-жиындарда, мерекелерде қошқар көтеріп жүретінмін. Бұл жолғы сайысқа монғол, қырғыз, өзбек сынды елдің палуандары қатысты. Өзім ғана емес, тұтас ұлттың атынан шыққан соң барымды салып, жеңіп шығуға тырыстым. Әуелде 1700 мәрте көтерген монғол палуанынан асып жығылсам мәртебе деп ойлағанмын. Кейін «биыл 2019 жыл ғой, сондықтан 2019 рет көтеремін» деген мақсат қойып, сол үдеден шықтым».

 «Одан да көп көтеруге күш-қуатың қалып па еді» деген сауалымызға: «Әрине, күш-қуатым бар болатын. Бірақ, биылғы жылға байланысты 2019 рет көтеру креативті көрінбей ме?! Сондықтан, осы санға тоқтадым», – дейді созақтық палуан.

Иә, Қазақстанның рекордтар кітабына енген Акбар Елубайұлы — еліміз үшін таныс есім. Тұтас оңтүстік өңірі бұл жігітті мақтан тұтады. Акбар жарысқа шықса теріскейліктер тайлы-тұяғымен тақымын қысады. Себебі, елден асқан өнері, мыңды састырған машығы бар. Тіл-көзіміз тасқа, оның бір басына Жаратушы бұла күшті аямай берген. Күрессе, белдескенді атып ұрады. Атқа мінсе, қарсыластың мысын басып тұратын көкпаршы. Айтулы додаларда серкені өңгеріп, талай салым салған. Тақымы тас. Сосын, қазақы тойдың сәнін келтіретін қошқар көтеруден алдына жан салмайды. Екі жылда отыз қошқарды өңгеріпті. Еріксіз таңдай қағасың.

 «Алып — анадан туады», Акбардай палуанды тоғыз ай көтерген анасы Ғалия да ұдайы кенжесінің тілеуін тілеп отырған аяулы жан. Әкесі Елубай баласы додаға түссе тақымын қысып, қашан да жанынан табылады. Қос ағасы Нұрғали мен Ерғали да бауырының бабын тауып, білген ақыл-кеңесін аямайды. Қашанда қарапайымдылығынан танбайтын Акбар «Мұның бәрі әуелі Алланың, сосын жанашыр әке-шеше, бауырларымның арқасы. Әрине, «халық айтса, қалып айтпайды», жігіттің жақсы болуы нағашыдан», – деп отырады.

Иә, Акбар Елубайұлы — бағы мен бабы, тәрбиесі келіскен білекті де, жүректі жігіт. 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *