Әлеумет

Таупістелідегі тағылымы мол басқосу

 Өткен жұмада Түлкібас ауданы, Пістелі ауылында «Таупістелі тағылымы» халықаралық басқосуы өтті. Бұл жолғы жиын – «Шерхан мен Насыр бауында» тақырыбында болды. Бұл жолғы деуімізге себеп, аталған жиын алғаш рет осыдан 3 жыл бұрын «Түркі тілдес, түгел бол» тақырыбында өткен болатын. Сол жылы киелі Оңтүстік топырағында көзді ашып, көкіректі оятар көркем әдебиетті насихаттауда, желкілдеп өсіп келе жатқан жас жеткіншектерді білімді һәм ұлтжанды етіп тәрбиелеуге зор септігін тигізген «Таупістелі тағылымын» әрбір 3 жыл сайын дәстүрлі түрде өткізу туралы келісілген еді.

 «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Түлкібас ауданы әкімдігі мен «Мархабат-Мирас» қоғамдық қорының ұйытқы болуымен, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, жазушы Мархабат Байғұттың идеясымен өткен бұл кездесуге оның бір топ әріптестері сонау Нұр-Сұлтан, Алматы, Тараздан ғана емес, көрші Өзбекстан, Қырғызстан, Түркиядан да арнайы келді. Құтты мекенге жан-жақтан келген қонақтар таңертең Ұлы Жібек жолының бойындағы Тұрар Рысқұловтай қайраткер тұлғаға қойылған ескерткішке гүл шоқтарын қойып, сапарды әрмен қарай жалғастырды. Келесі бағыт – Түркібасы әулие кесенесі. Түркі жұрты үшін маңызы зор бұл төбеге аялдаған қонақтар құран оқып, Тәңірінің асы – таңғы дәмнен ауыз тиді.

 Бағдарлама көркі – Таупістеліде қызды.  Көк масаты кілем үстінде қоныс тепкен Пістелінің қонақжай жұрты меймандарды зор құрметпен қарсы алды. Олар жазушы Мархабат ағаның шаңырағында балдай тәтті қымыздан ішіп, Шерхан мен Насыр бауының тарихына қанды. Бұл бауға ширек ғасырдан астам уақыт бұрын заңғар жазушы Насыр Фазыл мен Шерхан Мұртаза тал отырғызыпты. Қос тұлғаның еккен талдары құт болып дарып, бау жайқалып өскен. Жылдан-жылға аумағы кеңейіп, жемісімен қуантқан. Қып-қызыл болып уылжып піскен алманы жегендер оның дәмін көпке дейін ұмытпайды. 

Табиғат аясында Насыр Фазылдың 90 жылдығына және Шерхан Мұртазаның рухына арналған жиында ұрпақтар сабақтастығы орнап, аға буын өкілдері бұл өмірден көрген-білгендерін, түйген ойларын жас буын өкілдерімен бөлісті. Жастар жағы ағаларын құлақ қойып тыңдап, арнау өлеңдерін оқып берді. Басқосуда облыс әкімінің орынбасары Мәлік Отарбаев мақамы бөлек жазушының туған жеріне алыстан ат арытып келген қонақтарға алғыс білдірді. Сонымен қатар, ол бұл басқосуға себепкер болған талантты жазушы, қалың қазақтың қабырғасын қайыстырып, о дүниеге аттанып кеткен марқұм Шерхан Мұртаза туралы ой қозғай келіп, әдебиетсүйер қауымға жағымды жаңалық жеткізді.

 – Биыл ұлтжанды мемлекет қайраткері болған, түркі дүниесінің біртұтастығын қалаған атпал азамат – Тұрар Рысқұловтың 125 жылдығы. Тұрар Рысқұлов туралы ең үлкен шығарманы жазған, «Қызыл жебесі» арқылы ескерткіш қойған – Шерхан Мұртаза еді. Биыл біз «Қызыл жебе» роман-эпопеясын түрік тіліне аудартып отырмыз. Және түрік тілінде Түркияда жарық көреді деп жоспарлап отырмыз, — деді облыс әкімінің орынбасары. Осы бір игі іс арқылы Түркістан жұрты қазақ жұртын Сталиндік нәубеттен құтқаруға барынша тырысқан, елінің мүддесі мен амандығы үшін жанын беруге барған Тұрар Рысқұловтай тұлғаны Түркия еліне танытуды қолға алмақ.  Мәлік Отарбаев мұндай жиындар дәстүрлі түрде өтіп тұру керектігін айтты. Бұл жұрт санасын дүр сілкіндіріп, рухани жаңғыруға жетелейтіні анық.  

 Жиын барысында аудан руханиятының кемелденуіне аянбай үлес қосып жатқан іскер әкім Нұрбол Тұрашбеков: – Кемеңгер жазушы Шерхан Мұртаза «Түлкібасы – тұлпарлар туған жер, сұңқарлар қонған жер» деп суреттеген Түлкібас жері – қазақтың мақтанышына айналған көптеген тұлғалар туып-өскен қасиетті мекен. Осындай киелі мекенде қанат қағып, білім қуып, жазушылық пен журналистиканы қатар алып жүрген азаматтың бірі Мархабат Байғұт! Оның шығармалары қазақ әдебиетінің дамуына сүбелі үлес қосып, мазмұны терең, тағылымы мол болғандықтан қалың оқырманның жүрегіне жол тауып, рухын шыңдап, әдебиет сүйер қауымның көзайымына айналған. Ағамыздың мұрындық болуының арқасында құрылған «Мархабат-Мирас» қоры қаншама талантты жастарды қолдау мақсатында түрлі жобаларды жүзеге асырды. Соның бірі – «Таупістелі тағылымы». Мінекей, бүгінгі басқосудың мақсаты – халық арасында көркем әдебиетті насихаттау, болашақ жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу, оларды кітап әлеміне шақыру арқылы ой-өрістерін кеңейту, дамыту, дарынды жастардың шығармашылығына қолдау көрсету болып табылады. «Бұлақ көрсең көзін аш» дегендей, «Мархабат-Мирас» қорының ұйытқы болуымен өтіп жатқан әрбір жоба, әрбір жиын ойы орамды, сөзі өткір талай қаламгердің, жас буынның қанатын кең жаюына сөзсіз жәрдем етеді, — деп, жиналған қауымға шығармашылық табыс тілеп, жүрекжарды лебізін білдірді.

 Басқосуда өзбек ағайындар жиын басында жүрген Мархабат Байғұтқа рахметтерін жаудырды. Себебі, биыл Өзбекстанда «Қазақстан мәдениеті жылы» жарияланған. Және биыл қазақ пен өзбек жұртына ортақ жазушы Насыр Фазыловтың туғанына 90 жыл толды. Өмірден үйлесім іздеп жүретін Махаң қос оқиғаны тамаша ұштастыра білді. Өзбек жазушысының рухына құрмет көрсетілген «Таупістелі тағылымында» Өзбекстан Жазушылар Одағының мүшесі, жазушы-аудармашы Мехманқұл Сыбанқұлов:

 – Бауырлас қазақ халқының ақын-жазушыларын өзбек оқырмандарына таныстыру мақсатымен Мархабат Байғұттың шығармаларын аудардым. Оның ішінде Махаңның «Әкімнің әйелі» әңгімесін өзбек оқырмандары жылы қабылдады. Әкімнен бастап оның әйелдеріне дейін оқып шықты. Мені естерінде сақтап алды (әзілдеп — автор). Сосын әңгіме авторын іздестірді. Ташкенттен Махаңды таппаған соң, әңгімені аударған автор ретінде маған сый-сияпат көрсетушілер аз болмады. Әдебиет деген осы емес пе! Туысқан екі елдің бір-бірінен мәңгілікке іргесін ажыратпауына негіз болатын осындай дүниелер көп болса екен, — деп қазақ жұртына алғыс айтып, Сәтпай Қасымбек басқаратын «Мархабат-Мирас» қорына Абай шығармаларының өзбек тіліне аударылған жинағы мен «Өзбек-қазақ байланыстары туралы» кітапты сыйға тартты. 

 Ал, түркиялық жазушы-аудармашы Асыл Шемгун қызғалдақтардың түп-тамыры Түлкібас ауданында халықаралық форум өтіп жатқанына қуанышты екенін айта келіп: 

 – Түркістан жайлы ең алғаш мектепте оқып жүргенде білдім. Мұғаліміміз: «Біздің атамекеніміз қай жер?» дегенде біз өзіміздің туған жерлерімізді айттық. Бірақ, мұғаліміз: «Жоқ, біздің атамекеніміз – Түркістан. Ол Қазақстанда. Түркістан топырағында Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың сүйегі жатыр» деді. Содан бері мен Түркістанды көруге құштар болдым. Жұрттар: «Айдан қарағанда Ұлы Қытай қорғаны көрінеді» дегендей әңгімелер айтады. Мен көктен қарағанда Түркістан өңірінің қызғалдағын кескіндейтін мұнара салынса деп армандаймын. Түркі жұрты бір ауыздан жұмыла білсек, бұл істі жүзеге асырамыз. Қызғалдақ – татулықтың, бірліктің, бейбітшіліктің белгісі болар еді,  — деді. Ол «Мархабат-Мирас» қоры бейбітшілікті дәріптеуде зор жұмыс атқарып жатқынын айтты.    

 Ал, Несіпбек Дәутайұлы, Нармахан Бегалы, Есенғали Раушанов сынды қарымды қаламгерлер жастарға тәлім мен тәрбиесі мол әпсаналар айтып, сана-сезімдеріне сәуле жүгіртті. Басқосу соңында олар жастарға жолашар бата беріп, ақ жол тіледі.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *